Қарт саясаткердің ақырғы аманаты

Қарт саясаткердің ақырғы аманаты

Қарт саясаткердің ақырғы аманаты
ашық дереккөзі
Өмірден қанша ақылман өткен. Оның ішінде, Америка сияқты азуын Айға білеген алып елді басқарған президенттердің талай-талай ділмәр кеңесшілері болған. Бірақ солардың ішінде әлемдік тұрғыдағы ақылман деңгейіне дейін өсіп, өмірі де, өлімі де елеулі болғаны некен-саяқ. Збигнев Бжезинский сондай саяқтардың қатарынан. Оның өмірі Тарихтың шежіресіндей еді, енді өлімі Тұтас Дәуірді қорытындылағандай болды. Збигнев Казимеж Бжезинский кім? Нәсілі – поляк, мамандығы – саясаттанушы, ұлты – америкалық, өзі – қырғи-қабақ соғыстан бергі талай құқайды көрген тісқаққан саясаткер, ал өмірінің соңғы күндерінде аурухана төсегіне таңылған тоқсандағы қария. «Кәрі көкжал» дейді мұндайларды қазақ. Ал кешегі Кеңес одағында оны сыртынан «қаршыға» немесе «ақ тұйғын» деуші еді, себебі оны АҚШ пен КСРО-ның арасындағы қырғи-қабақ соғыстың ушығуына, қару-жарақ жарысының өршуіне жауапты санайтын. Иә, ол салыстырмалы түрде ұзақ өмір сүрді, бірақ оның жылдарының маңызына астрономиялық есеппен емес, тарихи өлшеммен баға беру керек. Ол он жасында эмигрант атанды. Тағдырдың жазуымен бөтен жерде қалып, басқа елдің азаматтығын алып, туған Отанынан тыс жерде көз жұмды. Бәлкім, оның Отаны ендігі АҚШ болған шығар, бүкіл саналы ғұмыры өткен мемлекетті бөтен санамағаны түсінікті ғой. Әкесі 1938 жылы Польшадан Канадаға уақытша дипломатиялық қызметке тағайындалып, отбасымен көшіп келген соң, осы елде біржола тұрақтап қалуға мәжбүр болған. Себебі бұл кез Германияның Польшаны басып алып, артынша КСРО-мен келісіп, екіге бөлген, ел басына күн туған ауыр кезең болатын. Басқыншылықтан зардап шегіп, бодауда қалған бұл күндерді Збигнев өз көзімен көрмеді, мұның бәрін ол замандастарының естеліктерінен, газет-журнал хабарларынан ғана білетін. Есесіне, ол Канада мен АҚШ-тың маңдайалды оқу орындарында білім алды, тіпті Гарвард университетінде докторлық диссертация қорғады. Бұдан соң Гарвард пен Колумбия университеттерінде жалынды дәрістер оқып жүрген жас талант саяси элитаның назарына ілігіп, ол Американың саяси өміріне қоян-қолтық араласа бастады. Оны сипаттағанда, ең әуелі КСРО мен оның заңды мұрагері – Ресей тақырыбындағы кәнігі маман деген жөн болар. Америкалық, ағылшын және еуропалық зиялы қауым орыс феноменімен бетпе-бет келгенде, дәл осы Бжезинский сияқты майталмандардың аузына қарауды әдетке айналдырған. Себебі өткен ғасырдың өзінде екі алпауыт империяның теке-тіресіне куә болған, саяси майданның ішінде пісіп-жетілген кәсіби саясаткер ретінде оның уәждері қисынды көрінетін. Кремльге қатысты күмәнді мәселелерде оның пікірін сұрау қалыпты жағдай сияқты еді. Өзі де америка-ағылшын ақпарат құралдарына ұдайы сұхбат беріп, жиі мақала жазып, сергек отырды. Айтпақшы, оның 1953 жылы Гарвард университетінде қорғаған докторлық диссертациясының тақырыбы «КСРО-да тоталитарлы жүйенің құрылуы» деп аталатын. Обалы нешік, құрлықтың бергі басындағылар да Бжезинскийді бөтенсіген жоқ. Себебі екіполярлы әлемнің сахнасында астамшыл Американың атынан сөйлейтін, сөйлегенде де конструктивті диалог жүргізуге бейім мамандар көп емес еді. Бжезинский жау лагерінен ақ жалау ұстап шыққан елшінің рөлін ойнауға ұмтылды. Ал КСРО ыдыраған соң, ол қазіргі Ресеймен және оның кешегі одақтастары – бүгінде тәуелсіз мемлекеттермен барынша мәмілешіл болуға тырысты. Әйтсе де, оны Кеңес Одағының басты жауы көретін. Бұған себеп те көп – ол сенатор Джон Кеннедидің кеңесшісі болып жүргенде-ақ советтік жүйені тас-талқан етіп сынады. Осы орайда, студенттерінің бірі оның 1964 жылы Никита Хрущевтің биліктен кететінін болжай алмағанын бетіне басыпты, сонда былай деп жауап бергені бар: «Қараңызшы, егер биліктен кететінін Хрущевтің өзі білмесе, мен оны қайдан білейін?» деген-мыс. Айтып-айтпай не керек, КСРО-дағы ішкі-сыртқы өзгерістерді жіті бақылап, оның қалтарыс-бұлтарыстарын дәл Збигневтей түсінген америкалық саясаткер жоқтың қасы. Иә, ол АҚШ-тың ғана емес, барша әлемнің өмір тіршілігін өз білгенінше құруға тырысқан адам. АҚШ-тың өзін былай қойғанда, КСРО, Израиль, Қытай, Польша, Иран, Украина – осы мемлекеттердің заманауи тарихында Бжезинскийдің «қолтаңбасы» бар. Оның әлемдік саясаттағы ықпалының зор болғаны соншалық, кезінде ІІ Иоанн Павелдің Рим Папасы болып сайлануына тікелей ықпал еткен сол десетін. Оның ешкімге белгісіз Джимми Картерді АҚШ президенті лауазымына қолынан жетелегендей әкелгені ашық айтылады. Сөйтіп, ол 1977-1981 жылдары Джимми Картердің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңесшісі болды. Бірақ ол Ақ үйде төрт жыл ғана қызмет етті. Джимми Картер екінші сайлауда жеңіліп қалған соң, Бжезинскийдің кеңесшілік қызметі аяқталды. Әйтсе де, ол көп жылдар бойы мемлекеттің саяси өмірінде ықпалды рөл атқарды. Мұның бір дәлелі – Рональд Рейган президенттікке сайланған соң оған ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесші қызметін жалғастыруды ұсынған екен. Бірақ Бжезинский өз еркімен бас тартқан көрінеді. Кейін, 2008 жылы Барак Обама бірінші сайлауда жеңіске жеткен кезде, ол да осы қызметті қайта ұсынған. Одан да бас тартты. Шамасы, Бжезинский Ақ үйдің кеңсесіне қамалмай-ақ халықаралық саясаттың шахмат тақтасында маңызды ойыншылардың бірі екенін анық білді. Саналы ғұмырында ол отыз шақты кітап жазды, талай талдамалы мақала жариялап, көптеген дәрістер оқып, ақпарат құралдарына үнемі сұхбат беріп, әлемдік оқиғаларға шолу және болжам жасап, қажет болған кезде кеңес беріп отыратын. Әлбетте, Бжезинскийдің аттан түссе де, абыройының аласармауы өзінің белсенділігінен еді: ол Атлант мұхитының ар жағында отырып, бергі құрлықтағы оқиғаларға пікір айтып, баға беріп отырды. Ресейде Путин билігінің күшею кезеңінде, Украина Қырымнан айрылып, өз ішінде азаматтық соғыстың отына оранған кезде сарапшы маман ретінде үн қосты. Бұған қоса, оның кілең ығай мен сығайдың басын қосқан Бильдерберг клубының тұрақты мүшесі болғанын ұмытуға болмайды. Әлемдік деңгейдегі саясаткерлер, қаржыгерлер, банкирлер, тағысын тағылар ғана іріктеліп мүше болатын жабық клубта оның бір айтары болғаны анық. Расында, Збигнев Бжезинский қазіргі ғаламдық саяси картаны сызып, халықаралық деңгейдегі маңызды өзгерістерді болжаған, кейде тіпті жоспарлаған аса ықпалды тұлғалардың бірі болды. Мысалы, Қытайдың тұйықтықтан арылып, әлемдік аренада беделінің артуына себеп болған Бжезинский деген пікір бар. Бжезинскийдің сол кездегі Қытайдың саяси көсемі Дэн Сяопиньмен достығы аңыздай айтылады. Кейін америкалық президенттің кеңесшісі қызметінен түсіп қалғанда да оны Қытайда салтанатты қарауылмен қарсы алғаны көп жайттан хабар береді. Жылдар өткен соң да, ешқандай лауазымы, ресми шен-шекпені жоқ адамның Жер шарының екінші бұрышында аса беделді тұлға есебінде құрметке бөленуі – кез келген қарапайым пенденің пешенесіне жазыла бермес. Оның тағы бір еңбегі – 1975 жылы Хельсинки келісімдеріне адам құқығы ұғымын енгізуі еді. Қысқаша айтқанда, бүгін барша Батыс жалаулатып жүрген адам құқығы атты құндылықтардың «авторы» – өзі. Бжезинскийді америкалықтардың, еуропалықтардың құрметтеуінің бір себебі – оның көрегендігінде, терең сараптама, дәл болжам жасау қабілетінде. Мысалы, ол КСРО-ның ыдырайтынын ғана емес, оның Ауғанстанға әскер кіргізуі ықтималдығын да дәл болжады. Осыдан оншақты жыл бұрын ол болашақта Еуропаның біртұтастығы Түркия мен Украинаға қатысты ұстанған саясатына байланысты деген пікір айтқан. Ол – ұзақ жылдар бойы Израильді ашықтан-ашық сынаудан тайсалмаған саясаткер. Тіпті оны «антисемит» деп айыптағанда да ол өз пікірінен қайтқан емес. Оның пікірінше, Израиль Палестинамен бітімге келіп, өз шекарасын ұлғайту талпыныстарынан бас тартуы тиіс. Бірақ барлық қырық қатпарлы күрделі тұлғалар сияқты, Бжезинскийдің ішкі әлемі қарама-қайшылықтарға толы. Кей деректерге қарағанда, ол – саяси-философиялық көзқарастары бойынша марксист болған. Соған қарамастан, ол советтік жүйенің ең қатал сыншысы болды. Өз сөзіне қарағанда, ол орыс мәдениеті мен руханиятын зерттеген, тіпті жақсы көрген. Қазіргі Ресейдегі билік құрылымы мен саяси басшылығы туралы ащы сөздеріне қарамастан, ол – Ресейді Еуропаның маңызды бөлігі санайтынын ашық айтқан америкалық. Айтпақшы, Бжезинскийдің кейінгі кезде көп қайталаған пікірі – Ресей күндердің күнінде Еуропамен жақындасып, өзінің түп қазығын табады дегенге саятын. «Егер Ресей өзін-өзі оқшауланудан сақтаса, күндердің күнінде демократиялық Еуропаның бір бөлігіне айналады» деп сендірді және өзі «Путин кеткен соң Ресей заманауи, демократиялық, тіпті алдыңғы қатарлы еуропалық мемлекетке айналады» дегенге иланды. Бұған қоса, ол Украина демократиялық мемлекет құру жолында талпына берсе, Еуропаның бір бөлшегіне айналады деп сенді, бірақ оның НАТО мүшесі болуына қарсылық білдірді. Осы орайда, Бжезинскийдің Дональд Трамп туралы пікірі назар аударуға тұрарлық. Ол Трамптың «Американы қайтадан ұлы етеміз» деген ұраны «көлік әйнегіне жабыстыруға жарағанымен, сыртқы саясатта қолдануға жарамсыз» деген болатын. Ал Орталық Азияға қатысты өз көзқарасын ол Алматыға 1993 жылы келген сапарында таратып айтқан еді. Бжезинский бұл аймақтың тағдырын тікелей Ресейдің дамуымен байланыстырды. Яғни, «егер Ресей демократиялық жолға түссе, онда ортаазиялық мемлекеттер де сол жолды таңдайды, ал керісінше болса, онда бұл аймақта диктаторлық жүйелер орнығады» деген. Осыдан 24 жыл бұрын айтылған болжамның растығын жоққа шығару қиын. Соңғы кезде жасаған болжамдарының бірінде ол «Еуразиялық экономикалық одақ әрі кетсе 10-20 жыл ғана өмір сүреді» деген. Қорыта келгенде, Збигнев Бжезинский – өз заманының нақ туындысы деуге болар. Тағдыр оған эмигрант болып, бөтен елде өмір сүруді бұйырыпты, оған қоса пешенесіне алпауыт мемлекеттердің өмірінде із қалдырған елеулі тұлға болуды жазыпты. Оның қателескен тұстары болғаны анық, оның бар сөзі шындық деудің тағы реті келмес, бірақ Бжезинский өз биігіне ақыл-ойының тереңдігімен, ерік-жігерінің мықтылығымен жеткен адам. Сұңғыла түйсікпен ғаламдық оқиғалардың тамырын дөп басып айта алды әрі өзін басты жау санаған саяси жүйе – КСРО-дан аттай ширек ғасыр артық өмір сүрді.