Өрт сөндірушілер төтенше жағдайда неге дәрменсіз?
Өрт сөндірушілер төтенше жағдайда неге дәрменсіз?
Сәуір айының соңында Алматыдағы «Адем» сауда орталығы отқа оранды. Сауда орталығын түгел шарпыған тілсіз жау мыңдаған саудагерді нәпақасынан айырды. Түнде басталған өртті ауыздықтау үшін келген құтқарушылар қызыл жалынмен таңға дейін арпалысқан. Құтқарушылар келгенге дейін-ақ қатты күш алған қызыл жалын сауда орталығының 25 мың шаршы метр аумағын шарпып үлгерген екен. Ал құтқарушылар сауда орнында өртке қарсы дабыл қондырғылары істен шыққандықтан, ақпаратты кеш алғандықтарын айтады. Оның үстіне, желдің қатты соғуы өртті сөндіруге кедергі келтірген көрінеді. Биылғы жылдың өзінде «Адем» сауда орталығындағы өртке дейін де құтқарушылар талай рет тілсіз жаумен күресті.
Өрт құшағында қалған сауда орындары
Тыныш жатқан тұрғындардың мазасын қашырған «Адем» сауда орталығындағы өрт 26 сәуірден 27 сәуірге қараған түнде басталған. Кешкі уақытта үйлеріне тараған саудагерлер жағдайды естіген соң, өрт сөндірушілермен бірге сауда орталығына жеткен. Өртті сөндіруге барлығы 400-ге жуық өрт сөндіруші жиналыпты. Алайда тілсіз жауды ауыздықтау құтқарушыларға мүмкін болмады. Өрт сөндірушілер қызыл жалынмен таңға дейін арпалысты. Ал отқа оранған сауда орталығының ішінде миллиондаған теңгенің тауары саудагерлердің көз алдында күлге айналды.
Өртті жылдам ауыздықтауға күштері жетпеген Алматы қаласындағы төтенше жағдайлар бойынша департаменті сауда орталығында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмағандығын мәлім етті. Төтенше жағдайлар қызметінің айтуынша, «Адем» сауда орталығында 2012 жылы өрт қауіпсіздігіне қатысты 11 талаптың бұзылғаны анықталған. Ал кейінірек бұл орталық мораторийге байланысты қайта тексеруден өткізілмеген. Қызыл жалынның құшағында қалған «Адем» сауда орталығына Жетісу ауданының әкімі Қайрат Разақов келген. Оқиға орнында түстен кейін төбе көрсеткен әкім ашуға булыққан саудагерлерді сабырға шақыруға тырысып бақты. Әкімнің айтуы бойынша, сауда орталығындағы өртке байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Адемдегі» тілсіз жауға қатысы бар, кінәлі жандар табылса, барлық шығынды да солардың өтейтіндігін атап өтті. Күнделікті табысынан айрылған кәсіпкерлерді әкім мырзаның бұл сөзі жұбата алмады. Сауда орталығында тағы да өрттің шығуы мүмкін деп қауіптенген саудагерлерге Қайрат Разақов мырза: «Бұл жерде түнімен кезекшілер, өрт сөндірушілер тұрады. Бәрін бақылауда ұстайды», – деп түсіндірді. Иә, сауда орнындағы өрттің енді қайта орын алмасына ешкім де кепілдік бере қоймас. Соңғы бірнеше жылдың көлемінде Алматыдағы сауда нүктелері жиі отқа орана бастады. Ал мұның себебін бүгінгі күнге дейін ешкім де нақты айтып бере алған жоқ. Бүгінге дейін Алматыдағы «Құлагер», «Ялян», «Никольский» базарынан, Орталық көтерме базардан да өрт шықты. Ал мамандар мұның себебін базарлардағы бутик иелерінің электр тогының қауіпсіздігіне мән бермейтіндігімен байланыстырып келген. Енді қатардағы қара базарларға қарағанда заманауи жабдықтармен қамтылған «Адем» сауда орталығының отқа орануын мамандар қалай түсіндірер екен?
Көпшілік «Барахолка» атап кеткен қара базарда болған өрт әлі де алматылықтардың есінде. 2013 жылдың соңына қарай «Аян», «Керемет», «Олжа», «Алатау» көтерме сауда базарларында өрт шығып, талай саудагер табысынан қағылды. Одан кейін қызыл өрттің әлегі «Құлагер» базарына жетті. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары аталмыш өрттің 5400 шаршы метр аумақты қамтығанын айтқан болатын. «Аян», «Керемет», «Олжа» базарлары түгел жанып, ал «Алатау» базары жартылай отқа оранған бұл оқиғаға 1518 адам, 142 техника жұмылдырылған. Бірақ қызыл жалынды осынша адам тек 7 сағатта ғана ауыздықтаған еді. Ал «Адемдегі» алапат өртті сөндіруге жел кедергі болды деген сылтау айтылуда. «Барахолка» базарындағы тілсіз жауды жылдам ауыздықтауға не кедергі болды? Бұл сауалға сол кезде Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Гүлшат Дәуренбекова: «Өрт жай басталғанымен, Алматы базарларында адамдар жүретін жол тар және қатты қобалжу кезінде адамдар өздерінің тауарларын ала қашқан. Тауарларын жолға тастап та кеткен. Үлкен-үлкен қорап болғаннан кейін кедергілерін тигізді, әрине. Сондықтан да, өрттің жылдам өршуіне себеп болды», – деп жауап берген. Саудагерлердің тауарларын жалыннан арашалап қалуға тырысқан әрекеттерін түсінуге болады. Алайда олардың бұл әрекеті жалынның өршуіне әсер еткен жалғыз себеп емес шығар.
«Өртті кеш сөндіруге «Барахолкадағы» бейберекеттік себеп болды». Кезінде ҚР Төтенше жағдай министрі Владимир Божко да осыны қайталады. «Біз бірнеше рет сот шешімімен базар жұмысын тоқтатқанымызбен, саудагерлер бас көтеріп, қала басшылығын базарды жаппауға мәжбүрледі. Енді міне, өздері өрт қауіпсіздігін сақтамады. Кептелістегі көліктерден өрт сөндіру техникасы діттеген жеріне жете де алмады, су да жоқ», – деп ашуланған еді Божко мырза. Тіпті, министр мырза Алматы барахолкасындағы өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауына байланысты қылмыстық іс қозғалатынын да жеткізген. Ал базардағы саудагерлер оқиға орнына бірінші болып жеткен өрт сөндіру техникасында су болмағандығын ашына айтқан. Өртті ауыздықтауға келгендердің сусыз келуі ойға сыймайтын-ақ жағдай.
Бұдан кейін «Барахолкада» өрт тағы да қайталанды. Араға бір-екі ай салып, «Құлагер» базары отқа оранды. Осыдан кейін «Барахолкадағы» өрттің әдейі ұйымдастырылуы мүмкін деген сөз тарады. Ал Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі тағы да бұл өрттің себебін өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауынан деп түсіндірді. 2013 жылдың 11 қазанында жүргізілген тексеру нәтижесі бойынша 13 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғандығы анықталыпты. Мүмкін, бұл шындық та болар. Қара базарда қауіпсіздік талабының дұрыс сақталмауы әбден ықтимал.
Ал Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ғимаратынан шыққан өрт те 450 шаршы метр аумақты шарпыған болатын. Өнер академиясындағы өртті сөндіруге 10 негізгі техника, 12 арнайы техника жұмылдырылып, 70 маман атсалысты. Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің маманы Нұрбек Қожахмет Өнер академиясы 2015 жылдың 26 қаңтарында аталған өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау бойынша тексеруден өткенін және сол тексерудің нәтижесінде ғимаратта өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмағанына байланысты шаруашылық істері бойынша проректорға 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынғандығын мәлімдеген болатын. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясындағы өрттің тұтануына электр желілерінің қысқа тұйықталуы себеп болған деген қорытынды жасалған.
Биіктіктегі өртті сөндіру оңай емес
Қазір әлемнің барлық елдерінде биік ғимараттар көптеп бой көтеруде. Ал мұндай биік ғимараттарда өрт қауіпсіздігін сақтау және тілсіз жаумен күресу оңай шаруа емес екені белгілі. Биік ғимараттан шыққан өрттің бір мысалы – Мәскеудегі «Ресей» қонақ үйінің отқа орануы. 1977 жылдың 25 ақпанында орын алған төтенше жағдайдан 42 адам қаза тауып, 52 адам зардап шеккен.
Лондондағы ең биік саналатын «Шард» ғимаратында өрт шықты. Оқиға орнына дер кезінде жеткен өрт сөндірушілер ғимараттағы адамдарды қауіпсіз жерге шығарған. Батыс Еуропадағы ең биік «Шард» ғимаратының биіктігі 306 метрді құрайды. Биік ғимараттағы өрт Нью-Йорктің Манхэттен ауданында да орын алды. Мұнда 42 қабатты тұрғын үйден өрт шығып, бір адам қаза тапқан болатын. Өрт ғимараттың 20-шы қабатындағы пәтерден шыққан. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер күйік шалған екі адамды құтқарған. Көк түтін бірнеше пәтерге жайылған. Ал оқиға орнына тілсіз жауды ауыздықтауға 200-ге жуық өрт сөндіруші жұмылдырылған. Ал өртті толығымен сөндіруге екі сағаттан астам уақыт кетіпті. Ғимараттың 13-ші қабатынан тұтанған өртті сөндіруге әуелі 81 адам және 14 көлік жұмылдырылды. Кешкі сағат 21.23-те басталған өртті ауыздықтау үшін сағат 22.00-де 56 өрт сөндіру көлігі жетті. Ғимаратты от құшағынан босату үшін 8 автосаты қолданылған, бірақ олардың ұзындығы тек 7 қабатқа дейін ғана жетті. Сол кезде өрт сөндірушілер сатыларды бір-біріне жалғау арқылы 12-қабатқа дейін жеткізген. Осы сатының арқасында 43 адамды аман алып қалу мүмкіндігі туды. «Ресей» қонақ үйіндегі бұл оқиға қазір тарих қойнауына енді. Десек те, осындай биік ғимараттардағы өртті ауыздықтау бүгін де жеңілдей қоймады. Жалпы, биік ғимараттардың жоғарғы қабаттарындағы үйлердің өз ерекшелігі бар: олар түтіндемейтін саты торларымен, түтін шығару қондырғыларымен, өртке қарсы каналдармен, өрттен қорғайтын су құбырымен, автоматты өрт дабылымен жабдықталуы тиіс. Ал аталмыш құрылғылар орнатылмаған жағдайда, жоғарғы қабаттарға тез таралатын түтіннің өте қауіпті екенін естен шығармаған абзал.
Ақпан айында әлемдегі биік ғимараттарымен көздің жауын алатын Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубай қаласындағы «Алау» атты 79 қабатты тұрғын үйден де өрт шықты. Өрттен қаза тапқандар мен зардап шеккендер болған жоқ. Тілсіз жауды ауыздықтау барысында 330 метрден асатын ғимараттан мыңдаған адам эвакуацияланған. Зәулім үйдің 50-қабатынан шыққан өрттің жалыны қатты желдің әсерінен 70-қабатқа дейін жетіпті. Осындай биік ғимараттағы қызыл жалында өрт сөндірушілер 3 сағаттың ішінде ауыздықтады. Қазақстандағы өрт сөндірушілер базарлардағы өртті сөндіруге 7 сағат жұмсап жүргенде, биік ғимараттан шыққан алауды ауыздықтауға қанша уақыт жұмсайтыны мүлдем беймәлім.
Қазақстанда биік ғимараттарда өрт кезінде қолдануға арналған автосатылар саны нормадан төмен. Бұл туралы 2009 жылы өткен «Биік нысандардың қауіпсіздігі» атты халықаралық конференцияда Мемлекеттік өртті бақылау басқармасының бастығы Александр Кузнецов хабарлаған болатын. Содан бері бұл олқылықтың орны әлі де бүтінделмеген. Нормаға сәйкес құтқару тобында 47 автосаты мен 47 автокөтергіш болуы қажет. Ал қазіргі уақытта небары 4 автосаты бар, ал олардың ұзындығы 40 метрден асады. Мемлекеттік өртті бақылау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, автосатының жетіспеуіне қаржының тапшылығы әсер етуде. Осыған дейін еліміздегі биік ғимараттарда 28 өрт шығып, шығын көлемі 1 миллион 122 мың теңге болған еді. Қазақстанда қазір 10 қабаттан жоғары биіктіктегі 486 ғимарат бар екен. Олардың басым көпшілігі Астана, Алматы, Орал және Қарағанды қалаларында орналасқан. Тағы бір айта кетерлігі, биік ғимараттардың өртке қарсы жағдайы төмен. Аталған биік ғимараттардың 301-інде түтіннен қорғау құрылғысы жұмыс істемесе, 232 ғимаратта автоматты өрт дабылы жүйесі істен шыққан. Мұның барлығы 2009 жылғы деректерге негізделген. Ал бүгінгі таңда ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің деректеріне сүйенсек, өртке қарсы қызметті жарақтандыруда барлығы 415 өрт сөндіру депосы бар, оның 172-сі үлгі ғимараты, ал 243-і бейімделген ғимараттар. Соңғы 10 жыл ішінде қазіргі заманғы талаптарға сай 12 өрт сөндіру депосы ғимараты пайдалануға енгізілген.
Жыл сайын Алматы қаласының өзінде көптеген өрт оқиғасы тіркеледі. Білім ордалары, сауда нүктелері, ойын-сауық орталықтары, асханалар сынды адам көп жиналатын орындарда болған өрттің себептеріне қатысты түрлі болжамдар жасалғанымен, нақты қорытынды айтылмайды. Өрт – тілсіз жау, оның қай уақытта орын алатынын ешкім де болжап біле алмайды. Біздің мақсат – өрттің шығу себебін анықтау емес, қызыл жалынмен күресетін құтқарушылардың қызметін бағамдау болатын. Өрт сөндірушілердің тілсіз жауды ауыздықтауға ұзақ уақыт жұмсайтындығын жоғарыда келтірілген мысалдардан-ақ ұғуға болады. Қазақстандық өрт сөндірушілердің мұндай жылдамдығымен өрттен келетін шығынның көлемі арта беретіні сөзсіз.
Төтенше жағдайлар департаментінің деректеріне сенсек, тілсіз жауды жедел өшіру үшін өрт сөндірушілермен қатар, Ішкі істер департаменті, газ қызметі, су құбыры мамандары, электр мамандары да жұмылдырылуы тиіс. Өрт орын алған жердегі электр қуатын қию, газды тоқтату жұмыстарынан кейін ғана қызыл жалынды сөндіру жүзеге асырылуы қажет. Онсыз өрт сөндіру аса қауіпті. Өрт сөндірушілерге тәулігіне 50-60 дабыл келіп түседі екен. Олар өрт түрлерін үш топқа бөліп жіктейді: бірінші топқа орта деңгейлі өрттер, екінші топқа ірі ғимараттардағы өрт, үшінші топқа үлкен сарайлардағы өрт. Бірінші топтағы тілсіз жауды ауыздықтауға 3 техника жұмылдырылса, екінші топтағы қызыл жалынды тоқтату үшін өрт сөндіру қызметінің 60-70 пайызы аттанады. Ал үшінші топқа жататын өртті ауыздықтауға барлық өрт сөндірушілер жұмылдырылады екен. Кей кезде өрт сөндірушілер оқиға орнына кешігіп жетеді. Алматы жолындағы кептелістен олардың кешігуінің өзге себебін іздеудің де қажеті жоқ секілді. Оқиға орнына жол тартқан өрт сөндірушілер кептелісте тұрғанымен қоймай, өзге көліктер құтқару көліктеріне жол беруге де тырыспайтыны тағы бар. Негізгі ереже бойынша оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер ең алдымен адамдарды құтқарып, содан кейін ғана өрт сөндіру жұмысын бастауы қажет.
Өткен жылы Қазақстанда орын алған өрт саны 13 мыңнан асып жығылған, бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 9 пайызға артық. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің статистикасы бойынша, 2014 жылы 13420 өрт болып, 2 миллиард 956 миллион теңге шығын келіпті. Бір жылда өрттен 314 адам көз жұмып, 567-сі жарақат алған. Бұл жылы өрт сөндірушілер 12345 өртті дер кезінде сөндіріп, 1265 адамды құтқарып қалған. Ал 2012 жылы республика бойынша 16904 өрт болып, соның салдарынан 5,6 миллиард теңге материалдық шығын келіп, 521 адам көз жұмған. Бұл жылдағы өрт саны 2011 жылмен салыстырғанда 11 пайызға, материалдық шығын 12 пайызға артыпты.
Міне, өртке қатысты статистикалық деректер көңіл көншітерліктей емес. Ал өрт – адамның өмірі мен денсаулығына, қоғамға кесірін тигізетін, қоршаған ортаға ауқымды материалдық зақым келтіретін апат. Өрт жылдың әр мезгілінде орын алуы мүмкін. Сондықтан, Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен өрт сөндірушілердің жауапкершілігі мол болуы міндетті. Оған қоса, тұрғындар да өртке қарсы қауіпсіздік шараларын білгені жөн.