429
Мүгедек балалардың мұңы қоғамды селт еткізбейтін болғаны ма?
Мүгедек балалардың мұңы қоғамды селт еткізбейтін болғаны ма?
Жақында Адам құқығы жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров интернаттарда тәрбиеленетін балалардың жағдайын айтып, Денсаулық сақтау министрлігіне үндеу жолдады. Осы мағыналас хатты жуырда Премьер-министрге де жолдаған еді. Мәселе бұрынғы. Балалар үйінің төңірегіндегі жайттарды ашық айту. Күн тәртібіндегі маңызды сұрақтарға жауап табу. Жетімдер үйін азайтуға бағытталған асардың көздегені не? Баланың отбасында тәрбиеленуі үшін оларды жұртқа жаппай тарату керек пе? Неліктен мүгедек баланы ешкім бауырына басқысы келмейді?
Асыранды баланы кері қайтару – адамшылық па?
Соңғы жылдары бала асырап алушылар, патронатты тәрбиешілер және қамқоршылар статусы айқындалды. Бала асырап алудың осы формалары арқылы жылдам бала асырап алуға мүмкіндік жасалды. Патронат – толық отбасы деп айтуға келмес, себебі отбасы мен мемлекет арасында келісімшарт жасалады, уақытша әке-шешеге ақша төленеді. Патронатты отбасына кемінде төрт бала беріледі және олар мектеп жасындағы бала болуы тиіс. Асырап алудың жаңа формалары соңғы үш жылда өз нәтижесін берді. Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Зағипа Балиеваның мәлімдеуінше, соңғы үш жылда 42 балалар үйі жабылған. Балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің саны 1 мың 813 адамға азайған. Иә, жыл өткен сайын балалар үйінің саны азайып келеді. Асырап алу көбейіп келеді, онымен қоса асырап алған баласын мемлекеттік мекемеге қайтарып беретіндердің де саны артуда. Ең аяныштысы, баланы асырап алған отбасына қарағанда, әлгіндей баланың әжесі, ағасы, туыстары баланы мемлекеттік мекемеге қайтарып беруді жиілеткен. Бұл жөнінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров шетелдік тәжірибе кеңінен қолданылмай отыр деп дабыл қағуда. «Бала асырауға бекінген отбасы арнайы курстарға жазылады. Баланы бауырына басқаннан кейін оларға психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер үнемі қолдау көрсетіп отырады. Қазақстанда осы тәжірибенің жоқтығынан және балалардың жас ерекшелігін білместік балаларды жетімдер үйіне қайтаруға түрткі болып отыр», – дейді омбудсмен. Оның пайымдауынша, еліміздегі әрбір төртінші бала екінші рет жетім атанады. Отбасылар баладан бас тартқаннан кейін бала Жасөспірімдерді бейімдеу орталығына бағытталады. Құжаттар рәсімделгенше осы мекеменің құзырында болады және осы уақыт аралығында баланы қайта алып кетуге рұқсат етіледі. Қамқорлыққа алу органдарының мәліметінше, асыранды баладан бас тартқан отбасылар шешімін ешқашан өзгертпейді. Олар ұзақ уақыт бойы ойланып, баласыз өмір сүруге бекінеді. Баланы керек қылмаған себебі – өгейдің тәрбиесі өте қиын. Бала тәрбиесі, мінез-құлқы, қала берді тамақтануына дейін алдын ала курстан оқып, психологиялық-әлеуметтік дайындықтан өткеннен кейін ғана бағып алуы тиіс. Өкінішке қарай, осы аталғандардың барлығы ақша арқылы шешіліп, атүсті тірлік сияқты қалыптасқаны жасырын емес. Олар үшін баланы кері өткізу, жүрегі жаралы періштені екінші рет жетім атандыру түкке тұрмайды. Осы орайда биыл «Сандж зерттеу орталығы» қоғамдық қоры Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен Қазақстандағы балалардың жағдайы, соның ішінде жетімдер мәселесі туралы зерттеу жасады. Талдау нәтижелеріне сәйкес бірнеше ұсыныс жасалды. Соның бірі асырап алушыларға қатысты. Айталық, бағып алған баланы кері қайтаратын болса, отбасы балаға алимент төлеуі тиіс. Себебі зерттеу нәтижесі көрсеткендей, баладан бас тартуда кінә ата-ананың шыдамсыздығынан, білместігінен және дайындығының жоқтығынан болады.Тән кемістігі кемшілік емес
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдік жүргізген мониторинг бойынша интернаттық мекемелерде өмірінің соңына дейін қалуға мәжбүр балалар бар. Оларды асырап алуға көпшілік құлықсыз. Омбудсменнің айтуынша, мұның басты себебі – мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтендіру жолға қойылмаған. Қоғам мүгедек баланы тәрбиелеп, қатарға қосудан қорқады. Бірақ дамыған елдерде кемістік кемшілік емес. Мүгедек бала мен сау баланы асырап алудың арақатынасы шамалас. Шетелде денсаулығында кемістігі бар балаларды асырап алу процесінің кең таралғаны соншалықты, кейбіреулер шетелден де балалар асырап алуға көшкен. Айталық, Испания азаматтары Ресейден жылына 40-қа жуық мүгедек баланы асырап алады, ал Италия – 35, Германия – 20, Франция – 10, АҚШ азаматтары Ресейде тиісті мораторий енгізгенге дейін жылына – 100 мүгедек баланы асырап алып отырған. Осының жарқын дәлелінің бірі – параолимпиадалық ойындардың бірнеше дүркін чемпионы болған орыс қызы. Иркутскіде дүниеге келген қыздың тізесінен төменгі сүйектері болмаған, сондықтан әке-шешесі одан бас тартып, перзентханада қалдырады. Егер ол Ресейде қалған болса, сәбилер үйінен кейін балалар үйі, одан кейін өмірінің соңына дейін мүгедектер үйіне қамалар еді. Бірақ америкалық Лонгтар отбасы қызды асырап алып, оған қажетті көмек көрсетеді, жасанды аяқ та жасап береді. Жұрт қатарлы сабаққа барып, спортпен айналысады. Мүгедек баланы асырап алу былай тұрсын, туабітті кемістігі бар баласынан перзентханада-ақ бас тартатын отбасылар бар. Олардың бұл қадамға баруына сылтау көп. Мұндай шешім қабылдауда дәрігерлердің де ықпалы аз емес. Көбіне-көп «әлі жассың, бағыңды байлама, оған қажетті көмек көрсетіледі, сен аяққа тұрғыза алмайсың» деген сияқты сөздер жас әйелдердің баласын оп-оңай тастап кетуіне түрткі болады. Балалар үйінде оған қажетті көмектің көрсетілмейтіні айдан анық. Дәрігерлік көмек тұрмақ, ана сүті мен ананың алақанына зәру бала мүгедек күйінше қала береді. Бала асырап алушы ата-аналардың олардан бойын аулақ салатыны да аз емес. Тіпті, жуырда Балалар күніне қарай «Үміт» балалар үйіне барған блогерге мүгедек балаларды көрсетуден бас тартқан. Айтуларынша, олардың сырт келбеті қоғамды шошындырады-мыс. Осыдан екі жыл бұрын Тараз қаласының тұрғыны Зүлфия Түленованың 15 баланы асырап алғаны туралы айтылды. Өзінің баласына жазылмас дерттің диагнозы қойылғанда, дәрігерлер балалар үйінде қалдыруға кеңес береді. Алайда абзал ана баласын жаттың қолына тапсырмайды. Керісінше, осындай балаларға қорған болуға бекініп, 15 мүгедек баланы асырап алады. «Балалар үйінен 11 бала алдым. Қалған төртеуін ата-аналары бас тартып, өздері әкеліп тастағандар. Көп адам қазіргі кезде сау баламен жұмыс жасағысы келеді, сау балаға жүгіреді. Ал бұларды мүгедек екен деп шектеп тастауымызға болмайды ғой. Мен қоғамдық көлікте балаларымды алып жүруге ұялмаймын. Қоғамға араласып, адамдарды тани түсуі керек. Сол үшін ылғи ертіп жүрем, ешуақытта шеттетпеймін», – дейді көп балалы Зүлфия Түленова. Өкінішке қарай, біздің қоғамда жұрттың бәрі Зүлфиядай жайсаң емес.Бала үшін күрескен Гүлжан
Таяуда атышулы сот процесінде Гүлжан Қилыбаева жеңіп шықты. Оның кім екенін көпшілік біле бермейді, бірақ бала асырап алған ананың баласы үшін күрескен ерлігін талайлар әлеуметтік желіде жарыса жазды. Былтыр басталған сот процесі биыл аяқталды. Бала асырап алған ананың пайдасына шешілді. Оқиға былай басталған еді. Бір балаға зар болған ерлі-зайыпты балалар үйінен бір шақалақты асырап алды. Сәби денсаулығының нашарлығына қарамастан, баланы бауырына басып, емдетіп жүреді. Алайда арада біраз уақыт өткенде, Гүлжан баланы біржола асырап алмақшы болады. Бірақ сот баланы кері қайтаруын сұрайды. Өйткені, баланың туған шешесінің әпкесі оны өзіне алмақшы екен. Алайда көзін ашып көргендегі анасы мен әкесі бар бала, бөтен біреуді қалай жақын тұтпақ? Ал анасы өзі тумаса да, туғандай етіп баққан баласын бере салмасы анық емес пе? Сәбидің туған анасы баладан бас тартып, үш рет қолхат та қалдырған. Бірақ сот бұл қағаздарды мойындамай, баланың биологиялық анасы сотқа келіп, баладан бас тартқанын өз аузымен мойындауын талап етті. Осы арада Гүлжан Қилыбаеваның қамқорлыққа алу жөніндегі құжаты жойылды. Аяқасты баланы алғысы келіп қалған туған анасы сотта жеңіп, баланы қайтарады. Осыдан кейін бір-бірінен айырылмасқа бел буған отбасы Президентке, Жоғарғы сотқа ашық хат жолдап, әділдік іздеді. Қалай болған күнде де Гүлжан биологиялық анасын тауып, соттың алдына әкеліп, ұзаққа созылған сот процесіне нүкте қойды. Көкек ана сөзінен айныған жоқ, баладан төртінші мәрте бас тартты. Ал істі осыншама ұзаққа созып, бала сүюге зәру болған отбасын сандалтқанын қалай түсіндіруге болады? Әдетте, құзырлы органдар бала асырап алуға барлық жағдай жасайды, елдегі 30 мың баланың өз отбасы болуы керек деп жар салады. Бірақ бұл мәселе ювеналды соттың құлағына неге жетпеді? Осы істің басы-қасында жүрген, ана мен бала құқығын қорғаушы қоғам қайраткері Аружан Саин бұл істегі келеңсіз тұстарды атап берді. «Мысалы, сот міндетті құжаттар тізіміне кірмейтін құжаттарды сұратады және ол құжаттар сот үкіміне ықпалы жоқ. Кейде сотта биологиялық анасы жазған қолхат болса да, оны сотқа шақыруды талап етеді. Бұл бала мен аналардың бала асырап алу құпиясын сақтауға қайшы. Сондай-ақ, сот баланың туған анасын аналық құқығына айырады, бірақ бұл міндетті шара емес. Жалпы, ювеналды сот тиісті заңдарды сақтай отырып, баланың мүддесін қорғаса екен», – деді ол. Қазір патронат жүйесі арқылы баланы асырап алуға болады. Бірақ бұл толық ата-ана құқын бермейді, тек уақытша тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Оның үстіне ата-анаға жалақы төленеді, баланың жәрдемақысын өз бетінше жұмсауға рұқсат етіледі. Баланы асырап алудың осы жолы ең жеңілі және тез. Сондықтан асырап алушылар көбіне-көп баланы патронатқа алады да, кейіннен құжатқа кіріседі. Міне, осы кезде асырап алудың қиындығы алдынан шыға келеді. Сотқа оның биологиялық анасын әкелу қажет, тағысын тағы. Бұдан кейін балаға талас, қисапсыз құжат пен сотпен арадағы түсініспеушілік басталады. Әрбір баланың өз үйі, өз отбасы болғаны бақыт, әрине. Бірақ жәудіреген жетімдерді бөтен біреуге табыстап, әлеуметтік қызметкерлердің атүсті есебіне сеніп отыра берсек, олардың тағдыры не болмақ?