Астанада алғаш рет «Ромео мен Джульетта» мюзиклі қазақ тілінде сахналанады

Астанада алғаш рет «Ромео мен Джульетта» мюзиклі қазақ тілінде сахналанады

Астанада алғаш рет «Ромео мен Джульетта» мюзиклі қазақ тілінде сахналанады
ашық дереккөзі
Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында қазақ тіліндегі алғашқы «Ромео мен Джульетта» қойылымының тұсаукесері өтеді. Тұсаукесерге мюзиклдың музыкасы мен либреттосын жазған әлемге танымал композитор Жерар Пресгурвик қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы «Ромео мен Джульетта» мюзиклін қоюшы режиссер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады. «Осыдан бір жыл бұрын Қазақконцерт мемлекеттік концерт ұйымының жанынан Астана мюзикл театры құрылған болатын. Сол театрда қазіргі уақытта 60-қа жуық жастар еңбек етуде. ЭКСПО шеңберінде еліміздің тарихында тұңғыш рет Ромео Джульетта мюзиклі саханаланып отыр. Бұл - біздің мәдени өміріміздегі елеулі оқиғаның бірі, себебі, Ромео Джульетта мюзиклі екі актіден тұрады, мюзиклдің барлық заңдылықтарына жауап беретін және қазақ тіліне өте сәтті аударылған бірден бір шығарма», - деді Асхат Маемиров. Ромео Джульетта оқиғасын баршаға таныс. Жерар Пресгурвик Атақты Шекспирдің трагедиясының сюжетін негізге ала отырып, либереттосын да, музыкасын да өзі жазып шыққан және француз сахнасында 2001 жылы қойылған «Ромео мен Джульетта» мюзиклі арқылы Жерар Пресгурвиктің есімі әлемге танылды. Аз ғана уақыт ішінде мюзикл әлемдік бестселлерге айналып, француз, голланд, орыс, ағылшын, неміс, итальян, венгер, кәріс, жапон, испан, иврит тілдерінде қойылды. Енді, міне, «Ромео мен Джульетта» мюзиклінің кейіпкерлері алғаш рет қазақ тілінде үн қатады. Өз кезегінде, Жерар Пресгурвик Қазақстанға алғаш рет келіп отырғанын жеткізді және өз туындысының қазақстандық нұсқасын жоғары бағалады. «Әлемнің түпкір-түпкіріндегі барлық көрермендер біз үшін бірдей. Біздің көріністі түсінетіндер бізді де түсінеді. Труппа туралы өте ғажап деп айта аламын. Спектакльді көргенде қатты қуандым, қазақстандық әріптестер барлығын жоғары деңгейде жасаған. Мәдениет министрлігінің жауапкершілікті мойындарына алып, мұндай мюзиклді жасауы өте сирек кездесетін құбылыс», - деді ол. Атап өткен жөн, мюзиклды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қаржыландырған және қазақ тіліне белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлнар Салықбай аударған. Оның қазақстандық тұсаукесері 21 маусым күні Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді және 4 шілдеге дейін жалғасады.