261
Туризмнен түсер пайда көп
Туризмнен түсер пайда көп
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында еліміздің туристік саласын дамыту, транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану мәселелері мен Әкімшілік-құқықтық кодекске енгізілген түзетулер талқыланды.
Туризм мәселесі бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндама жасады. Министр Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасын таныстырды. «Еліміздегі туризм саласының көрсеткіштеріне тоқталатын болсақ, 2016 жылы ішкі саяхатта болғандар 9,6 млн адамды құрады, ал шет елдерден келген туристер саны 6,5 млн адамға жетті. Шетелдіктердің 90 пайызы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан секілді ТМД елдерінен келгендер. Қалған 10 пайызы Қытай, Түркия мен Иран және өзге мемлекеттердің азаматтары. Қазіргі кезде Статистика комитетімен, «Маккензи» мен «Реформатикс» компанияларымен, сонымен қатар, ЮНВТО және Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесе туристерді тіркеудің әдістемесін өзгерту бойынша жұмыстарды жүргізудеміз», – деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Министрдің келтірген дерегінше, Дүниежүзілік экономикалық форумның 2017 жылғы саяхат пен туризмнің бәсекеге қабілеттілігі жөніндегі рейтингінде Қазақстан 136 мемлекет ішінде 81-орынды иеленіпті. Жалпы алғанда, Қазақстан маңызды туристік әлеуетке ие. Бірақ сол мүмкіндіктерді пайдалану жағы ақсап тұр. Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген жаңа тұжырымдамада аталған түйткілдерді шешудің жолдары қарастырылған. Мәселен, өңірлік туризм аймақтардың ерекшеліктеріне сай 6 кластерге бөлінбек. Кластерлер «Астана – Еуразия жүрегі», «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Алтай інжу-маржаны», «Ұлы Жібек жолын жандандыру», «Каспий қақпасы», «Табиғат пен көшпелі мәдениеттің біртұтастығы» деп аталады. Сонымен қатар, жаңа жобада мәдени-танымдық және этнографиялық туризм, оқиғалық, балалар мен жасөспірімдер туризмі, медициналық, кемпингтік, аңшылық-трофейлік және спорттық туризм де қарастырылып отыр.
Айта кететін бір жайт, Үкімет отырысына Дүниежүзілік туристік ұйымның бас хатшысы Талеб Рифай да қатысты. Бас хатшы өз сөзінде Қазақстандағы туризмді дамыту үшін атқарылуы тиіс бірқатар шараларды атап өтті. Талеб Рифайдың ұсынысы бойынша, елімізде шетелдік туристер үшін виза алуды жеңілдетіп, туристердің елге келіп-кетуіне қолайлы жағдай жасау қажет. Сондай-ақ, Қазақстанның ерекшеліктерін халықаралық деңгейде насихаттау және туризм саласының мамандарын дайындау ісін жетілдіру туралы ұсыныс білдірді.
Ал алғашқы мәселе бойынша талқылауды қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жауапты тұлғаларға Дүниежүзілік туристік ұйымның ұсынымдарын ескере отырып, Қазақстанның туристік саласын одан әрі дамыту бойынша шараларды қабылдау туралы тапсырма берді. Сондай-ақ, Үкімет мәселелерді қарау қорытындысы бойынша туристік саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдады.
Үкімет отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе – транзиттік тасымал мәселесі. Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек транзит, логистика және жол бойында көрсетілетін қызметтерді дамыту жайына тоқталды. Министрдің мәліметінше, 2016 жылы көліктік ұйымдардың транзиттік тасымалдан түсетін кірістері 267 млрд теңгені, оның ішінде теміржол көлігінде 222,6 млрд теңгені, әуе көлігінде 44,3 млрд теңгені және автомобиль көлігінде 67 млн теңгені құраған. Ал 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдан түсетін кіріс 1,3 трлн теңге, оның ішінде темір жол көлігінде 1,1 трлн теңге, әуе көлігінде 134 млрд теңге және автомобиль көлігінде 66 млрд теңгені құрауы тиіс.
«Қытайдың және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің Еуропалық Одақпен сауда қатынастарының қарқынды дамуы Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін нығайтуға қолайлы алғышарттар туғызуда. Сондықтан, көлік саласының өсіміне әсер ететін еліміздегі негізгі драйвер ретінде біз бірінші кезекте ҚХР-ЕО бағытындағы транзиттік әлеуетті дамыту мәселесін қарастырып отырмыз», – деді министр. Айта кетейік, 2016 жылы ҚХР-ЕО-ҚХР бағытында контейнерлік тасымалдардың көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 2 есе артса, 2017 жылдың 5 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тағы да 2,2 есеге өсті.
Инвестициялар және даму министрі ұсынған деректерге сүйенсек, өткен жылы Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттік қатынаспен 245 мың контейнер тасымалданған. Бұл 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,3 мың контейнерге немесе 14 пайызға артық. Ал үстіміздегі жылдың 5 айында транзиттік контейнерлік тасымалдардың көлемі 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе өсті.
Өз сөзінде Жеңіс Қасымбек соңғы 7 жылда әуе көлігіндегі транзиттік жолаушылар ағыны 20 есеге дейін өскендігіне тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан арқылы транзитпен өтетін негізгі жолаушылар ағыны Қытайдан Еуропаға, Ресей және Түркияға, Еуропа мен Үндістан, Украина мен Өзбекстан, Қырғызстан мен Оңтүстік Корея арасында күшейе түскен. «Сонымен қатар, қызмет көрсетілген транзиттік ұшулардың өскендігі байқалады. 2017 жылдың 5 айында ұшулар саны 48,5 мыңды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5,9 пайызға артық», – деді Жеңіс Қасымбек.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Маминнің сөзінше, бұрын Қытайдан басталатын жүк контейнерлерінің 10 пайызы ғана Қазақстан аумағы арқылы, қалған бөлігі басқа елдер арқылы өтіп келсе, 2020 жылға қарай 80 пайызы Қазақстан арқылы өтпек.
Талқылауды қорытындылаған Премьер-министр транзиттік тасымалдар көлемінің тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қолдануды тапсырды. Үкімет басшысы Инвестициялар және даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге ЕАЭО, ШЫҰ сынды халықаралық ұйымдардағы шетелдік серіктестермен Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдарды арттыру бойынша жұмыс жүргізуді міндеттеді.
Транзиттік тасымал мәселесін толық талқылаған Үкімет мүшелері Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізу мәселесін қарады. Бұл ретте Әділет министрі Марат Бекетаев кодекске түзетулер енгізуді қарастыратын заң жобасын таныстырды. Әділет министрі таныстырған заң жобасы үш бағытты қамтиды. Бірінші, ізгілендіру ісін тек жеке тұлғаларға ғана емес, заңды тұлғалар үшін де қолданылу ұсынылған. Осы бағыт бойынша санкцияларды жеңілдету де қарастырылып отыр. Келесі бағыт бойынша рұқсаттама құжатының әрекетіне жеке қызмет түрлеріне қатысты ішінара тоқтату қарастырылады. Үшінші бағыт мемлекеттік органдар мен сот деңгейлерінің істерін қайта қарау рәсімдеріне арналған. Яғни, қайта қарау рәсімдері ажыратылып, бөлек процестік құжаттар мәртебесі белгіленбек. Сонымен қатар, аталған заң жобасы бойынша БАҚ-та, әлеуметтік желілерде, сондай-ақ, өңірлік семинарлар мен қоғамдық тыңдаулар кезінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Заң жобасы енді Мәжіліске жолданбақ.