Қазақ болу - жаратқанның сыйы әрі мәртебе

Қазақ болу - жаратқанның сыйы әрі мәртебе

Қазақ болу - жаратқанның сыйы әрі мәртебе
ашық дереккөзі
Астанада дүбірлеген тағы бір ресми жиын өтті. Әйтсе де, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында өтіп жатқан сан-қилы басқосулардан дәл осы жиынның жөні де, мәнісі де бөлек. Қазақ айтатын, «сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» демекші, маңызы ерек жиын – Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы еді. Жаз басталғалы Қазақстанның елордасына қарай ағылған шетелдік азаматтардың саны  көп, бірақ олардың ішінде дәл осы Құрылтайға ат терлетіп жеткен 350 делегаттың орны өзгеше. Себебі олар – бөтен жұртта қалған, алыс жатқан ағайынның аманатын арқалап келген ақжолтайлар. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы әр бес жылда өтіп келеді, яғни тәуелсіздік жылдарында осымен бес рет шақырылған екен. Дәл осы құрылтайдың ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында, Астананың төрінде өткізілуінің астарында терең мән жатқандай. Себебі мемлекет құраушы ұлт – қазақ екенін, осы жердің тарихи егесі – қазақ екенін, Астана мен халықаралық көрменің қожайыны – қазақ екенін меңзеу сықылды. Құрылтайдың әрбір жиынын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашып, шеттен келген қандастарды жүрекжарды сөзімен қарсы алады. Бұл жолы Президент сөзінен айрықша жалын, өр көңіл байқағандаймыз. Бесінші құрылтайдың сүйіншісі – Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының саны 18 миллионға жеткенін, оның 70 пайызы – қазақтар екенін биік мінберден хабарлады. Әлбетте, кешегі күнге салауат айтып, барымызға шүкіршілік ететін халықпыз. Сондықтан бүгінде 12,6 миллионнан асқанымызға қуанып, сыртта жүрген бес миллионды туған жерге қайтарып, орта толтырудың жөнін ойласқанымыз жөн-ақ. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында бір миллион қазақ атажұртқа алақайлап оралды. Олардың ішінде елмен қауышып, бағы жанғаны да, түрлі әлеуметтік-материалдық қиыншылықтардан беті қайтып, кері көшіп кеткендері де бар. Сондықтан Елбасы жер бетіндегі әрбір қазаққа жеке-дара сәлем жолдады: «Қайда жүрсе де қазақтың тарихи Отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан», – деді Н.Назарбаев. «Елім, жерім деп еміренген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан айқара ашық. Ешкімге шектеу жоқ», – деп шегеледі Елбасы. Құрылтайдың жаңалығы – соңғы жылдары үздік-создық болып, қарасы сирей бастаған көші-қон қайта жаңғырады деген үміт оянды. Себебі қандастардың жоғарғы оқу орнында білім алуына бөлінетін квота саны екі есеге көбейтілетін болды. Осы орайда, жер-жердегі талантты жастарды Отанға келіп, Атажұрт игілігіне қызмет етуге үндеді. Иә, бұл құрылтайдың қуанышы – Елбасы талантты қазақтарды елге қайтуға шақырды. «Мен тарихи Отаныма еңбек сіңіремін, оның дамуына үлес қосамын деген әрбір талантты қазақты елге шақырамын», – деді Құрылтай Төрағасы. Бұл дегеніңіз, соңғы он шақты жылда сыртқа ағыла бастаған «алтын бастарды» елге қайтарудың кезі келді деген сөз. Осы елде туып-өскен білімді де талантты жастарды шет мемлекеттердің қанжығасына байлап беруді қойып, керісінше, жер-жиһанның бетінде шашырап жүрген «алтын бас» қандастарды атажұртқа шақыру – мемлекеттіліктің келешегі үшін ауадай қажетті шаралардың бірі. Бұл құрылтайға 39 мемлекеттен келген 350 делегаттың басым көпшілігі – жастар. Мұның астарында тілі мен ұлттық тамырынан ажырай бастаған диаспораны сақтап қалудың қамы жатыр. «Біз бауырларымыз Атажұртының бүгінгі келбетін көріп, марқайсын, ой түйсін деп, сіздерді ЭКСПО-ға орай шақырдық», – деді Президент. Яғни, әрі марқайсын, әрі ата-баба жеріне оралуды ойлансын деген тілек.  width= Құрылтайдың астарлы саясатқа қызмет еткен тұсы – қазақ қарпін латын әліпбиіне көшіру ісін кешеуілдетпей қолға алу керектігін пысықтағаны. Өз жерінде отырған қазақ пен сырт елдерде жүрген қазақ бір тіл, бір ұғымда сөйлегенімен, үш түрлі әліпби пайдаланады. Жазуы бір халықтың бір-бірінің жазбасын оқи алмауы қасірет. «Бұл – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, әрі әлем қазақтарының рухани тұастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам», – деді Н.Назарбаев. Құрылтайдан соң қолға алынатын істер – көші-қон ісін қаржыландыратын «Отандастар» атты қор құрылатын болды және қандастарға қолдау көрсетудің кешенді бағдарламасы әзірленеді. Осы құрылтайдың дабылы – шетелдік диспоралардың ана тілі ұмытылып, жастар жағы ассимиляцияға түсіп бара жатқандығы. Бұл дабыл Елбасы сөзінде де, делегаттардың аузымен де, құрылтай аясында өткен дөңгелек үстел отырысында да қайта-қайта айтылды. Құрылтайға қатысушылардың талап-тілегі – шұғыл арада шет елдердегі қазақ диаспораларын қажетті әдебиеттермен, сапалы оқулықтармен, кітаптармен қамтамасыз ету. Бұған қоса, көптеген делегаттар шет елдердегі кәсіптерін атажұртқа алып келудің, құжат толтырудың кедергісі көп екенін айтып шағымданды. Дүйім елдің алдында айтылған мәселелердің шешімін табу үшін Президент сол жерде атқарушы органдарға тапсырма берді. Құрылтайдың шешімі – төраға ретінде Нұрұслтан Назарбаев қайта сайланып, ал орынбасар қызметін он үш жылдан бері атқарып келген Талғат Мамашев бұл лауазымнан босатылды. Оның орнына бұрын министр және әкім болған Зауытбек Тұрысбеков бірауыздан сайланды. Құрылтайды қорытуға лайық бір ауыз сөз – Елбасы айтпақшы, «Қазақ болу – мәртебе, мақтаныш, қазақ болу – жаратқанның сыйы!».