Мемлекеттік сатып алудың түйткілдері аталды

Мемлекеттік сатып алудың түйткілдері аталды

Мемлекеттік сатып алудың түйткілдері аталды
ашық дереккөзі
205
Мемлекеттік сатып алу жүйесін толық автоматтандырудың нәтижесінде 130 млрд. теңге үнемделді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мемлекеттік сатып алу жүйесін толықтай автоматтандыру электронды камералы бақылаудың құрылуына түрткі болды. Ендігі уақытта ол нысанға бармастан, веб-портал арқылы онлайн-режімде жүзеге асырылады. Аталған шаралар бір конкурсқа қатысушылардың санын шамамен 4 есеге 1-2-ден 4-ке дейін арттыруға және үнемді үш есе ұлғайтып, 43 млрд. теңгеден 130 млрд. теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік берді», - деп атап өтті ол. Дегенмен, министр мемлекеттік сатып алу саласында шешілмеген бірқатар проблеманың қалып отырғандығын да жасырмады. «Бірінші кезекте, бұл бір көзден сатып алу үлесінің көлемді болуына қатысты. Бұл жемқорлық көріністері тәуекелдеріне түрткі болады. Мәселен, 2014 жылы жалпы көлемдегі мұндай сатып алу үлесі 79 процентті, 2015 жылы 75 процентті, 2016 жылы 69 процентті құрады. Бұған қоса, аталған бір көзден сатып алудың 69 проценті заңмен көзделген негіз бойынша сатып алулардың үлесіне тиесілі. Бұған дейін мұндай сатып алулар Заң нормасын қолданбай жүргізілетін. Қазір бұл әдістің барлық процедуралары порталда рәсімделеді. Бұл оларға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Қалған 30 проценті конкурстың өтпеуі нәтижесінде таңдап алынған бір көзден сатып алуларға тиесілі. Дәл осы бір көзден сатып алу түрі жемқорлық тәуекелге барынша бейім», - деді Сұлтанов. Оның айтуынша, өткізілмеген конкурстардың негізгі үлесі құрылыс жұмыстармен байланысты. Жалпы мұндай бір конкурсқа 7-8 компания қатысады. Дегенмен, құрылыстағы сатып алулар өтінімдерінің кері қайтарылуының басты себебі жобалық-сметалық құжаттарға байланысты. «Тағы да бір маңызды проблема сатып алуларға қатысушылардың басым бөлігінің біліктіліктерінің төмендігі болып отыр. Бұл сапасыз тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға себеп. Аталған проблеманы алдын ала біліктіліктік іріктеу институтын кеңінен пайдалану арқылы шешуге болады. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алулардағы мұндай тәсіл бірінші санаттағы күрделі құрылыстарда ғана қарастырылған. Сондықтан сатып алудың осы тәсілі арқылы сатып алынатын тауарлар, қызметтер мен жұмыстардың тізімін кеңейту жұмыстарын жүргізудеміз», - деді министр.  

Серіктес жаңалықтары