Соғыс және қасірет
Соғыс және қасірет
Рас, жеңіс оңай келген жоқ. Миллиондардың қанымен келген жеңіс бұл. Ең алдымен, жеңістің басты себебі – халықтың Отанға деген шексіз сезімі, қайтпас қайсарлығы, сын сағаттардағы отаншылдық қасиеті басты назарда болғаны рас. Әрі ортақ жауға күресте Кеңес Одағын мекендеген халықтарының ынтымақ-бірлігі де басты себеп болғаны анық еді. Олар бұл соғыста бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білді.
Адамзат ғұмырында сан алуан соғыс өткен. Бұл соғыстар адамзат тарихындағы нағыз тіршіліктің қасіреті саналатын зұлмат болып есептеледі. Санамалап көрейікші, ХХ ғасырдың өзін алғанда екі дүниежүзілік соғыс өтіпті. Одан бөлек, ағылшын-бур, орыс-жапон, Балқан, грек-түрік, кеңес-фин, Үндіқытай, АҚШ-Вьетнам, Араб-Израиль, Корея, Алжир, Ауған, Иран-Ирак, Англия-Аргентина қақтығыстары мен Иракқа қарсы коалиция соғысы, НАТО-ның Югославияны бомбалауы сияқты сан-алуан шайқастар өтті. Соғысты болдырмаудың алдын-алу үшін түрлі халықаралық ұйымдар құрылды. Алайда бұл қасіреті тоқтамақ емес: Жер шарының түкпір-түкпірінде қайталанып отырады. Адам баласы үшін зор құрбандықтар мен тауқымет алып келетін оның тарих көшінен қалмай күні бүгінге дейін жалғасын табуының себебі бар ма?
Бұл жайында, яғни алапат соғыстардың шығу тегі мен себеп-салдары, зардаптары төңірегінде талай құнды еңбектер дүниеге келді. Бірақ одан сабақ алған түріміз жоқ. Әлемдік тарихта зұлматты бастан өткермеген бірде-бір мемлекет, бірде-бір халық жоқ екен.
Соғыстар адамдар қауымдастығының бірлесуінен кейін-ақ мемлекетпен бірге қосақталып келе жатқан құбылыстардың бірі болып саналады. Сұрапыл шайқастар соғыс тарихының ғана емес, әлемдік тарихтың да қатпарлы беттері. Бүкіл халықтардың тағдырына әсер еткен, орасан зор территорияға иелік ету мүмкіндігін берген, кейбір елдердің жүздеген жылдық тарихын айқындаған қантөгістердің болғандығы тарихтан бесенеден белгілі. Зұлматтардың болуы үшін көптеген мемлекеттердің экономикасы, адам күші, саясаты және барлық «ақыл-ойы» жұмыс істеді. Аты жеккөрінішті соғыстың қандай да бір мақсатты жүзеге асыру үшін жүргізілетіні анық. Ол тіпті саясат құралына айналды. Соғыстың салдарынан адамзат түрлі қаруларды ойлап тапты, соғыс техникаларын жетілдірді, жаңа тактикалар пайда болды. Мұның бәрі өз қарсыласын жеңу үшін адамдардың ойлап тапқан жаңа жүйесі болатын. Бұл қарулар адамдарды өлтіру, жерін тартып алу, аяушылық сезімдерін жоғалтудың таптырмас мүмкіндіктері еді.
Рас, соғыс аяушылықты білмейді. Оның заңы қатал және әр қырлы. Соғыс барысында қарсыласын ғана жеңу мақсат емес, сол жолда өз елінің азаматтарын да жазалауға болады. Соғыс үшін әскери тәртіп енгізілді. Сөйтіп, мыңдаған, жүз мыңдаған адамдар тетікке айналады. Олар еріксіз жұмыс күшіне тартылды. Оған мойынсұнғысы келмегендерді ауыр жаза күтіп тұрды. Мұның зардабы майданда ғана емес, тылда да көрінеді. Мың миллиондаған адам асыраушысынан айрылды, аштан қалды. Аурудан қырылды. Бұл – адамзатқа әкелген соғыс дерті болатын.
Көптеген шайқастар тарихқа түбірлі өзгерістер әкелсе, кейбір шайқастарда жаңа соғыс тактикасы енгізілді. Мысалы, орта ғасырдағы Босворт түбіндегі шайқас соғыс өнеріне жаңалық әкелмегенімен Англиядағы ақ роза мен алқызыл роза арасындағы азамат соғысының аяқталуына алып келді, Косово шайқасы Сербия мен Балқан халықтары үшін маңызды рөл атқарса, 751 жылғы Талас шайқасы Қазақстан мен Орталық Азияның бір бөлігіне ислам дінінің енуіне ықпал етті. Швед королі Густав Адольф соғыс тарихында алғаш рет линиялық тактиканы қолданса, Лепанто маңындағы шайқас ескекті кемелер қатысқан ең ірі шайқас ретінде тарихта қалды.
Тағы бір мысал, соғыс және бейбітшілік төңірегінде алсақ: Соғыс саяси-құқықтық ілім ойшылдарының назарынан да тыс қалмады. Солардың бірі – неміс әскери ғылымының теоретигі және тарихшысы Карл Филипп Готфрид Клаузевиц (1780-1831) болды. 130-дан астам соғыстар мен жорықтарды зерттеп, «Соғыс туралы» үш томдық кітап, басқа да көптеген әскери-тарихи еңбектер жазған оның дүниетанымына неміс классикалық философиясы, ал саяси көзқарастарының қалыптасуына XVIII ғасырдың соңындағы Ұлы француз революциясы мен Еуропа халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы ықпал етті.
Клаузевиц халықтар мен мемлекеттер арасында болған соғыстардың әскери және саяси мәнін зерттей келіп, тұңғыш рет соғыстың саяси мәні, соғыс пен саясаттың өзара байланысы туралы қағидаларды тұжырымдап, «Клаузевиц формуласын» жасады. Ол саясат, соғыс және соғыс өнерін өзара байланыста, өзара тәуелділікте және даму тұрғысынан қарастырды. Клаузевицтің формуласы бойынша: «Соғыс дегеніміз тек саяси акт қана емес, саясаттың нағыз қаруы, яғни, саясатты басқа құралдармен жалғастыру. Егер онда өзіндік бірдеңе қалатын болса, ол тек оның құралының ерекшелігіне ғана қатысты. Тұтас алғанда соғыс өнері және қолбасшы әрбір жекелеген жағдайда саясаттың бағыты мен ниеті соғыс құралдарына кереғар келмеуін талап етуге хақылы. Бұл талап тіпті де елеусіз нәрсе емес, бірақ саясаттың ниетіне оның ықпалы қаншалықты күшті болғанымен, бәрібір бұл ықпалды саясаттың түрін өзгертуші деп қана білу керек. Өйткені саяси ниет – мақсат, ал соғыс – оны іске асыру құралы. Сондықтан да құралды ешқашан мақсаттан бөліп алуға болмайды».
Ал себебі туралы ғалым былай деп толғанады: «Соғыс – ермек емес, ол жай ғана тәуекел мен сәттілік саналатын ойын емес, еркін шабыттың туындысы емес, ол – елеулі мақсатқа жетудің елеулі құралы. Соғыста кездесетін бақыттың бүкіл сан алуан бояулары, нәпсінің бүкіл толқулары, ержүректік, қиял, оның мазмұнына кіретін шабыт – мұның бәрі құрал ретінде тек соғыстың ерекшеліктері».
Ғалымның тұжырымдамасына келіспеске амалымыз жоқ. Оның пікірінше, адамзат қоғамындағы соғыс – тұтас халықтардың және өркениетті халықтардың соғысы әрқашан саяси жағдайдан туындайды екен. Жөн-ақ делік. Ғалымның пікірінің жаны бар. Өйткені соғыстың ешқашан саяси қатынастан бөлек қаралмайтынын, ол тек сол қатынастардың бір бөлігі екенін айтып отыр. «Соғыс – саясаттың құралы, оған соңғысының сипаты сөзсіз тән болуға тиіс, оны саясаттың өлшемімен өлшеу керек. Сондықтан соғыс жүргізу дегеніміз өзінің басты белгілерінде қаламды семсермен алмастырған, бірақ бұдан өзінің дербес заңдары бойынша ойлауды тоқтатпаған, саясаттың нақ өзі», – дейді ғалым.
Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың басталғанына – 74 жыл, Ұлы Жеңіске – 70 жыл. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, екінші дүниежүзілік соғысты Германияның Польшаға басып кіруінен, 1939 жылдың 1 қыркүйегінен бастайды. Алты жылға созылған екінші дүниежүзілік соғыс, төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысы бұған дейін тарихта болмаған ірі-ірі шайқастарымен әйгіленді. Атап айтар болсақ, Сталинград түбіндегі шайқас, Курск иініндегі сұрапыл, Днепрден өту, Ленинград қорғанысы, Берлинді алу, Солтүстік Африкадағы Эль-Аламейн шайқасы, одақтастардың Нормандиядағы әлемдік соғыс тарихындағы ең ірі десанттық операциясы, теңіз шайқастарынан Перл-Харбор, Ява аралындағы, Королл айдынындағы, Гуадоканал аралындағы шайқастарды атап өтуімізге болады.
Бұл соғыста әскери қолбасшылар да өздерінің ұйымдастырушылық таланттарымен әйгілі болды. Көптеген елдердің әскери қолбасшылары адамзат тарихындағы ең ірі соғыста өз елдерінің ғана емес, екінші дүниежүзілік соғыстың тағдырын шешкен әскери операцияларын дайындады және оларды аса дәлдікпен жүзеге асыра білді. Олардың қатарына И. Баграмян, А.Василевский, Н.Ватутин, Ф.Говоров, Г.Жуков, И.Конев, Р.Малиновский, К.Рокоссовский (Кеңес Одағы), Дж. Коллинз, Д.Макартур, Р.Тернер, Д.Эйзенхауер, О.Брэдли (АҚШ), Б.Монтогомери, У.Теддер, А.Уэйвелл, Б.Фрейзер (Ұлыбритания), Шарль де Голль (Франция), К.Маннергейм (Финляндия) және тағы басқаларды жатқызуға болады.
Әскери таланты мен ақыл-ойын басқыншылық операцияларға жұмсаған Ф.Бок, Д.Дениц, Э.Манштейн, В.Модель, Ф.Паулюс, Э.Роммел (Германия), И.Ямомота, Т.Ямасита (Жапония), Дж.Мессе (Италия) және тағы басқаларсыз аталған елдердің жаулап алу соғыстарын көзге елестету қиын. Өйткені жаулап алу соғыстары да тарих. Олардың аттары да соғыс тарихында қалды.
Одақтас мемлекеттер басшылары И.Сталин, Ф.Рузвельт, У.Черчилльдің күллі адамзат баласына қауіп төнген сын сағатта өзара келісімге келіп, антигитлерлік одақ құруы және олардың қатысуымен өткен Теһран, Ялта, Потсдам конференциялары шешімдерінің екінші дүниежүзілік соғыстың басым бағыттарын айқындай алғанын және ортақ жеңіске жеткізе алғандығын бүкіл адамзат баласы мойындайды. Батыс Еуропаны жаулап алып, аяғына таптаған, сол елдердің экономикалық күш-қуатын пайдаланған, бақайшығына дейін қаруланған, соңғы әскери техникамен жарақтанған, жаулап алу ұрыстарының тәжірибесінен өткен, сан жағынан да, әскери техника жағынан да әлдеқайда басым жауды біз қалай жеңдік? Бір сәт ойланып көрелікші.
Бұл соғыс адамзат баласына аз қасірет әкелген жоқ. Оған 1,7 млрд. халқы бар 61 мемлекет (әлем халқының 80 пайызы) қатысты. Соғыс қимылдары 40 мемлекеттің жерінде жүріп, 110 млн. адам әскер қатарына алынды. 60 млн. адам қаза тапты. Әлемдік тарихта “Холокост” деген атпен белгілі болған еврей халқын жою саясаты жүргізілді. Фашистер 6 млн. еврейді қырғынға ұшыратты. Соғыс жылдарында КСРО – 27 млн., Германия – 13,6 млн., Польша – 6 млн., Қытай – 5 млн., Жапония – 2,5 млн., Индонезия – 2 млн., Югославия – 1,7 млн., Филиппин – 1 млн., Франция – 600 мың, Англия – 375 мың, АҚШ – 275 мың, Австрия – 350 мың, Италия – 330 мың, Румыния – 300 мың, Венгрия – 200 мың, Финляндия 84 мың адамынан айырылды.
Ал АҚШ Жапонияға қарсы соғыста үлкен шығынға ұшырады. Өкініштісі сол, бұл шығындардың қайырымын АҚШ үкіметі ешқандай ақтауға келмейтін екі атом бомбасымен «өтеді». Мұны Трумэннің Жапониядан кек қайтару саясаты деп түсінсек те болады.
Жеңіске қазақтардың да қосқан үлесі аз емес. Бұл зұлматта 1млн. 360 мың қазақстандық Кеңес Армиясының қатарында ел қорғауға аттанды. Олар фашистермен қарсы күресте жан аямай ерлік көрсетті. 600 мың қазақстандық майдан далаларынан қайтып оралмады. Бұның ішінде 550-600 мың қазақтың 350 мыңы майданда қаза тапты немесе хабар-ошарсыз кетті. Қарапайым арифметикаға жүгінсек, Кеңес халқының 15 пайызы, қазақстандықтардың 11 пайызы (майданға аттанған әрбір қазақстандықтың екіден бірі, қазақтың 70 пайызы) қаза болды. Олардың сүйегінің қай жерде шашылып қалғанын немесе қайда жерленгені туралы деректер әлі күнге нақты емес. Генерал Суворовтың: “Қаза тапқан соңғы орыс солдаты жерленіп, құрметке ие болғаннан кейін ғана соғыс аяқталды деуге болады” деп айтқанындай, әлі күнге дейін соғыста қаза болғандарға лайықты құрмет жасаған емеспіз.
«Бір адамның өлімі – трагедия, миллиондардың өлімі – статистика». Бұл – Сталиннің сөзі. Соғыста құрбан болғандардың санын есептеуде өкінішке қарай, статистикаға жете алмай қалдық. Мыңдаған адамдар ескерусіз қалды, хабар-ошарсыз кеткендер қаншама?! Сатқындар жазаланды. Осылайша, статистика өрескел бұрмаланды.
Жеңіс құрбандықсыз болмайды. Жеңісте орасан зор құрбандықтар болуы – онда жеңімпаздардың да болмайтындығын көрсетеді. Ағылшын саясаткері А. Чемберлен (1869-1940) «соғыста жеңгендер болмайды, тек жеңілгендер ғана болады» дейді. Аяқталған соғыстың нәтижесін жеңгендер мен жеңілгендер деп қорытындылауға болмайды. Өйткені соғыс қай елге болса да, қасірет әкеледі. Немістің ұлы ойшылы, философ Ф.Ницше (1844-1900) «соғыс – жеңімпазды ақымақ етеді, ал жеңіліс – кекшіл етеді» деп бекер айтпаған. Соғыс – тілмен шеше алмаған саяси түйінді тіспен шешудің тәсілі. Қалай десек те соғыс пен саясатты бөле-жара қарауға болмайды. Клаузевиц тұжырымдағандай: «Саяси ниет – мақсат, ал соғыс тек құрал, сондықтан құралды ешқашан мақсаттан бөліп қарауға болмайды. Соғыс тіпті де дербес бірдеңе емес, ол саяси қатынастардың бір бөлігі ғана». Екінші дүниежүзілік соғыс та саясаттың соғыс арқылы жүргізілген ең ауыр зорлық актісін іс жүзінде көрсетуі болды.
Бастысы, Жеңіс күнін жақындатқан, қаратүнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен әрбір жауынгердің алдында қарыздармыз! Отанымыз аман, еліміз тыныш болса, сол соғыс құрбандарының ерлігі! Тірілерге құрмет көрсетіп, қаза болғандарды иманы жолдас болсын деп еске аламыз. Бұл Жеңіс – біздің халқымыздың орасан зор құрбандықтарымен келген қасіретті арифметикасы. Соғыс салған зардаптың салдарынан әлі күнге айыға қойған жоқпыз. Бүтіндей әулеттің түбіне жеткен, ошағын өшірген, ананы жесір, баланы жетім қалдырған бұл алапаттың зардаптарын жою қашанға дейін созылады? Бір нәрсе ғана ақиқат: олардың Отан үшін қан кешкен әрбір қадамы, Жеңісті жақындата түскен әрбір күні ұмытылмайды. Өйткені, ерлік шежіресі ұрпаққа ұлағат, ертеңгі күнге үлгі боларлық сабақ. Соғыстың барлық тарихи дәуірлерде қоғамның дамуына кері әсерін тигізгенін ешқашан да ұмытуға тиіс емеспіз.
Ел ардақтыларымен қымбат!
Ер елімен құнды!
Барымызды бағалайық!
Мұрат Бақтиярұлы, сенатор, саяси ғылымдар
докторы, профессор