Жалғыз еркек – желкенсіз қайық

Жалғыз еркек – желкенсіз қайық

Жалғыз еркек – желкенсіз қайық
ашық дереккөзі
Отбасы қазақ үшін әрқашан бағалы, әркез маңызды болған. «Ошағыңның оты сөнбесін» деген тілек қазақ қариясының берер үлкен батасы еді. Алайда соңғы уақытта отбасының құндылығын, шаңырақтың шаттығын ойлайтындар азайып бара жатқандай. Шаңырағы шайқалған жұбайлар ошақтарының отын өз қолдарымен сөндіргенін естігенде көңілің құлазиды. Бірақ бүгінгі қоғамның шындығы осы. Бір үйдің түтінін түзу ұшыра алмағандар, жалғызбасты аналар, баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелер, ананың алақанын, әкенің мейірімін сезіне алмаған бейкүнә сәбилер...

Жалғызбасты әкелер көбейді

Бүгінде жастардың отбасы құруымен олардың ажырасуы жиілеп кеткендігін статистикалық деректер де растайды. Асығыс шешім қабылдап, оңай үйленіп, үй бола алмағандардың зардабын ортадағы бала тартатыны айтпаса да түсінікті. Шаңырақ көтеріп, кейін ошақ оты сөнгенде баласын құшағына қысып қалатын аналардың көптігіне бойымыз әлдеқашан үйреніп-ақ кеткен. Ал соңғы уақытта мұндай аналарды жалғызбасты әкелер де өкшелеп келеді. Дерек көздеріне иек артсақ, қазіргі уақытта елімізде 60 мың әке баласын жалғыз тәрбиелеп отыр. Ал жалғызбасты аналардың саны 400 мыңнан асады. Бүгінгі күні 700 мыңға жуық бала анасымен бірге тұрса, тек әкесінің тәрбиесіндегі балалар саны 300 мыңнан асып жығылды. 31 мыңнан аса жеткіншек жетімнің күйін кешіп, туған-туысын паналап жүр. Мұнымен қоса, 6 мыңға  жуық тұл жетім сәбилер үйінде күнелтуде. Ананың орнын әке, әкенің орнын ана баса алмайтыны анық. Бірақ қазақта «әйелдің қырық жаны бар» деген сөз бар. Шынында да, нәзік жандылар жалғыз қалса да, жатырын жарып шыққан перзентіне тәрбие беріп, оны бағып-қағу үшін кез келген қиындыққа қарсы тұрып, ердің де, әйелдің де міндетін атқара алады. Ал мұндай міндетті жалғызбасты әкелер қалай атқарады? Қоғамдағы мұндай топ өкілдеріне жататын әкелер тұрмыстық тауқыметтен бөлек, бала тәрбиесінде де талай қиындықпен бетпе-бет келетіні анық. Бірақ бауыр еті баласы үшін жолында кездескен қиындықтың бәріне қарсы тұрғаннан өзге амал бар ма?! Өйткені олар баласы жетімдік зардабын тартпауын тілейді. Қазақ отбасында әкенің орны әрқашан бөлек. Әке – бір отбасының ғана емес, тұтас бір әулеттің қамқоршысы. Ал тағдыр тәлкегімен баласын құшақтап жалғыз қалған әкелердің көрер қиындығы өздеріне ғана мәлім. Жалпы, жалғызбасты әкелердің кейбірін аяулы жарынан ажал айырса, енді бірі дәм-тұзы жараспағандықтан, жұбайымен өмір жолы екіге айырылған. Шаңырақтың шырайын келтіріп отырар жарынан көз жазып қалған азаматтардың психологиялық күйзеліске түсетіні сөзсіз. Ал одан арылу үшін 1 жылға жуық уақыт қажет екен. Мұны психолог мамандар дәлелдеген. Сонымен қатар, психологтар әйелі қайтыс болған және ажырасқан азаматтар бұл жағдайларды екі түрлі қабылдайтындығын айтады. Мәселен, жарынан айырылу ер азаматқа ойламаған жерден моральдық, психологиялық ауыртпалық әкеледі. Бала алдындағы парызы еселенеді. Анасының аялы алақанынан айырылған балаларға да бұл жағдайда тек әке ғана көмек көрсете алады. Ал екеуара келіспеушіліктің салдарынан ажырасу ер адамға түрлі өмір сүру амалдарын ойластыру міндетін жүктейді. Жалғызбасты әкелерге қатысты көпші­ліктің айтар ойы сан алуан. Біреулер оларға қоғамда әлі де болса көбірек көңіл бөлініп, тиісті көмек көрсетілсе дейді. Рас, қазақтың тепсе темір үзетін азаматтары ешқашан басын төмен салып, ынжықтық мінез танытпаған. Бірақ мұндай жағдайда «шарасыздық» деген түсініктің бар екендігін ескерген жөн сыңайлы. Баланы анасыз жалғыз тәрбиелеу өте қиын. Мұны нәзік жандылар да, ер адамдар да жақсы түсінеді. Ал толық емес отбасында тәрбиеленген бала үшін анасының жоқтығы екі есе ауыр. Сондықтан, жалғызбасты әкелерді сынға алғаннан гөрі, оларға қолдау білдірген дұрыс дейтіндердің қарасы қалыңдау.

Адамды бақытты ететін – отбасы

1938 жылы Гарвард университеті ұзақ, бақытты өмір сүрудің құпиясын табу үшін зерттеу жүргізеді. АҚШ-тың 734 азаматын 75 жыл бақылайды. Зерттеу басталғанда адамдардың 80 пайызы өздерін байлық бақытты етеді десе, 60 пайызы бақыттың кілті – атақта деген. 2015 жылы сол зерттеудің қорытындысы шықты. Адамды бақытты ететін байлық та, атақ та еместігі анықталған. Адамдарды бақытты ететін отбасындағы қарым-қатынас, қоршаған орта болып шыққан. Бүгінде бақытты отбасын армандап жүргендер де, сол бақытын бағалай алмай, қор қылғандар да көп. Ресми деректерге сүйенсек, некеге тұрғандардың үштен бірі көп ұзамай ажырасып кетеді екен. Осыдан кейін жалғызбасты аналар мен әкелер қатарының көптігіне таңданудың қажеті шамалы. Бала анадан ажыраса, мейірімнен, әкеден ажыраса, өжеттіктен қол үзеді екен. Қазақтың «Әкелі бала – жаужүрек, әкесіз бала – сужүрек» дегені сол шығар. Бірақ бүгінде баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелердің бәрі бірдей баласын батылдыққа тәрбиелеп жатыр деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Өйткені жалғызбасты әкелердің мұңы көп, жеке басын толықтырар мәселе де жетерлік. Олардың бірін баспана мәселесі мазаласа, енді бірі бала тәрбиесінде қиналып жатады. Мәселен, үстіміздегі жылдың мамыр айында Астанадағы жалғызбасты әкенің жайын бүкіл ақпарат құралдары жарыса жазды. Екі баласымен көлік жуу орнының кішігірім бөлмесін екі жылдан бері паналап жүрген азаматты әйелі балаларымен бірге тастап кеткен. Бірақ Исатай Таумашев тағдырына налымайды. Тек сызды бөлмеде тұратын ұлы мен қызының денсаулығына алаңдайды. Исатай Таумашев отбасымен бірге 2012 жылы Астана қаласына көшіп келген. Содан кейін көп уақыт өтпей-ақ әйелі оны балаларымен бірге тастап кетеді. Таршылықтан қиналған азамат бастығынан жұмыс орнында тұруға рұқсат сұраған. Исатай Таумашевтің пәтер кезегіне тұрғанына да біраз болған. Бірақ кезекте 18 972-ші болып тұр. Бұл кезектің жақын уақытта жақындай қоймасы анық. Таяуда тағы бір оқиға әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді. Желі қолданушылары баласының басынан күрекпен ұрған әкені мінеді, сынады. Ал мәселенің мән-жайын анықтаған құқық қорғау қызметкерлері жалғызбасты әкеге аяушылық танытқандарын айтты. Шымкент қаласының 49 жастағы тұрғыны Пернебек Қарабаевтың баласын күрекпен ұрғаны бейнеленген жазба әлеуметтік желіде таралып кеткен-ді. Сөйтсек, кішкентай бүлдіршін жұмыс істеуіне кедергі келтіргендіктен, әкесі ұлын аздап жазалаған. Бірақ жұрт дүрліккендей, баласын қатты соққыламаған. Өз сөзінде жалғызбасты әке баласын осылай жазалағаны үшін өкінетіндігін айтқан. Пернебек Қарабаевтың әйелі 3 жылдай уақыт бұрын оны баласымен бірге тастап кеткен. Ол кезде кішкентай Қасымбек небары 1,5 жаста болған. Содан бері ол баласын жалғыз өзі бағып келеді. Әр жерде жалданып жұмыс істейтін азамат баласын үнемі өзімен бірге алып жүреді екен. Міне, баласы үшін барын салып, жанын беріп жұмыс істеп, оларға аналарының жоқтығын сездірмеу үшін бар мейірімін төгетін мұндай әкелер аз емес. Бірақ жалғызбасты әкелер мен аналардың көп болғандығы қуантарлық жағдай емес.

Алименттен қашатын аналар бар

Елімізде отбасын тастап кеткен әкелер ай сайын баласына алимент төлеуге міндетті. Ал дәл осындай әрекетке барып, шаңырағын шайқалтып кеткен аналар ше? Оларды заң жүзінде жауапқа тартып, алимент төлету қаншалықты дұрыс? Өз құрсағынан шыққан баласын күйеуіне тастап, қара басының қамын ойлап кеткен аналар жауапкершілікке тартыла ма? ҚР «Неке және отбасы» заңының 124-бабына сәйкес, егер ата-анасы баласын кәмелеттік жасқа жеткенше асырап баға алмаса, онда алимент төлеуге міндетті. Бүгінде балаларынан бас тартып, сот шешімімен алимент төлеуге міндеттелген аналар да бар. Сөйтіп, алимент төлеуден қашып жүрген әкелердің орнын аналар басатын тәрізді. Жуырда Астана қалалық әділет департаментінің мамандары алимент төлемейтін әйелдердің қатары артып бара жатқанын айтып, дабыл қақты. Мысалы, Астанада өткен жылы 37 әйел баласына ақша аударудан бас тартса, биыл олардың саны 50-ге жеткен. Бүгінде Астанада 13 мың борышкер тіркелсе, соның 4 мыңы алимент төлеуден жалтарып жүргендер. Оның 50-і нәзік жандылар. Қазір борышкерлер берешегі 1 миллиард 687 миллион теңгеге жуықтаған. Кейбіреулер баласы 18-ге толғанда, алименттен құтылам деп ойлайды. Бірақ бала 18-ге толып кетсе де, төленіп бітпеген қарыз алимент төлеуші ата-ананың мойнында аманат болып қала береді. Қазіргі уақытта алимент төлеуден жалтарғанды жазалау әдістері қатаңдатыла бастады. Мысалы, алимент төлеуден қашқандардың алдымен банк карточкалары, жүргізуші куәліктері бұғатталады. Одан кейін мүліктеріне де тыйым салынып, алынуы мүмкін. Бұған да қарызын  қайтармаса, 2 жылға бас бостандығынан   айырып, қылмыстық іс қозғалады. Сот орындаушылары бұл әйел ме,  еркек пе, баласын асыраудан  безгендердің баршасының басына туатын күн екендігін айтады.

Арнайы курстар қажет пе?

Ошақтың отын сөндіріп, баланы жетім атандыру қазақтың кейбір азаматтары мен нәзік жандыларына жеңіл жағдай болып кеткендігі өкінішті-ақ. Бүгінде Қазақстан ажырасу жағынан алғашқы ондықтың ішінде. Мұның сыры неде? Ерлі-зайыптылардың жолының екіге айырылуына қалай тосқауыл бола аламыз? Балалардың жетімдік тауқыметін тартпауы үшін не істеу керек? Қоғамда жалғызбасты аналар мен әкелердің санын қалай азайтамыз? Әрбір отбасы – шағын мемлекет. Сол мемлекетте бір-бірімен түсінісу, сыйластық болмаса, бақытты отбасы боламын деу бос әурешілік. Осы ретте еліміздің Бас прокуроры үйленем деушілерге арналған міндетті курс ашу қажет деген ұсынысын білдірген. Қазақы ортаға түсініксіз әрі ақылға қонымсыз болып көрінгенімен, бүгінгі статистикалық деректерге қарағанда үйленем дегендерге арналған міндетті курс біздің қоғамға ауадай қажет пе деген ойға қаласың. Оның үстіне, бұл үрдіс әлемнің бірқатар елдерінде қолданылатын көрінеді. Мысалы, Сауд Арабиясы, Малайзия, Италия, Латвияда үйленем дегендер арнайы оқудан өтеді. Үйленем дегендерге арналған міндетті курс әзірге пилоттық жоба. Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарын қамтиды. Қандай нәтиже береді? Өзін ақтай ма, ажырасқандар санын азайта ала ма? Бұл туралы пікір білдіруге әлі ерте. Бәрі уақыт еншісінде. Бастысы, тың бастама қолға алынды. Мүмкін бұл жоба жастарға отбасының құндылығын, бала тәрбиесінде әке мен ананың орны қаншалықты маңызды екендігін ұғындырар.