206
Елбасы ЭКСПО-2017 көрмесіне шетел басшыларының қатысатынына сенім білдірді
Елбасы ЭКСПО-2017 көрмесіне шетел басшыларының қатысатынына сенім білдірді
Бүгiн Ақордада Корея, Сербия, Румыния мен Индонезия мемлекеттерiнiң Қазақстандағы елшiлерi ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевқа Сенiм грамоталарын тапсырды. Шарада Елбасы шетел басшыларының EXPO-2017 көрмесiне қатысатынына сенiм бiлдiрдi.
Бүгiнгi iс-шарада биыл жаңадан тағайындалған елшiлер - Сербия Республикасының Қазақстандағы елшiсi Владан Матич, Корея Республикасының Қазақстандағы елшiсi Ким Дэ Сик, Румынияның Қазақстандағы және Тәжiкстандағы елшiсi Чезар-Маноле Армяну, Индонезия Республикасының Қазақстандағы елшiсi Рахмат Прамоно Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Сенiм грамоталарын табыстады.
«Елiмiз дүниенiң түкпiр-түкпiрiндегi түйткiл мен шиеленiстердi шешуге белсене атсалысып келедi. Солардың бiрi - Сириядағы ықпалды бейбiт жолмен реттеу мәселесi. Бiз бұл проблеманы тек келiссөздер арқылы шешуге болады деп кәмiл сенемiз. Сондықтан, Сирия үкiметi мен қарулы оппозиция өкiлдерi Астанада алғаш рет бiр үстел басында кездесiп, сөйлесiп, бiр-бiрiмен келiссөздер жүргiздi. Санаулы күндерден кейiн Астанада «Болашақтың энергиясы» деген тақырыппен EXPO-2017 халықаралық көрмесiнiң ашылу рәсiмi өтедi. Оған әлемнiң 100-ден астам елi қатысады. Сiздiң елдерiңiздiң ел басшыларының барлығы менiң шақыруымды алды. Бұл көрме адамзаттың бүгiнгi озық жетiстiктерiн көрсетiп, оларды насихаттауға бағытталады. Көрме аяқталған соң оның базасында Астана халықаралық қаржы орталығы жұмыс iстейдi. Сiздер EXPO-2017 көрмесiн өткiзуге белсене атсалысады деп сенемiн және Астана халықаралық қаржы қорына сiздердiң мемлекеттерiңiзден қолдау табамыз деп үмiттенемiз», - деген Мемлекет басшысы елшiлердi жоғары мәртебелi лауазымдарымен құттықтай кеттi.