Тәуелсіз елдің тұңғыш баспасөз министрі

Тәуелсіз елдің тұңғыш баспасөз министрі

Тәуелсіз елдің тұңғыш баспасөз министрі
ашық дереккөзі
229

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Өзбекәлі Жәнібековтей дана саясаткердің мектебінде шыңдалған еліне ардақты, халқына қалаулы азаматтардың бірі. Ол – Қуаныш Сұлтанов.

Қазақ халқы үшін Өзбекәлі Жәнібековтің орны бір бөлек. Қазақ мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан жан өз шәкірттеріне өнегелі тәрбие берді. Мемлекет пен ұлтқа қызмет етудің үлгісін көрсетті. Бұл мектептен өту – екінің бірінің маңдайына бұйырмаған. Жастайынан қағілез, қандай іс тапсырылса да тындырымды атқаратын Қуаныш Сұлтанұлы Жәнібековтің шекпенінен шыққан ұлттық үлкен тұлға.

Қуаныш Сұлтанұлының қазақ тәуелсіздігі жолында азды-көпті еңбегі сіңсе, ол Жәнібековтей ұстаздың арқасы. Сонымен бірге сол кездегі қазақ үкіметінің жас басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақты көре білетін кемеңгер қасиеті дер едік. Өз тұстастары арасынан Қуаныш Сұлтанұлының адамдық, азаматтық қабілет-қарымын ол кісі ерте байқады. Еліміздің Тәуелсіздігі жарияланған тұста, тар жол, тайғақ кешу кезеңінде өзіне жақын тартты, талай жауапты жұмысты сеніп тапсырды.

Кез келген адамның өмірлік ұстанымы болады. Қуаныш Сұлтанұлы жастайынан еңбек дегеннің не екенін біліп өсті. Өмірге қазіргі кейбір жастар секілді биліктің жоғарғы қабатындағы терезеден қараған жоқ. Ащы тірліктің дәмін ерте татты.

Ол еңбекке ерте араласты. Кеңестік кезеңде сатылап өсу үрдісі бар-тын. Оның өмірбаянына көз салған адам қай салада жұмыс істесе де жанын салып істейтін жауапкершілік қырын бірден байқар еді. Мемлекет ісіне жоғары біліммен, өмірлік мектептен өтіп, барынша даярлықпен келген азамат қызмет баспалдақтарынан сүрінген жоқ. Жас болса да бас бола білді. 36 жасында Орталық партия комитетінің әуелі мәдениет, одан кейін ұйымдастыру бөлімдерін басқаруы – осының айқын дәлелі. Екі жылдай Қарағанды облыстық партия комитетінің хат­шысы болды. Қазақстан Комсомол комитеті, Орталық партия комите­тіндегі қызметтер – Қуаныш Сұлтанұлының елге қызмет ету жолындағы алғашқы баспалдақтары еді.

Қазақстан комсомолы қызметінде жүргенінде Қуаныш Сұлтанұлының шарапаты тиген жандар өте көп болды. Соның бірі – Уәлихан Қалижан. Ол өзінің бір естелігінде сол бір күндер туралы былай деп сыр шертеді. «Алматы облыстық «Жетісу» газетінде қызмет ете жүріп, сырттай аспирантурада оқыдым. Енді диссертациямды қорғайын деп жүргенімде мені комсомолдың Орталық Комитетіне қызметке шақырды. Бірақ мен бармадым. Қазақша айтсақ, менің ол кезде үйім бар, партияның мүшесімін, диссертациям қорғалайын деп тұр еді. Соны қорғап алсам, ҚазМУ-де оқытушылық қызмет істегім келіп еді. Мен соны армандадым. Сол кездегі Қазақстан комсомол Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, бүгінгі Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов еді. Ол кісі менің жағдайымды естіп таңқалыпты. «Бұл жерге жұрт кіре алмайды, ал, бұл жігіт кіргісі келмейді, шақырың­даршы, танысайын», – депті. Мен қойқалақтап, барғым келмей жүргем. Бірақ сол кездегі «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаш» газетінің Бас редакторы Сейдахмет Бердіқұлов мені шақырып: «Әй, сені Қазақстан Комсомол Орталық Комитетінің бірінші хатшысы шақырса, неге бармайсың, ұят емес пе?! Бар. Алдынан өт. Қызмет істегің келмесе, оны да айт», – деді. Сонымен не керек, мен Комсомолдың Орталық Комитетіне бардым, бірінші хатшы қабылдады. Мен ол кезде, Алматы облыстық Жетісу газетінде «Жас түлек» дейтін жастар бетін шығарамын. Алматы облыстық комсомол комитетінің мүшесімін. Ол кезде Қазақ радиосында жастар проблемасына қатысты көптеген материалдарым өтіп жүрген, біршама адамдар да танып қалған кез еді. Сосын бірінші хатшы маған: «Адам деген бағын сынап көрмей ме, мына жерге телефон соғып қызметке алыңыз деп қаншама адам тұр. Сен енді кәсіби журналист болыпсың, мынау баспасөз қызметі, сен сол қызметте істеп көр. Сен сонда Комсомол Орталық Комитетінен қайтадан журналист болып кете алмаймын деп ойлайсың ба, әлде, комсомолдан ҚазМУ-ге мұғалім болып кете алмаймын деп ойлайсың ба? Қазір бұйрық шығады, бүгіннен бастап қызметке кіріс», – деп шорт кесті. Бұл бетбұрыс менің бүкіл тағдырымды өзгертіп жіберді. Мен сонда біраз қызмет істеппін. Қазақстан Орталық Комсомол Комитетіне қарасты біраз журналдар мен газеттер бар еді. Мен солардың идеологиялық, шығармашылық ауқымы немесе заманға сай болуына бағыт-бағдар беріп тұратын жұмыс істедім. Қуаныш Сұлтановтың өзі журналист болған соң, тілшілерді жоғары бағалайды. Көптеген мәселелерде Бас редакторларға телефон соғып, жиі шақыратын. Мысалы, «Балдырған» журналынан мүйізі қарағайдай Мұзафар Әлімбаев секілді тұлғалар қатысатын. Ол кезеңдердегі редакторлардың қаншама кеңестік жүйе деп айтқанменен, олардың азаматтық ұстанымы, көзқарасы ерекше болатын. Қалай болғанда да, ұлттық мәселеге келгенде, партияның Орталық Комитетінің өзі осы жастар газетінде шыққан материалдарға аса шұқшия қарамай, тепкілемей, қоғамдық ойды қозғайтын. Ұлтжанды азаматтар кез келген кезеңдерде болған», – деп жазады.

 Ұлт мәдениетіне ерекше көңіл бөлуінің бір сыры – Жәнібеков салған сара жолды меңгергендігі болса керек. 1990 жылдары ел тәуелсіздігіне қадам басар алғашқы сын сағаттарда сол кездегі Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлының шақыруымен идеология бөлімін басқарды. Еліміздің бас идеологы болып қызмет атқарған Қуаныш Сұлтанұлы кейін Қазақстанның тұңғыш Баспасөз министрі болды. Бұл тұста КСРО ыдырап, одақтық байланыстар үзіліп, мемлекеттің баспа-полиграфиялық қызметтері қатты дағдарысқа түскен болатын. Сондай қиын шақта көптеген қазақ газет-журналдарына жабылып қалу қаупі туды. Қағаз, қаржы тапшылығынан бірқатар басылымдар айлап, жылдап шықпай қалды. Газет-журналдар көптеп жабылып, ел дағдарысқа ұшыраған қиын кезеңдерде, қазақ газеттерінің өміршең болуы үшін күресті. Тіпті, қазақ баспасөзін құлдыраудан аман-есен алып шықты десек те болады. Қазақ журналистикасының жауынгерлері Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұловтың еңбектерін­де Қуаныш Сұлтанұлының сол кездегі қайраткерлік әрекеттері айқын да, ашық жазылады.

Қазақ баспасөзіне оның бүйрегінің ерекше бұруының да жөні бар еді: ол жастайынан қағаз бен қаламды өзіне рухани қару етті. Жазу – оның жай хоббиі емес, негізгі кәсібі мен нәсібіне айналған. Өзі журналист болған соң қазақ қаламгерлерінің жағдайын жақсы түсінді, шамасы келгенше ұлт зиялыларына кеңінен қолдау білдірді.

Қуаныш Сұлтанұлы Премьер-министрдің орынбасары, Қытай Халық республикасындағы өкілетті елші, Сенаттың Халықаралық комитетінің басшысы, Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің мүшесі, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы қызметтерін адал және абыроймен атқарды. Қай қызметте жүрсе де, Қуаныш Сұлтанұлы Елбасының сенімді үзеңгілес серігі болып келеді.

Қуаныш Сұлтанұлы Тәуелсіздіктің қазақ үшін қастерлі екенін айтады. «Алайда Тәуелсіздік үшін көп дүниені дәлелдеуге тура келді, сол бағытта қыруар жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде Тәуелсіздік жарияланды. Ал бүгін Қазақстандағы қазақтардың саны 65 пайызға жуықтады. Мінеки, осының өзі – Тәуелсіздіктің арқасымен келген ұлы жетістік. Тәуелсіздік – бүкіл қазақ елінің өсуі мен дамуының қайнар бұлағы, бастауы. Соны сақтау, жан аямай қорғау – міндетіміз, азаматтық ұлы парызымыз. Кейбіреулер ендігіде Тәуелсіздікке қауіп жоқ дегенге саятын пікірмен сөйлейді. Лайым, солай болсын. Бірақ бұл – жеңіл қараушылық. Бұл – өте-мөте жаңсақ айтылған сөз. Тәуелсіздікке қауіп көп әрі ондай қауіп әр кезде де болады. Ал оны сақтау жұмылған халықтың, береке-бірлігі жарасқан жұртшылықтың ғана қолынан келеді. Тәуелсіздік болмаса, бүгінгі жетістіктің бірде-біреуі болмас еді» деуі сондықтан.

Ұлттық сана, ұлт мәдениеті десе, ішкен асын жерге қояды. Қандай лауазымды қызметте жүрсе де, ұлт мүддесін алдыңғы кезекке қоюы осыдан болса керек. Ұлттық санамыз қалыптасып, әлемдік деңгейдегі елге айналсақ, мұның бәрі тәуелсіздігіміздің жемісі деп біледі. «Бізді Кеңес Одағы кезінде шетелдерде «орыс» дейтін. Қазір олай айтпайды. Нұрсұлтан Назарбаевты ешкім еш елде орыс демейді. Керісінше, Елбасына қарап, қазақты таниды. «Мықты қазақ» дейді. Ешкім «Неге Назарбаев?» – деп сұрамайды. Сол сияқты Олжас Сүлейменов, Қасым-Жомарт Тоқаев, Тимур Бекмамбетов, Марат Бисенғалиев, Айман Мұсақожаеваны ешкім «орыс» демейді. Бұл – Қазақтың тәуелсіздігінің арқасы. Тәуелсіз болған соң, ұлтымызды да мойындайды», – дейді Қуаныш Сұлтанұлы.

Қазақстанның ішкі саясатында жүрсе де, тіпті сыртқы саясатта болған кезінде де, оның ұлт мүддесі үшін қызмет етпеген кезі кемде-кем. Әрдайым, мемлекетшіл идеялар сын сағатқа түскен кезде, қол қусырып қарап тұра алмады. Елдің бірлігі мен берекесі жолында жан аямай күресті.

Қуаныш Сұлтанұлының мемле­кет­тік тіліміздің мәртебесін көтеру жолындағы жанқиярлық еңбегін көп адам бағалай білмей жүр. Туған тіліміздің өрісін кеңейтіп, пәрменділігін арттыру жолындағы оның өзекті ойлары кім-кімді де ойландырғандай.

«Мемлекеттік тілді қалыптас­тыруда аз дүние жасалып жатқан жоқ. Алайда неғұрлым көп шаралар жүзеге асырылғанымен, соғұрлым көптеген қазақтар мемлекеттік тілге немқұрайды қарауын тоқтатар емес. Әрине, ешкімге өкпе айта алмаймыз. Ешкім қазаққа қазақша сөйлеме деп жатқан жоқ. Сол қажеттілік қазақтың өзінің санасына жетпей жатыр. Қандай шара қолдансақ та қазақтың өзінің санасы оянбай жатыр. Қазір қараңыз, кез келген мемлекеттік құзырлы орындарда министрліктерде, әкімдіктерде, Үкіметте, Парламентте мемлекеттік қызметкерлердің 90 пайызға жуығы қазақтар. Бірақ, бәрі бір-бірімен кеңседе, асханада, көшеде де көбіне орыс тілінде сөйлеседі. Әсіресе, жас қызметкерлер. Кейбір ата-аналар да балаларымен орысша сөйлеседі. Тіпті Кеңес Одағын көрмесе де, көбіне қалалық жерде оқыған қазақ жастарының арасында мүлдем қазақ тілінен мақұрымдары бар. Елімізге шеттен келген қандастарға «орысша білмейсің», «қағазды орысша толтыр» деп жүргендер де қазақтың жас шенеуніктері. Олар тағы онысына қысылмайды. Ескерту айтсаң, одырайып, дөрекілікпен жауап береді. Елдің бәрін, бүкіл мемлекетті кінәлайды, тек өзі ғана «періште». Ал, екінші жағынан бұл келеңсіздікті эгоизмнің «жемісі» деп айтар едім. Кейбір ресми отырыста мемлекеттік тіл туралы айта бастасаң-ақ, «осы кісі-ақ қоймайды екен» дегендей жақтырмай қарайды. Қауіптісі – Ресейдің солтүстік халықтарының (чукча, ханты, мансы, ненец, эскимостардың), Алтайдағы этностардың тағдыры ешкімді ойлантпайды. Анығында, бұл біз үшін үлкен сабақ болу керек еді.

Сондай-ақ, біздегі тілдік кемістік – жүйедегі кемшіндіктен де болар деп ойлаймын. Қазақ тілінде сөйлегісі келмейтін қазақтардың ұлттық сана туралы тіпті де ойламайтыны анық. Сондықтан, тілдік орта, талап, міндет, қажет ұғымдарын қалыптастыру үшін әлі көп жұмыс жасау керек. Әрине, көп уақыт та керек болар. Санада мемлекеттік тәуелсіздіктің құнын, бағасын түсінбеушілік сіресіп тұр. Жаңа ұрпақ тек еркіндікті біледі. Бұрынғы бодандық жағдайынан хабары жоқ. «Өмір бүгінгідей қалыптасқан екен, ылғи осылай болады екен», – деп ойлайды. Сондықтан келер ұрпаққа тәуелсіз мемлекеттігіміз туралы, оны сақтау, қорғау қажеттігі, ұлт пен тіл болашағы жайында айтудан жалықпауымыз керек», – деп жазады мемлекет және қоғам қайраткері.

Қуаныш Сұлтанұлының туған жерге деген іңкәрлігі алабөтен. Ол өзінің туған ауылында мешіт салдырды. Мұндай сауапты іс атқаруға не түрткі болуы мүмкін? Әрине, оның бойындағы елге, жерге, туған ауылы – алтын бесігіне деген ыстық махаббат. Алайда қашан да атқарған ісін айқайлап, «мен жасадым» демейтін асыл қасиетін осы бір сауапты тірлігінен де аңғаруға болады.

– Бастамашылдық – менікі. Ауыл тұрғындары да өтініш білдірді. Бірақ жұмысты тындырған інім мен ұлым. Кіндік қаным тамған алтын бесік ауылым – аталарым, әкем, анам, бауырларымның жатқан жері. Өзі кішкентай ғана мешіт. Одан тыс, туған ауылға ауыз су құбырын жүргізуге, кезінде екі қабатты орта мектепті, соңғы жылдары мәдениет үйін, кітапхананы жөндеуге және телефон жүйесін жүргізуге тікелей ықпал ету мүмкіндігім де болды, – дейді Қуаныш аға ағынан жарылып.

Өзі армандағанындай, әрдайым ұлт сапасын көтеруге еңбек етті. Елбасы сенген, Елбасы үміт артқан үзеңгілес серіктерінің бірі де осы Қуаныш Сұлтанұлы еді. Ол – жоқ пен барды қадірлей білген, еңбекқор, шыншыл, қаламгер, өнерпаз, еліне-халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан мемлекет қайраткері. Бұл күнде ардақты ата, бір әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың абыз ақсақалына айналған Қуаныш Сұлтанұлының жүзінен де, ісінен де жастықтың лебі еседі. Өмір бойы адамдарға жақсылық жасауға ұмтылумен келе жатқан осы бір ізгі жанның бойындағы жастық жалын сөнген жоқ. Біз соған қуанамыз.

«Асыл адам айнымас» дейді хал­қымыз. Өмірлік ұстанған бағытынан, азаматтық ұстанымы мен адамдық асыл қасиеттерінен бір жазбай келе жатқан Қуаныш Сұлтанұлы ел Тәуелсіздігін баянды ету жолында білек сыбанып, бел шешіп еңбек ете береді.

Сағымбай Қозыбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Алмагүл Құрманбаева, аға оқытушы

Серіктес жаңалықтары