Алаңсыз бала ата-анаға сенеді

Алаңсыз бала ата-анаға сенеді

Алаңсыз бала ата-анаға сенеді
ашық дереккөзі
Бүлдіршіндердің шат-шадыман күлкісі ата-аналардың жүрегін риясыз мейірімге толтырады. Әр баланың бақытты өмірі үшін олардың балалық шағын қайғы-мұңсыз, көңілді және қызықты өткізу ата-аналардың борышы. Әсіресе, жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін сақтау – басты міндет. Жазғы демалыс басталысымен балалар мектептен, балабақшадан уақытша қол үзіп, ересектердің назарынан тыс қалып жатады. Осындай сәттерде балдырғандардың жазатайым жағдайларға ұшырауы жиілейді.

5 айда 17 бала суға кетті

Жазғы демалыс кезінде балалардың көпшілігі ата-аналарының қарауынсыз қалатыны жасырын емес.  Өйткені көптеген ата-ана балаларының демалысын жүйелі ұйымдастырып, бақылай алмайды. Сондықтан да, жазғы демалыс уақытындағы балалардың қауіпсіздік мәселесі өте өзекті.  Әсіресе, суға түсу маусымы басталысымен, қайғылы оқиғалар жиілей түседі. Дәл осы маусымда суға кету салдарынан көптеген адамның опат болатыны белгілі. Ең өкініштісі, олардың қатарында балалар саны көп. Статистикалық деректерге жүгінсек, өткен жылғы суға шомылу маусымында еліміздің су айдындарында 457 адам, оның ішінде 156 бала қайтыс болған. Ал 2017 жылдың алғашқы жарты жылдығында 66 адам суға кетті, оның 34-і балалар. Негізінен суға шомылу маусымы кезеңінде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында суда жаппай демалу орындарында патрульдеу және профилактикалық жұмыстар, рейдтер жүргізіледі. Су айдындарының қауіпті аймақтарында арнайы тыйым салынған белгілер орнатылады. Соның өзінде де, балалар көпшіліктің көз алдында-ақ суға кетіп жатады. Мәселен, маусым айының алғашқы күнінде Ақтөбеде үш бірдей бала суға батып, қайтыс болды. Қаланың қақ ортасынан ағып өтетін Сазды өзеніне үш жасөспірім көпшіліктің көз алдында батып кеткен. Жаздың алғашқы күндерінен-ақ суға кету оқиғалары еліміздің барлық өңірлерінде тіркелуде. Мамандардың сөзінше, суға кету оқиғасы көбінесе Астана қаласы мен Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда облыстарында жиі орын алады. Жамбыл облысындағы Көгершін ауылында 2004 жылы дүниеге келген екі жеткіншек өзенге құлап, қайтыс болды. Балалардың денесін судан жергілікті тұрғындар алып шыққан. Маусым айының ортасында Ақмола облысында да 13 жастағы 3 бала өзенге суға түспек болған. Олардың екеуі суға батып өлсе, үшіншісін куәгерлер құтқарып қалды. Ал Қызылорда облысында суға шомылу маусымы басталмай жатып-ақ, су айдындарында 5 адам суға кеткен. Алматы облысында да мамыр айында бір күнде 5 бала суға кетіп, ажал құшты. 2012, 2014 және 2015 жылғы балалар Талас ауылы маңындағы қыстақ аумағында ойнап жүрген. Балалар су құбыры жанынан қазылған шұңқырдағы суға құлап кеткен. Қайғылы жағдай балалардың үйінен 300 метрдей  жерде орын алған. Ал тағы бір оқиға Ескелді ауданының Теректі ауылы маңында тіркелді. Ол жерде екі  қыз тілсіз жаудың құрбаны болды. Куәгерлердің айтуынша, қыздар  саңырауқұлақ теруге кетіп, үйлеріне оралмаған. Анықталғандай, ауыл тұрғыны өзінің екі қызы және көршінің бір қызын алып, саңырауқұлақ теруге шыққан. Көп ұзамай келіншек өзінің кішкентай қызын алып, үйіне қайтып кеткен. Кешке қарай көршінің қызымен қалған баласы үйге оралмағаннан кейін, іздеуге кіріскен. Ізім-қайым жоғалғандарды 100-ден астам адам іздеді. Өкінішке қарай, 11 және 13 жастағы балалардың денесі келесі күні, яғни 9 мамырда Теректі өзенінен табылды. Адамдардың қайғылы жағдайларға ұшырауының басты себебі – су айдындарында қарапайым қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қарауынан. Ата-аналардың балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдыруынан олардың суға кетуі өте өзекті мәселе болып отыр. Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарды балаларын су арналарына жақын жерлерде қараусыз қалдырмауға шақырады. Бірақ бұған ата-аналардың барлығы бірдей назар сала бермейтіндігі өкінішті-ақ. Мамандар балалардың тек үлкендер бақылауымен ғана шомылуы қажет екендігін айтады.

Қызыл жалыннан келер қауіп көп

Жазғы демалыс кезінде балаларын демалысқа жөнелтетін ата-аналардың көпшілігі лагерьлерді таңдайды. Бірақ мұндай демалыс орындарында балалардың қауіпсіздігі қаншалықты қамтамасыз етіледі? Бұл жағы көпке мәлім емес. Балалар лагерьлерінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар өткізіліп отыратыны рас. Балалар лагерьлері үшін үлкен қауіп тудыратын апат – қызыл жалын. Өйткені лагерьлердің көпшілігі табиғат аясында орналасқан. Сондықтан, мұндай демалыс аумақтарында өрт қауіпсіздігінің сақталуы маңызды. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы өрт қауіпсіздігін сақтау жауапкершілігі демалысты ұйымдастырушылар мен тәрбиешілерге жүктеледі. Сонымен қатар, балалардың жазғы демалыс ғимараттарында бірқатар қауіпсіздік ережелері сақталуы шарт. Мәселен, ғимараттардағы шығу есігі екіден кем болмауы, көшіру сызбасы жеткілікті және көрнекті жерде ілінуі қажет. Сонымен қатар, балалар демалатын ғимараттар бір қабатты болғаны абзал. Балалардың демалу және сауықтыру орталықтарын алғашқы өрт сөндіру құралдарымен, өртке қарсы қызмет органдарының телефон байланыстарымен қамтамасыз етіп, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылуы тиіс. Жалпы, жаз мезгілі өрттің көбейер уақыты. Сондықтан, бұл маусымда балалардың өрт қауіпсіздігі ережелерін жадынан шығармағандары абзал. Қызыл жалынның салдарынан үстіміздегі жылдың алғашқы бес айында Алматы облысы аумағында 477 өрт тіркеліп, 14 адам қаза болды. Оның ішінде екеуі балалар. Деректерге жүгінсек, жаз маусымында балалардың отпен ойнауынан шығатын өрттер көп. Көбінесе балалар сіріңкемен ойнайды, алау жағады, пәтерлерге, шатырларға, аулаларда жиналған шөптерге от қояды. Сол себепті де, балаларға міндетті түрде өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін және өрт болған жағдайда өзін қалай ұстау керектігін түсіндіру қажет. Кішкентай балалар көбінесе үйде жалғыз қалғанда қызыл жалынның құрсауында қалады. Бүлдіршіндер пәтерде жалғыз қалғанда, үлкендер секілді сіріңкені алып, қағаз жағуы, электр қыздырғыштарын тоққа қосуы әбден мүмкін.  Балалар үшін от қауіпсіз және қызықты нәрсе болып көрінеді. Және дәл осы жағдай қауіп-қатерге, апатқа алып келеді. Балаларын пәтерде жалғыз қалдырған ата-аналар сіріңкені, оттың шығуына себеп болатын заттарды оңай жерлерге қалдырмауы тиіс. Тіпті, ата-аналардың барлығы бірдей балаларына сақ болуды, өрттен қорғануды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды үйрете бермейді. Осыдан 10 күндей уақыт бұрын Жамбыл облысының Ерназар ауылында екі жасар қыз көлік ішінде өртеніп кеткен болатын. Мәліметтер бойынша, 2 жастағы қыз бала ауладағы «ВАЗ-2105» маркалы көлігінің ішінде сіріңкемен ойнап отырған. Өрттің шығуына да сол себеп болған. Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, 2015 жылы туған қыз баланың денесінің 90 пайызы күйіп, ауруханаға жеткізілген. Бірақ дәрігерлер бүлдіршінді аман алып қала алмады. Дәл осындай жағдай бір жыл бұрын Алматы облысының Талғар ауданында да тіркелген еді. Көлікке өз бетімен мінген үш жасар екі бала сіріңкемен ойнап отырып, абайсызда өрт шыққан. Өкінішке қарай, көлік ішіндегі екі бала да тірідей жанып кетті.

Жазда жарақаттанатындар жиілейді

Соңғы уақыттарда балалармен байланысты жазатайым оқиғалар жиі тіркелетін болған. Бұны ата-аналардың жауапсыздығынан көреміз бе? Әлде балалардың бейқамсыздығынан ба? Әрине, ойын баласы айналасында не болып жатқанын да, өзіне қандай қауіп төніп тұрғанын да біле қоймас. Алайда ата-аналар балаларына кез келген қауіптің алдын алуға, өз өмірі мен денсаулығына жауапты қарауға ерте жастан бастап үйретуі қажет. Деректер соңғы он жыл ішінде жарақат пен басқа бақытсыз оқиғалардан инфекциялық ауруларға қарағанда балалар көбірек қайтыс болатындығын көрсетуде. Бүгінде жарақаттар – балалар мүгедектігінің негізгі себептерінің бірі. Ақ халаттылар көбіне қайғылы жағдайға балаларын қараусыз қалдыратын ата-аналар кінәлі екенін айтады. Дәрігерлердің айтуынша, балалар жарақаты жыл мезгілдеріне қарай түрліше болады. Қыста күйік шалу және тұрмыстық жарақаттар, жазда спорттық және көше жарақаттары, жол көлік оқиғаларынан зардап шегушілер көбейеді. Жазғы демалыс уақытында ересектердің қарауынсыз қалған балалардың жарақат алуы артады. Балалар үшін ең қауіпті жарақат – биіктіктен құлау. Аулалардағы әткеншектерден, көп қабатты үйлердің терезелерінен құлап кеткен балалардың арасында тіпті өмірмен қоштасқандары да бар. Статистикалық деректерге иек артсақ, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында балалардың биіктіктен құлауының 63 жағдайы тіркеліпті. Осының салдарынан 31 бала түрлі жарақаттармен ауруханаға түскен. Маусым айының басында Павлодар қаласында сәбидің терезеден құлап кетуінің кезекті оқиғасы тіркелді. Көпқабатты үйдің 11-қабатынан құлаған бір жарым жастағы сәби оқиға орнында шетінеп кетті. Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға кезінде баланың ата-анасы үйде болған. Ал мамыр айының соңында Қарағандыда 6-қабатта орналасқан пәтердің терезесінен төрт жастағы сәби абайсызда құлап кетті. Бала алған жарақатының әсерінен аурухана төсегінде көз жұмды. Осы уақытта Теміртау қаласында да 2013 жылы туған бала терезе торына сүйенемін деп, төменге құлап кеткен. Былтыр бір ғана Қарағанды өңірінде балалардың абайсызда терезеден құлап кетуіне байланысты 15 оқиға тіркелген. Олардың 13-і ауруханаға жеткізіліп аман қалса, екеуі қаза болды. Ал Астана қаласында өткен жылы 16 бала терезенің торына сүйенемін деп, абайсызда құлап кеткен.  Жыл сайын көптеген балалар биіктіктен құлау арқылы көз жұмады. Терезеден құлау әсіресе қалалы жерлерде балалар жарақаты мен өлімінің негізгі себептерінің бірі болып отыр. Көп жағдайда жазатайым оқиғалар шыбын-шіркейден қорғайтын торларға байланысты орын алады. Олар балаларды құлаудан қорғай алмайды. Сондықтан, балалардың қауіпсіздігін сақтау үшін және қайғылы оқиғаларды болдырмас үшін терезеге бала өздігінен аша алмайтын бұғаттауыштар орнату қажет. Бұдан басқа жиһаздарды да терезеден алысырақ қойған абзал. Балалардың қауіпсіздігін сақтау – ересектердің басты міндеті. Бүлдіршіндер табиғатынан сенгіш және алаңғасар болады. Сондықтан, балаға қарапайым тәртіп ережелерін үйретсе, оларды есіне сақтап, қажетті кезде қолдануы ықтимал. Қазір елімізде балаларға қатысты жазатайым оқиғалар жиі орын алады. Мұның барлығы балалардың қараусыз қалатындығының әсерінен. Сондықтан, психологтар балаларды үнемі бақылап отыруға немесе оларды педагогтардың, тәрбиешілердің қарауына тапсыруға, үйірмелер мен секцияларға беруге кеңес береді. Балаларды әркез бақылап отыру қажеттігі айтпаса да түсінікті. Өйткені жазатайым жағдайлар айтып келмейді. Елдің ертеңі, болашағы бүгінгі балдырғандарымыздың қолында. Сондықтан, балалардың қауіпсіздігі ата-ана үшін де, тәрбиеші мен ұстаз үшін де, күллі қоғам мүшелері үшін де әр кез басты назарда болуы тиіс.