Жазда теңге бағамы қандай болмақ?

Жазда теңге бағамы қандай болмақ?

Жазда теңге бағамы қандай болмақ?
ашық дереккөзі
271
Теңге бағамы тұрақталып келеді. Соңғы мәлімет бойынша, теңгенің долларға шаққандағы құны 313/314 теңгені құрап отыр. Осыдан екі жыл бұрын бұл көрсеткіш соңғы рет тіркелген болатын. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2017 жылғы сәуірде халықтың айырбастау пункттерінде долларды қолма-қол сатып алу көлемі өткен аймен салыстырғанда 3 еседен аса төмендеп, 88,4 миллион долларды құрады. Бұл көрсеткіш 2016 жылғы шілдеден бергі ең төмен көрсеткіш болып табылады. Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының ауытқулары теңгенің бағамына өз әсерін тигізуде. ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев атап өткендей, Қазақстан экономикасы тұрақты болуы үшін мұнай баррелінің бағасы 50 доллардан кем болмауы керек. Алайда мұнай бағамы күн сайын ауытқып отыратыны белгілі. Олай болса, теңге бағамының әлі де көтерілу қаупі бар ма немесе ол қай мезгілге парапар келеді? Жаз айларында теңге бағамы қандай болмақ? Арман Байғанов, сарапшы: – Мұнай бағасының құлдырауы алаңдатады, әрине. Қазіргі таңда теңгені нығайтудың орынсыздығы жөнінде бірнеше фактор келтіруге болады. Бірақ мұнайдың  жағдайы басқаша. Қазақстанның қазіргі экономикасында мұнай бағасы төмендеп, теңге құны көтерілген кездер болған. Сондай-ақ, мұнай бағасының көтерілгеніне қарамастан теңгенің әлсіреген тұсы да кездескен. Бірақ дәл қазір біздің ұлттық валюта Ресей рубліне қарай құбылып отыр, ал рубль мұнайға қарай өзгеруде. ОПЕК келісімі бойынша, мұнай өндірісін азайтуды ұзарту арқылы мұнай бағасын реттеуге болады, дегенмен, айтарлықтай ықпал ете алмайды. Таяуда АҚШ президенті Дональд Трамп Арктика мен Атлантика қайраңындағы мұнай өндірісіне қойылған шектеуді алып тастады. Енді мұнай компаниялары ол жерде өз қажетіне қарай мұнай өндіру ғана емес, экспортқа да мұнай шығара бастайды. Десе де қара алтынның құнын АҚШ-та өндірілген мұнай түсіріп отырған жоқ. Бұл қымбат бағаға қарсы жұмыс істейтін алыпсатарлардың қитұрқысы. Сонымен қатар жақында Ресей банкі негізгі мөлшерлемені 5 пайызға түсірді. Нарықтағы қажеттілік ұлғайды, сәйкесінше рубльді әлсіретті. Меніңше, Ұлттық банк әлі де теңгенің құнсыздануын ұстап отыр. Ілияс Исаев, экономист: – Теңге рубльге қатысты өзгереді деген пікір дұрыс емес. Рубль мен теңге бірдей өзгеріп отырады. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың көлемінде экспорттық, импорттық сауда-саттықта Ресеймен жиі байланыста. Рубль долларға қатысты қалай өзгерсе, теңге долларға қатысты солай өзгеріп отырады деп айтқан дұрыс. Сондықтан рубль мен теңгенің арасында тікелей байланыс жоқ, бұл жерде байланыс тек доллар арқылы. Ішкі нарықтағы теңгенің бағамы неге өзгереді? Экономика ғылымдарында ішкі конвертация және сыртқы конвертация, аралас конвертация деген түсінік бар. Қазақстанның ішкі валюта нарығында долларды сатып алатын өзіміздің резидент және долларды сататын да өзіміздің резидент болса, осы саудаға қатысатын валюта бағамының мұнайға ешқандай қатысы болмайды. Ішкі валюта нарығының мұнайға еш қатысы жоқ. Қазақстандық валюталық нарықта сату-сауда тек қана екі резиденттің арасында болып жатыр. Ішкі конвертацияға шектеу қоюға болады, бұл әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылады. Бұл дегеніңіз, валюта бағамын төменгі деңгейде ұстап отыру, теңгені күшейту. Дедолларизация дамыған сайын біртіндеп соған келе жатырмыз. Қазір ақша массасын дедолларизациялау процесі 48,8 пайызға жетті. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Бұл ішкі нарықтағы теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сондықтан сауда-саттық кезінде валюталық бағамды мұнайдың бағасына байланыстыру сауатсыздық. Негізі валюта бағамының өзгеруіне ішкі өнім, жұмыссыздық, инфляция деңгейі, еңбек өнімділігі, яғни отандық өнеркәсіптің күш алуы ықпал етеді. Біздің отандық өнеркәсіп әлі күшіне ене алмай отыр. Айталық отандық кәсіпкерлер өзінің шығарған өніміне қолданатын шикізат – электр энергиясы, жұмыс күші отандық бола тұра «валюталық бағам қымбаттады, менің тауарым қымбаттады» десе – бұл ақымақтық. Екінші, алыпсатарлар валюталық бағамға әсер етеді, бірақ Қор биржасының көлемінде ғана. Үшінші психологиялық фактор, соңғы кездері елімізде психологиялық фактор күш алып кеткен. Мысалы, Францияда президент сайлауы науқанында Мари Ле Пен Еуроодаққа қарсы Францияның өз валютасы болады деп сөйлегенде еуро бірден құнсызданып кетті, Эммануэль Макрон Еуроодақта қаламыз деген концепциясы арқылы президент болып сайланғанда, еуро күшейді. Міне, психологиялық фактор деген осы. Валерий Полховский, Forex Club сарапшысы: – Brent маркалы мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы 56-57 долларға жақындаған кезде теңгенің долларға қатысты бағасы 310 теңгеге түскенін көрдік. Бұл көрсеткіш азайып, 52 долларға түскенде теңгенің 315-ке жуықтағанына куә болдық. Соңғы екі аптада, тіпті, жыл басынан бері осы тенденция тұрақты қалыптасты. Менің ойымша, жыл бойы 310-320 теңге төңірегінде ауытқулар болады. Мұнай бағасы 60 доллардан асса ғана, теңге бағамы 300-ге жуықтауы мүмкін. Бірақ жуық арада мұндай көрсеткіш бола қоймас. Бәлкім, жаздың ортасында болуы мүмкін.    

Серіктес жаңалықтары