295
22-25 маусымда – Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы
22-25 маусымда – Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы
Биыл 22-25 маусым аралығында Астанада халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы өтеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz.
Құрылтай бағдарламасының негізі ҚР Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласында айтылған тұжырымдамалық идеяларына құрылған.
Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға болып саналады. Ол 1992-2017 жылдар аралығында өткен бес Құрылтайдың өзара сабақтастығының бар екендігін көрсетеді жәнетәуелсіздік кезеңдерінде Қазақстан Республикасының айтулы табыстарға, соның ішінде этникалық көші-қон саясатының жетістіктерінеқол жеткізгендігін паш етеді.
Құрылтай жұмысына барлығы 750 делегаттар мен қонақтар қатысады, оның 350 адамы алыс және жақын шетелдердегі әлемнің 39 елінен келді. Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80 пайызы мұндай іс-шараға алғаш рет қатысады. 750 делегаттар мен қонақтардың басым көпшілігі ғылыми-шығармашылық және педогогикалық зиялылар өкілдері, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері болып саналады.
Алдыңғы төрт Құрылтайға қатыспаған әлемнің сегіз елінен V Құрылтайға делегаттар мен қонақтар келіп отыр. Олардың қатарында Жапония, Корея Республикасы, Италия, Ирландия, Черногория, Польша, Әзірбайжан, Молдова елдері де бар. Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 60 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар құрайды. Олар дені - түрлі елдердегі және Қазақстандағы жастар ұйымдарының, студенттік бірлестіктерінің көшбасшылары, магистранттар, докторанттар және жас мамандар. Құрылтай аясында тұңғыш рет "Нұр Отан" партиясының қолдауымен "Жастар рухани жаңғыруды қолдайды" атты дүниежүзі қазақ жастары көшбасшыларының форумы өтеді.