626
Әулиеғаш ауылында тағы да қызыл су
Әулиеғаш ауылында тағы да қызыл су
Әулиеағаш ауылы былтыр да селден зардап шегіп, ауылдың екі жағын жалғастырған көпірді ағызып әкеткен еді. Биыл, міне, тағы да өзен тасып, ауылдықтарды әбігерге салды. Бірақ адам шығыны жоқ.
Биыл республика өңірлерін қызыл судан зардап шеккені сан мәрте жазылды. Жыл сайын қанды судың қырғынынан ұшырайтын Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарының өзінде алдын алу жұмыстары жүргізілсе де, шығын өте көп. Шығынды көтеретін әлбетте шаруалар, ауласы мен қорасын, малын да ағызып әкетті.
Ал жақында Алматы облысы Панфилов ауданы Әулиеағаш аулында бұршақ жауып, ауылды сел алып кетті. Бұрын-соңды өзен арнасынан сәл ғана асатын қызыл су биыл ауылдың ішіне еніп, тіпті көше мен аулаларды тасқын судың арнасына айналдырды.
https://www.instagram.com/p/BUhZqjYjMII/
Ең қиыны, жергілікті шаруалардың салған егіні мен енді гүлдеген бау-бақшаның тас-талқаны шықты. Бұл кейбір ауыл тұрғындарының негізгі табысы, күнкөріс көзі еді.
Жыл сайын өңірді сел алады. Бірақ жөндеу мен алдын алу жұмыстары бәсең. Айталық, былтыр аққан сел ауыл ортасындағы көпірдің күл-талқанын шығарды. Өкінішке қарай, бұл көпір сол күйінше жасалған жоқ. Ал ауыл тұрғындарына, әсіресе мектеп оқушыларына сабаққа қатынау үшін уақытша құбыр қойылып, көпірсымақ жасалған болатын. Міне, биылғы сел оның да көзін құртты. Енді әулиеағаштықтардың азық-түлік алу үшін аудан орталығына баратын жолы екі-үш есеге ұзарып, жолсыз жақпен қатынамақ.
Жергілікті тұрғындардың түсіріп алған видеоларынан бүкіл ауылдың көшесі мен аулаларын, бақшасының түгін қалдырмағанын көруге болады. Осы селдің алдын алу үшін жергілікті атқамінерлер ауылдың жоғары жағынан суды ұстап қалатын тоған салып немесе дер кезінде арнаны бұрып жіберетін жүйе салуы тиіс. Әйтпесе қызыл су Әулиеғашпен қоса Жаркент-Арасан, Көктал-Арасан елдімекендерін де қан қақсатып отыр.