«АЯЛА» жеңімпаздарды марапаттады

«АЯЛА» жеңімпаздарды марапаттады

«АЯЛА» жеңімпаздарды марапаттады
ашық дереккөзі
Қасиетті Рамазан айында Астанада «АЯЛА» қайырымдылық қоры жетім балалар мен арнайы мектеп тәрбиеленушілері арасында өткізілген шығармашылық байқаудың қорытындысын жариялап, жеңімпаздарды марапаттады. Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында «Медикер» медициналық компаниясының павильонында балалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті. «Салауатты болашақ» атты байқауға елордалық балалар үйінен, «SOS  балалар ауылынан» және арнайы түзету мектеп-интернатынан 7-15 жас аралығындағы 29 шәкірт қатысқан. Байқауда жас суретшілердің денсаулық сақтау тақырыбына салынған туындылары сынға түсті. Жүлделі орын алған балалар 16 маусымда «ЭКСПО-қалашыққа» шақырту алып,  Philips компаниясы мен «АЯЛА» қайырымдылық қорының атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қазылар алқасының шешімі бойынша 1-орынға арнайы мектеп-интернаттың тәрбиеленушісі Ержан Дінислам ие болса, 2-орынға Ирина Олейник, 3-орынға Любовь Чугаева лайық деп танылды. «АЯЛА» қоры президентінің кеңесшісі Салтанат Әскербекқызының айтуынша, байқауда жүлде алмаған талантты балаларға да арнайы номинациялар бойынша сыйлық берілді. Мысалы, «Тақырыптың нақты ашылуы» номинациясы бойынша Анатолий Попов, «Креативті туынды» номинациясы бойынша Владимир Олейник, «Болашаққа көзқарас» номинациясы бойынша Лана Ыбраева және «Табиғатпен етене» номинациясы бойынша Альбина Нұрбекова мараптталды. Сондай-ақ, Ержан Қасқырбай «Ең жас суретші», ал Ұлан Тасполат «Ең жарқын сурет» иегері атанды.