Қазақстан әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Ресей мен Түркияны басып озды

Қазақстан әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Ресей мен Түркияны басып озды

Қазақстан әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде  Ресей мен Түркияны басып озды
ашық дереккөзі
Швейцариядағы Әлемдік бәсекеге қабілеттілікті зерттеу жөніндегі орталық Менеджментті дамыту халықаралық институты (IMD, Швейцария, Лозанна) ағымдағы жылдың 31 мамырында 2017 жылғы Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінің нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. IMD рейтингі елдердің әлемдік бәсекеге қабілеттілігін салыстыру саласында ең танымал әрі беделді институт болып табылады. Анықтама ретінде айта кетерлігі, IMD әдіснамасының негізіне бәсекеге қабілеттіліктің 4 факторы бойынша ұлттық ортаны бағалау алынады, бұлар: Экономикалық қызмет; Үкімет тиімділігі; Бизнес тиімділігі; Инфрақұрылым. Факторлар әрқайсысының салмағы 5% құрайтын 20 субфактордан тұрады. Рейтингке негізінен 342 көрсеткіш енеді, оның 2/3-і статистикалық мәліметтерге, 1/3-і сауалнамаларға негізделген. Қазақстан алғаш рет бұған 2008 жылы қатысқан болатын. IMD Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингі бойынша 2017 жылы Қазақстан 15 позициясын жоғарылатып, 32-орынға шықты. Осылайша жаһандық рейтингте Қазақстан 2014 жылғы орынға қайта көтеріліп отыр ( 2014 жылы - 32-орын, 2015  жылы - 34,  2016 жылы - 47). Сонымен қатар, IMD-2017 рейтингі бойынша өздерінің көрсеткіштерін жақсартқан елдер қатарында Қазақстан айтарлықтай серпіліс жасаған. Мәселен, Қытай рейтинг бойынша 7 позицияға жоғарылады, Индонезия - 6, БАӘ - 5 позицияға көтерілген. 2017 жылғы әлемдік рейтингте 63 мемлекетке бағалау жүргізілді. Әлемдік бәсекеге барынша қабілетті мемлекеттер ретінде Гонконг, Швейцария және АҚШ-ты 3-орыннан сырғытқан Сингапур бар. Қазақстан рейтингте Испания (34-орын), Италия (44), Үндістан (45), Ресей (46) және Түркия (47) секілді мемлекеттердің алдында тұр. IMD Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан 4 фактордың екеуі бойынша жақсы позиицияларды иеленген, бұлар: «Үкімет тиімділігі» (19-орын, 12 позицияға жоғары) және  «Бизнес тиімділігі» (23-орын, 21 позицияға жоғары). Осы факторлар арасында Қазақстан позицияларының мейлінше өсімін көрсеткен субфакторлардан «Мемлекеттік қаржыландыру» (4-орын, 47 позицияға жоғары) және «Менеджмент практикасы» (14-орын, 32 позицияға жоғары) болып отыр. Қазақстанның әлсіздеу факторлары «Инфрақұрылым» бойынша (43-орын, 5 позицияға жоғары) және «Экономикалық қызмет» (54-орын, 2 позицияға төмен). Сонымен бірге, «Инфрақұрылым» факторы бойынша 5 құрамдастың 4-уінде өсім бар, олар: «Базалық инфрақұрылым» (32-орын, 10 позицияға жақсарған), «Технологиялық инфрақұрылым» (43-орын, 4 позицияға жоғары), «Денсаулық сақтау және қоршаған орта» (53-орын, 2 позицияға жақсарған) және «Білім беру» (35-орын, 9 позицияға жақсарған). Ал позициялардың төмендеуі «Ғылыми инфрақұрылым» субфакторынан (49-орын, 1 позицияға төмен) байқалады. «Экономикалық қызмет» факторы бойынша 5 құрамдауыштың 3-еуінен төмендеу байқалады, соның ішінде «Жұмыспен қамту» (32-орын, 10 позицияға төмен), «Бағалар» (53-орын, 9 позицияға төмен) және  «Халықаралық сауда» (62-орын, 4 позицияға төмен). Тұтастай алғанда, Қазақстан көптеген субфакторлар бойынша өзінің позициясын жақсарты, атап айтқанда: 20 көрсеткіштің 15-інен өсім бар,  4  позиция бойынша төменгі орынға түскен болса, бір «Қоғамдық құрылыс» субфакторында  - позиция өзгеріссіз.