Нұрсұлтан Назарбаев: Жаңа экономикалық модель жасалуы жөн

Нұрсұлтан Назарбаев: Жаңа экономикалық модель жасалуы жөн

Нұрсұлтан Назарбаев: Жаңа экономикалық модель жасалуы жөн
ашық дереккөзі
575
ЭКСПО-қалашық екі күнге Астана экономикалық форумының мерейлі, оныншы жиынының алаңқайына айналды. Жүздеген елден төрт мыңнан аса делегаттың басын қосқан бұл жиын биыл халықаралық көрме тақырыбына орай «Жаңа қуат көздері – Жаңа экономика» деп аталыпты. Мәртебелі қонақтар қатарында Нью-Йорк университетінің профессоры, экономист Нассим Талеб те бар. Әйгілі «қара аққу» теориясының авторы Астананы сол «қара аққуға» теңеді, яғни осыдан жиырма жыл бұрын Астананың дәл осындай деңгейге жетіп, қарыштап дамуын ешкім болжай алмағанын меңзегені. Форум аясында өткен дөңгелек үстелде әлемнің түкпір-түкпірінен келген экономистер мен саясаткерлер Қазақстанда болашақта қандай қуат түрі ең тиімді болатынын талқылаған еді. Олардың көбісі алдағы жиырма жылда мұнай мен газ басты қуат көзі болып қала бермек деген пікірде екен. Ал Қазақстан энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, ортаазиялық елдер ішінде Қазақстан бірінші болып 2050 жылға дейін жасыл экономикаға көшу туралы тұжырымдама қабылдаған. Бұған қоса, ЭКСПО-2017  көрме орнында келешекте Халықаралық Жасыл технологиялар орталығы құрылады. Бұл бағытта атқарылып жатқан істер баршылық. Мысалы, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, қазірдің өзінде елордада қайталанбалы қуат көзін өндіретін 50 шақты нысан орнатылған. Астана экономикалық форумы аясында әдеттегідей тың идеялар мен соны ұсыныстар көп айтылды. Жаңа бастамалардың бірқатарының авторы –  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы замана дүбіріне құлақ салу керектігін баса айтты. ХХІ ғасырда ғылым мен техниканың тың жаңалықтарын күнделікті тіршілікпен етене байланыстыру осы дәуірдің басты ерекшелігі екенін меңзеді. «Әлемдік қоғамдастық жаңа экономикалық модельге кезең-кезеңімен көшуі тиіс. Ол таза энергетикаға, күш-жігерді жұмылдыруға және бүкіл әлемнің мүддесін ескеретін ұжымдық жауапкершілікке негізделуі тиіс» деді Президент. Қазақстанның ЖІӨ-нің биылғы көрсеткіші 4 пайызға жететінін болжаған Нұрсұлтан Назарбаев халықтардың бақуаттылық көрсеткішін есептеу жолын өзгерту туралы ойын және әлемдік сауда-саттықта айырбас бірлігін енгізуге қатысты идеяны ортаға салды. Қазіргі ЖІӨ санау жүйесі қоршаған ортаға келтірілген зиян мөлшерін, табиғи қорлардың түгесілу деңгейін есепке алмайды, тіпті әлем елдеріндегі өмір сүру сапасының деңгейін көрсетпейді. «Халықаралық есеп-төлем бірлігін енгізу мәселесін байыпты түрде қарастыратын кез жетті. Мұндай бірлік әлемді валюталық соғыстардан, алыпсатарлықтан құтқарып, сауда-саттықта қателесуден сақтануға және нарықтардың құбылмалылығын реттеуге сеп болар еді», – деді Қазақстан Президенті. Н.Назар­­баевтың айтуынша, мұндай есеп-төлем бірлігі криптовалюта түрінде жасалуы ықтимал. Қорыта айтқанда, әлемдік қауымдастық біртіндеп жаңа экономикалық модельге көшуі  тиіс. ЖІӨ көрсеткішін есептеу тәсілін өзгерту, әлемдік валюта енгізу осы жаңа модельді қалыпастырудың алғышарттары болуы мүмкін. Жақында Бүкіләлемдік банк Қазақ-стан экономикасының жай-күйіне барлау жасап, өз қорытындысын жариялаған болатын. бұған қоса Бүкіләлемдік банк Қазақстанның ірі серіктесіне айналды. Алдағы екі жылда бұл банк Қазақстандағы ірі жобаларға 3,5 миллиард доллар инвестиция құятын болды. Бұл негізінен білім беру, автожолдар салу, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қаржыландыру жобалары.    

Серіктес жаңалықтары