1206
Көшпенділер рухы асқақтаған Алатау
Көшпенділер рухы асқақтаған Алатау
Алатаудың баурайы екі күн бойы думанды мерекенің ордасына айналды. «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде өткен «Ұлы дала рухы» этномәдени фестиваліне әлемнің онға жуық елінен түркітілдес бауырлар келіп, бір сәт көшпенділер өмірін көз алдымызға әкелді. Осымен екінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық фестивальді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен бірқатар өнер және мәдениет қайраткерлері тамашалады.
Ашық аспан астында өткен көшпенділер этномәдениетінің халықаралық этнофестивалі әуелі Әзірбайжан, Болгария, Венгрия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Словакия, АҚШ, Түркиядан келген қонақтардың сәлемдесу керуенінен басталды. Әр ел өзінің әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін, мәдениетін паш етіп, жиналған көпшіліктің ризашылығына бөленді. Ал бұдан соң ұлы даланы көшпенділердің рухқа толы әуені шарлағандай болды. Сыбызғы, сырнай, дауылпаз, керней сияқты аспаптарды ерекше нақышына келтіре орындаған өнерпаздарға деген халықтың қошеметі шексіз.
«Боралдай сақ қорғандары» археологиялық саябағын кәдімгі этноауыл дерсің. Тізілген 60 ақшаңқан үй мен түтіні будақтаған ошақтар. Киіз үйдің артында алтыбақан тепкен көңілді жастар. Әр үйде домбырамен құйқылжыта ән шырқалып жатыр. Қаланың у-шуынан шаршаған балалар да асыр салып мәз. Әдемі көрініс. Сол бір қазақы қалыптан айнымаған заманға қайта оралғандай әсерде болдық.
Бір тұста сахнада дәстүрлі әннен шашу шашылып жатса, бір жағында Мажарстаннан келген меймандар аттың құлағында ойнаған көшпенділердің өмірінен көрініс көрсетті. Жамбы ату, садақ ату түрлерінен шеберлігін паш еткен мажарлық бауырлар ұлы даланың рухын сезінгендіктерін айтып, ағынан жарылды. Мажарстаннан келген көшпенділер сарқыншағын бастап келген антрополог, «Мадияр-Тұран» қорының төрағасы Биро Андраш мырзаның айтуынша, қазақтың жазиралы кең даласы еркіндік пен бостандықтың символындай көрінеді екен. «Қазақстанға жиі келемін. Тіпті, жылына бір, екі рет ат басын бұрамын десем өтірік емес. Былтырдан бері Кейкі батырдың ДНҚ анализін жасау және оның бет бейнесін қалпына келтіру жұмыстарына бір кісідей атсалысқанымды айта кеткім келеді. Бұл менің – сүйікті ісім. Бұған дейін Торғайдағы мадияр руынан тараған қазақтар мен мажарлардың туыстығын да дәлелдеп, үлкен еңбек жаздым. Сондықтан Қазақстанға келсем ерекше қуаттанамын, күш аламын. Ұлы даладаның саф ауасымен кең тыныстап, шабыттанып қайтамын», – дейді ол. Сондай-ақ, Венгриядан келген өкіл Копачни Габор: «Бұл фестивальге қатысқаныма өте қуаныштымын, маған туыс халықтардың барлығы осында жүр, біз үлкен мерекеде бас қостық. Ең бастысы, ат спортының ежелгі тарихы, ортақ дәстүрі, ат спортының өркен жаюы қуантады», – деді ерекше тебіреніп.
Болгариядан келген өкілдер де өнерден құралақан емес. Жанды дауыста ән шырқаған болгарлық өнерпаздардың әуені көшпенділер рухымен астасып жатты. Бұл халық та басынан небір заманды өткергені белгілі. «Біз бұл фестивальде ертедегі Болгар әскерлерінің түрлі шайқастарда қолданатын садақтарын, қылыштарын, жігіттік өнерлерін және басқаларын көрсетудеміз. Қазақстанға алғаш келуіміз, өте әдемі ел екен, ең бастысы, сіздер өздеріңіздің ежелгі мәдениеттеріңіз бен дәстүрлеріңізді сақтап қалыпсыздар», – деді болгарлық батыр Явур Гынчев.
Көшпенділер этномәдениеті халықаралық фестивалінің жоғары деңгейде өткеніне ризашылығын білдірген Словакиядан келген садақшы Петер Мезей: «Қазақстан, қазақ халқы қатты ұнады. Бұдан былай жиі келіп тұрсам деген ойым бар. Көшпелі халықтардың рухы маздаған мереке өте жоғары деңгейде өтті. Осы шараны ұйымдастырушылардың арқасында енді біз Астанаға барып, ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалайтын боламыз», – деді.
Этноауылға келгендер кәсіби бүркітшілердің, шабандоздар мен көкпаршылардың, садақшылардың, батырлардың шеберліктеріне тәнті болып, ұлттық ойындарға қатысып, ұлттық ас мәзірінен дәм татты. «Ұлы дала рухы-2017» фестиваліне келгендердің барлығы қазақтардың және басқа да түркі халықтарының бай мұрасымен танысты. Айта кетерлігі, ұлы дала мейрамында қала әкімі Бауыржан Байбек те садақтан оқ атып, атқа мінді. Фестивальге келушілер екі күн ішінде көшпенділердің өміріне еніп, олардың ежелгі тұрмысымен, тарихи салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен танысып, қазақтардың көне тұрмыс-тіршілігінен хабардар болды. Ертедегі қолөнершілердің құпияларын біліп, шеберлік сабағын үйреніп, киізбен, терімен, күміспен, сазбен жұмыс істеудің көне технологиясын меңгерді.
Іс-шараның негізгі мақсаты да сол, өзіміздің қазақи салтымызды, әдет-ғұрпымызды насихаттау, таныстыру. Сол бағытымызды қайта жаңғырту. Осы тұрғыдан алғанда халықаралық фестиваль дегеніне жеткен сияқты. «Боралдай сақ қорғандары» қаладан шеткері орналасса да, бала-шағасын ертіп келген жұртта есеп жоқ. Орталық стадионнан және Республика алаңынан арнайы автобустар қатынады. Тас қалада өмір сүріп жатқан ұрпақтың бір сәтке ата-бабасы бастан өткерген көшпелі тұрмысты тамашалауының өзі дәстүр сабақтастығы. Келушілерге жамбы ату, аударыспақ, асауға тұсау салу, қыз қуу, қазақша күрес сынды ұлттық ойын түрлері көрсетілді. Қолөнер шеберлерi мен ұсталар iсмерлiгiн паш етсе, балалар алаңы, алтыбақан, күмбірлеген күй келгендердiң көңiлiн көтердi. Қыран құс пен құмай тазы сынды бабадан қалған мұраның барлығы осы тойдан табылды. Түнгi алау басындағы ойындар да жастарды қызықтыра түстi. «Ұлы Дала рухы» фестивалiне келгендердiң барлығы қазақтардың және басқа да түркi халықтарының бай мұрасымен танысып, рухани байып қайтты. Осы қызықтың бәрін шамамен 10 мыңға жуық адам тамашалады дейді ұйымдастырушылар.
Сондай-ақ, көрермендер арасынан «Ең әдемі ұлттық киім» таңдалып, түрлі ұлттық ойындар ойналып, сан-алуан сайыстар ұйымдастырылды. Тақырыпқа байланысты секторлар жұмыс істеді. Мәселен, «Алмалы» атты қолөнершілер ауылында шеберлік сабақтары өткізіледі. Көрермендер тек тамашалап қана қоймай, маманның көмегімен саздан құмыра жасады. Ал «Шабыт» музыканттар ауылында өткен байқауда жиналған көпшілік түрлі аспаптарда ойнап, бақтарын сынап көрді. Атырау қаласынан келген Орынбасар ағаның отбасы да осы этнофестивальдан табылды. Балаларының қуанышында шек жоқ. «Елбасы айтқан рухани жаңғыру деген осы. Бұл шараға бала-шағамды әдейі әкелдім. Себебі бүгінгі ұрпақ ата-бабасының көшпенді өмірі, тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын білуі керек. Өткенін білмеген ұрпақтың болашағы да бұлыңғыр», – деді.
«Ұлы дала рухы» көшпенділер этномәдениетінің халықаралық фестивалі былтыр Талғар қаласында өткен болса, биыл бұл шара Алатау ауданында дүбірлі тойға ұласты. «Себебі бұл 47 сақ қорғаны бар киелі жер. Мұнда ескі қорым көп. Ескілікте қазақтар осы қорымдардың қасында ас берген екен. Мұнда үлкен мағына бар», – деді сценарий авторы Базарбек Атығаев.
Шын мәнінде, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған мәселенің түр-төркіні ұрпақтың ата-баба мұрасынан, дәстүр сабақтастығынан қол үзбеуі. «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген мәтін жолдарының астарында рухани мұраның ұрпақ тәрбиесінде насихатталуы, дәріптелуі жатқаны анық.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халықтан қызу қолдау тапқан кешегі тұғырнамасын ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігіміздің жаңа бастауы деп бағалауымыз керек. Сөз жоқ, «Ұлттың рухани коды» дейтін академиялық ұғым кешелі-бүгін ғана емес, Мемлекет басшысының ой-санасында әлденеше рет елекке түскен, таразыға тартылған, сан жылдардан бері сарапталып, пісіп-жетіліп, өзінің сын сағатын күтіп келген дүние екені даусыз.
Ұлттың рухани жады дегеніміз не? Ол – сан ғасырлық тарихи тамырымыз, мирас болып келе жатқан атамұра өнеріміз, өзге елден ерекшелеп тұратын дәстүр-салтымыз, әдет-ғұрпымыз, тілдік ерекшелігіміз, діни ұстанымымыз, білім-ғылымымыз, қоршаған ортамыз, қыл аяғы ошағымыз, отымыздың басы.