Қазақстанда кеме тасымалы қарқынды дамуда

Қазақстанда кеме тасымалы қарқынды дамуда

Қазақстанда кеме тасымалы қарқынды дамуда
ашық дереккөзі
Қазақстан егемендігін алғаннан бастап, әлемдік нарыққа тез сіңісіп кеткені белгілі. Соңғы жылдары елімізде Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдау, шикізатты экспортқа шығару қолға алынғаны белгілі. Жол көліктерінен бөлек теңіз жолдары арқылы тауар тасымалдау экономикаға да, экологияға да оң әсерін тигізетіні айқын. Жақында Еуразия экономикалық комиссиясының кеңесі өтті. Мұнда Еуразия экономикалық қауымдастығы аясында ішкі су жолдарын пайдалану мәселесі қаралды. Кеме қатынасы туралы халықаралық келісімшартты Армения, Қырғызстан, Қазақстан мен Ресей тарапының өкілдері қарастырды. Ішкі суларды пайдалану мен кеме қатынасын жандандыру мәселесі осыдан үш жыл бұрын қолға алынған. Бұл кездесуде бұрын кеме қатынасына байланысты туындаған мәселелер пысықталды. Келісімшартқа сай одаққа мүше елдердің кемелері он күн бұрын өтініш береді де, рұқсат алса, өзендерге шыға береді. Сонымен қатар ішкі суларды пайдалануды жеңілдету жөніндегі ұсыныстар айтылды. Маусым айында мүше елдердің көлік министрлері кездесіп, жобаны нақты қабылдайтын болады. Қазіргі таңда Қазақстандағы су көліктері өзен және теңіз көліктеріне бөлінеді. Өзен көліктері кеме қатынайтын өзендер Ертіс, Жайық, Сырдария, Есіл, Іле мен Балқаш көлдерінде қызмет көрсетеді. Қазақстан Ертіс өзені арқылы Ресей, Қытай, Моңғолия мемлекеттеріне бірнеше жүк кемелерін жеткізген болатын. 1991 жылы КСРО ыдыраған тұста Каспий теңізі жағалауындағы мемлекеттер Каспий теңізі мәртебесін айқындауға ұмтылған-ды. Осы мәселе турасында 2002 жылдың сәуір айында Ашхабадта Каспий жағалауындағы мемлекеттердің алғашқы саммиті өтті. Бұл жиында ресми құжаттарға қол қойылмағанымен, жүк тасымалын жүйелі реттеу мәселесі жүзеге асырылды. 2002 жылдан бастап шартты түрде теңіздің 28,5 пайызы Қазақстанға, 16 пайызы Ресейге, 21 пайызы Түркіменстан, 14 пайызы Иран еншісіне және Әзірбайжан мемлекетіне 20 пайызы тиесілі. Жоғарыдағы бес мемлекеттің ішінде Қазақстанның Ақтау портының алатын орны айрықша. Теңіздің шығыс жағалауында орналасқан Ақтау порты – құрғақ жүктер мен мұнай өнімдерін халықаралық тасымалдауға арналған басымдылығы жоғары порттар қатарына жатады. 2013 жылы инвестициялық жобаның таныстырылымына арналған жалпы ұлттық телекөпір барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құрғақ жүк таситын екі кеменің бірін «Түркістан» екіншісін «Бекет-Ата» деп атады. Ол өз сөзінде: «Біз теңіз кеңістігінде, әлемде қабылданғандай, өзіміздің қазақстандық брендтермізді атап көрсеткіміз келеді. Егер сіздер қарсы болмасаңыздар мен құрғақ жүк таситын кеменің бірін «Түркістан» деп, екіншісін «Бекет ата» деп атар едім», – деді Елбасы телекөпір барысында. Бұл екі құрғақ жүк таситын кеме Ақтау теңіз портында орналасқан құрғақ жүк таситын кеме компаниясына тиесілі. Теңіз флотын ұйымдастыру Мемлекет басшысының тапсырмасымен атқарылып отырған, «Нұрлы жол» бағдарламасындағы жобаларды жүзеге асыру, ҚР құрғақ жүк флотын дамыту, Қазақстанның транзиттік көліктік әлеуетін жетілдіруден туындаған маңызды мақсаттың бірі. 2016 жылы теңізге түсірілген «Жібек жолы» кемесінің атын Елбасы өзі қойған болатын. Қазақстан мен «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ даму стратегиясна орай, Каспий инфрақұрлымын жетілдіру мен теңіз флотын құру арқылы мультимодалдық тасымалдауды жиілетуге баса назар аударылып отыр» – деп айтқан болатын «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин. «Жібек жолы» құрғақ жүк кемесі қазіргі кезде Ақтау портына тіркеуге тұрғызылып, Каспий айдынында коммерциялық бағытта сапарға шығуда. Қазақстандық жүк кемелері «өз жүгіміз – өз портымыз – өз флотымыз» тәртібімен негізгі құрғақ жүк кемесінің жиырма пайызын құрайды. Ақтаудан бірнеше бағытқа – Иранның Әмірабад, Анзали, Ноушахр порттарына, Әзірбайжанның Баку және Түркіменстанның Түркіменбашы порттарына, Ресейдің Оля, Астрахан порттарына жеткізіледі. Каспий айдынында кеме қозғалысын дамыту Халықаралық Шығыс- Батыс- Транскаспий бағдары және Солтүстік- Оңтүстік дәліздерін байланыстыратын «ҚТЖ» ҰК» АҚ стратегиялық дамуының басым бағдарларының бірі болып табылады. Бүгінде транзиттік жүк тасымалданып тұрған Ақтау порты бір жыл ішінде елімізге шамамен 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде кіріс келтіреді екен. Негізінен Ақтау портынан мұнай, метал, шикізат, астық, паромдар және басқа да жүктер тиеледі. Ақтау порты қолданысқа өте қолайлы. Қазіргі кездің өзінде паромдағы жүктер саны ұдайы өсіп келеді. Кеме жүйесі мен тауар тасымалдауға жауап беретін компания алдында 2020 жылға таман транзиттік жүк ағымын он есеге көбейтіп, жүз жетпіс миллион жүкті жеткізу міндеті басты назарға алынған. 2018 жылдың аяғына дейін Құрық портында екі темір жол паромы құрылысын аяқтау көзделуде. Ал болашақта Каспий мен Қара теңізді жалғайтын «Еуразия» кеме жүру каналдарын салу Қазақстанның әлемдік мұхитқа шығуына мүмкіндік береді. Қазақ елі жеке дара мемлекет болғаннан бастап, өзінің кеме флотындағы әлеуеті мықты мамандар дайындауымен де ерекшеленеді. Осындай бейбіт елдің көк туын желбіреткен теңіз флоттары әлемнің әр түкпіріне қазақстандық тауарларды тасымалдауда. Қазақстанның экономикалық үлесін арттыруда Каспий теңізі арқылы мұнай және астық өнімдерін тасымалдауды жүзеге асырып отырған біздің елдің порттарының беделі анағұрлым басымдыққа ие. Бабалардың бозторғай қаны тамған бозаң даладағы бір ғана Каспий теңізінің өзі әлем елдеріне Қазақстанның нарықтағы орнын анықтай алады.  

Айдана ТІЛЕУҒАБЫЛОВА,

Шәкәрім атындағы

Семей мемлекеттік

университетінің студенті