406
Қазақстан Қытаймен мұнай келісімшарттарын ұзарту мәселесін қарайды
Қазақстан Қытаймен мұнай келісімшарттарын ұзарту мәселесін қарайды
Қазақстан Қытаймен мұнай келісімшарттарын ұзарту мәселесін қарайды. Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге ресми сапармен келген ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен шағын құрамда келіссөз өткізу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 25 пайызы қытай компанияларының үлесіне тиесілі. Қазіргі уақытта олар келісімшартты ұзарту мәселелерін көтеріп отыр. Біз тыңғылықты қарастыратын боламыз. Өйткені олар біздің жақсы серіктесіміз, бірлесіп жұмыс істейміз. Сіздермен бірлесіп жұмыс істеген осы жылдарда Қазақстан арқылы 100 млн тоннадан астам мұнай, 180 млрд текше метрден астам газ жеткізілді. Қытайлық шекарашылар мәліметтеріне сәйкес тауар айналымы 46, ал біздің мәліметтер бойынша 30 пайыз өскен. Мұндай айырмашылық неліктен орын алғандығын білмеймін», - деді ҚР Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдан 51 кәсіпорынды Қазақстанға көшіру туралы уағдаластық бар екендігін, бүгінгі күні оның үшеуі жұмыс істеп тұрғанын, алтауы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
«Сіздің Ұлы Жібек жолын дамытуға бағытталған «Бір жол, бір белдеу» идеяңызды айрықша атап өткім келеді. Сіз оны алғаш рет бізде жария еттіңіз және біз Ұлы Жібек жолы мен «Нұрлы жолды» белсенді қолдадық. Осы уақыттың ішінде Қазақстан Қытайдың шекарасынан Каспий теңізіне дейін темір жол төсеп шығып, Қорғас пен Алматыны жалғастырды. Осылайша, Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияны Қытаймен байланыстыру мәселесі түбегейлі шешілді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.