215
Атырауда жерді заңсыз иелену дерегі көп
Атырауда жерді заңсыз иелену дерегі көп
Атырауда жер заңнамасына түсінік жұмыстары үнемі жүргізілгенмен, мемлекеттік жер телімдерін заңсыз иеленіп алу, уақытша иеленген мемлекеттік жерді келісілген мерзімде қайтармау фактілері азаймай отыр. «Атырауиндждорстрой» ЖШС, «Экодар» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ-на тексеру жүргізген облыстық жердің пайдалануылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы бірқатар заңбұзушылықтарды анықтаған деп жазады Egemen.kz.
«Ниет ЛТД», «Время» компанияларын тексеру кезінде Жылыой ауданы Теңіз қалашығынан өздеріне тиесілі жер телімдерінен артық көлемде мемлекет жерін пайдаланып отырғандары белгілі болды. Жер Кодексінде көзделген жайларды бұзу дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды», дейді облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Ғибрат Сүлейменов.
Басқарма облыс көлемінде игерілмей жатқан жер учаскелерін бақылау, қолданыстағы заңдылықты бұза отырып пайдаланылып жатқан жерді анықтау, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жеке және заңды тұлғалардың жер телімін табыстау туралы өтініштерін қарау мерзімдерінің сақталуын қадағалау секілді жұмыстарды атқарады. Өткен жылы құзырлы органға 137 өтініш келіп түскен. Ал биылғы төрт айда 350 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 304 заң бұзушылық анықталды.
Бір атап өтерлігі, жер пайдаланушылармен мемлекеттiк жер учаскелерiн ішінара заңсыз иеленіп алу немесе уақытша иеленген мемлекеттiк жердi уақтылы қайтармау сынды заң бұзу фактілері жиі кездеседі. Мысалы, Атырау облысы көлік прокуратурасының заң бұзушылықты жою туралы ұсынысымен «КазТрансОйл» АҚ-на «Қиғаш» желілік өндірістік стансасында және Құлсары мұнайөткізу басқармасында көлемі 59,72921 га жер учаскесін заңсыз пайдалануларына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, 4 764 900 теңге айыппұл салынды, жер заңдылығының бұзылуын жою туралы нұсқама табысталған. Осылайша компания он жылдан бері мемлекет жерін өндірістік мақсатта пайдаланып келген. Сондай-ақ, «Ритм Ойл» ЖШС, «Констракшн KZ» ЖШС, «Эко Техникс» ЖШС, «АвтомирАтырау» ЖШС, «Контакт Ойл» ЖШС, «Меркур Авто» ЖШС, «Вест Моторс» ЖШС, «Абылай-хан» ЖШС, «ТенгизИнтерМұнайгазҚұрылыс» ЖШС, «Қызыл Балық» ЖШС-тері уақытша өтеулі жер пайдалану құқықтарын уақытылы ұзартпай, мемлекет жерін заңсыз пайдалануларына сәйкес 2 949 700 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Тұрғын үй құрылысы үшін уақытша берілетін жерлердің мақсатты пайдаланылмауы да проблеманың бірі. Өткен жылы басқарма аудан прокуратуралары ұсынысымен 54 жер телімінің иелеріне жазбаша ескерту жолдады. Алайда Жер кодексіндегі талаптар бойынша нақты шара алу мүмкін болмай отыр.