Шұғыл сайлаудың тұңғиығы

Шұғыл сайлаудың тұңғиығы

Шұғыл сайлаудың тұңғиығы
ашық дереккөзі

Британдықтар қайтадан сайлауға дайындалып жатыр. Кесімді мезгілінен үш жыл ерте шақырылған сайлаудың үгіт-насихат науқаны өте қысқа: аз-кемі жоқ бір жарым айда беделді партиялардың әрқайсысы мемлекет басқару тізгінін өз қолына алуға лайықты екенін дәлелдеуі тиіс. Парламентке өз мүшелерін сайлауға дәмелі саяси партиялар сайлауалды бағдарламаларын тек өткен аптадан бастап жариялай бастады. Әдетте Британ Парламентінің сайлауы әр бес жылда, мамыр айының алғашқы бейсенбісінде өткізілетін. Заң талабы солай. Келесі сайлаудың мерзімі 2020 жылдың 3 мамыры деп белгіленген еді. Бірақ Тереза Мэй іс басындағы премьер-министр құзыретін пайдаланып, шұғыл сайлау шақырды. Осыған ұқсас жағдай бұған дейін екі рет болған: 1966 жылы премьер-министр Г.Уилсон өзі билік басына келген соң Парламенттегі жақтастарын көбейту үшін жаңа сайлау шақырған, ал 1974 жылғы сайлауда бірде-бір саяси партия Қауымдастар палатасында басым дауысқа ие бола алмаған соң, сегіз айдың ішінде екінші сайлау өткізуге мәжбүр болған. Заң бойынша, кезектен тыс сайлау өткізудің екі жолы бар: біріншісі, іс басындағы үкіметке сенімсіздік білдірілген жағдайда, екіншісі, Парламент мүшелерінің үштен екісінің көбі жаңа сайлау күнін белгілеуді қолдап, дауыс берсе. Тереза Мэй екінші жолды таңдады: оның ұсынысын 19 сәуірде дауысқа салғанда, қазіргі Парламент мүшелерінің 522-і қолдап, тек 13-і қарсы болған. Осылайша, Британ елі тағы таңдаудың алдында қалды. Таңдау болғанда, билік тізгіні Консерваторлардың қолында қала ма, әлде Лейбористер қайтадан күш ала ма деген мәселе. Бұдан да маңыздысы, орнынан қозғалуға дайын тұрған Брексит көшін кім бастайды: Тереза Мэй ханым ба, әлде мұндай жауапкершілік алуға басқа саясаткер лайық па деген сұраққа жауап табу. Қазіргі Парламент сайлауға 17 жұмыс күні қалғанда, яғни 2 мамырдан бастап тарап кетті, ал депутаттар сайлауалды науқанының үміткерлері ретінде үгіт-насихат жұмыстарына қызу кірісті. Қай партия сайлаушылардың көбірек даусын жинаса, оның басшысы ел үкіметін жасақтауға мүмкіндік алады. Ал дауыс саны бойынша екінші орынға ие болған партия басшысы дереу оппозиция көшбасшысы саналады. Бірақ дәл осы сайлау басқаның емес, Тереза Мэйдің сайлауы болатынына күмән жоқ. Себебі осы шараға мұрындық болған өзі. Былтыр 23 маусымда Брексит референдумы өткенінен ел-жұрт хабардар. Сол референдумның нәтижесіне өкпелеген Дэвид Кэмерон іле-шала премьер-министр қызметінен өз еркімен бас тартқан еді. Осы қызметке екінші рет сайланғанына бір жыл ғана өткеніне қарамастан, бар лауазым мен құзыретті тастап, қолын бір сілтеген де, жүре берген. Одан соң ол Қауымдастар палатасындағы депутаттық қызметтен де кетті. Қазір үйінде өз өмірбаяны туралы естеліктер жазып жатыр. Кэмерон кеткен соң, Консерваторлар бос қалған орынтаққа кімді отырғызарын білмей, біраз дағдарды. Өткен сайлауда 36,9 пайыз жеңіске жеткендіктен және үкімет басшысын сайлау өз қолдарында тұрғандықтан, олар араларынан ең лайықтысын премьер-министр етпек болды. Сол тұстағы ең беделді әрі жұртқа  жаққан Борис Джонсонға ұсыныс түсіп еді, ол ат-тонын ала қашты. Бәлкім, Брекситке қатысты қиын келіссөздердің жауапкершілігінен қаймықты, әлде Кэмероннан «өнеге» алып, өзінің жеке азаматтық ұстанымына қарсы жұмыс істегісі келмеді, әйтеуір жоғары лауазымды иеленуге көнбей қойды. Бұдан соң Консерваторлар өз еркімен премьер-министрлік қамытын мойынға артуға тілек білдірген бірнеше үміткердің арасында өзара таңдау жасады. Ақыры, партияның кезектен тыс конференциясында көбісі ойлана келе Тереза Мэйге дауыс берген. Осылайша, 60 жастағы Тереза Мэй 2016 жылдың 13 шілдесінде ойламаған жерден премьер-министр болып шыға келген еді. Содан бергі бір жылда қарсыластары Тереза Мэйді халық сайламағанын айтып, оның бетіне баса бергені премьер-министр ханымның ашуын туғызса керек, ол мәселені төтесінен қойды: өзінің заңды билік иесі екенін сайлау арқылы дәлелдемекші. Оның үстіне, Брексит – Британ қоғамын шынымен екіге жарған ауыр тақырып. «Бөлінеміз» деген айтқанға ғана оңай, ал соңғы 43 жыл бойы іргесі ажырамаған Еуропа одағының құрамынан шығудың бар кілтипаны әлі сезілмек түгілі, егжей-тегжейлі талқыланған жоқ. Брюссель де, Лондон да – әрқайсысы мұндай «ажырасудың» салдары өзі үшін неғұрлым залалсыз болуы үшін қарекет жасайды. Тереза Мэй «Брекситті жүзеге асыру Британияның мүддесіне сай шарттармен ғана жүзеге асады» деп, тастүйін сыңай танытқысы келеді. Бірақ бұл үшін екі жыл бойы Брюссельдің шенеуніктерімен талмай айтысып-тартысып, өз есесін жібермес үшін барынша табандылық танытуға тура келеді. «Мен оған шыдаймын, – дейді Мэй ханымның өзі. – Брексит референдумынан кейін мені «өте қиын әйел» деп атаған. Бұған жақында Жан-Клод Юнкер мырзаның өзі куә болады» деп уәде берді ол. Бірақ мұндай табандылық пен қайсарлық таныту үшін оған халықтың қолдауы керек екен. Мэй ханым Брюссельдің кең кабинеттерінде сағаттап отырып айтысуға күш-қуаты жету үшін артында қалың елі тұрғанын сезінгісі келеді. Әйтпесе, оның барлық британдықтар атынан сөйлеуге қақы бар екеніне күмәнданатындар жетеді. Егер ол басқаратын партия алдағы сайлауда жеңіске жетсе және бәсекелес партиядан әлдеқайда басым дауысқа ие болса, онда өз қарсыластарының аузына біржола қақпақ қоймақшы. Сонымен, британдықтар үшін  үш жылдан бері сайлаудан сайлау. 2015 жылы кезекті Парламент сайлауы болған, 2016 жылы Ұлыбританияның Еуропа одағының шығуы не оның құрамында қалу мәселесін шешу үшін дауыс берген, енді міне, қайтадан саяси партиялардың сайлау додасын тамашалап, елді кім басқарады деген шешім қабылдаулары тиіс. Егер Тереза Мэй алда-жалда кем дауыс алып қалса, қызықтың көкесі сонда болар еді. Бірақ Консерваторларға оппозиция – Лейбористер партиясы өзінің көшбасшысы ретінде Джереми Корбинді премьерлікке ұсынып отыр. Екі саясаткерді салыстырғанда, Мэй ханымның елге сүйкімі көбірек әрі мінезінің өткірлігі басым. Ал басқа партиялар – Жасылдар, Шотландия Ұлттық партиясы, Тәуелсіз партия, Юниондық партия мен Либерал-демократтардың  үміткерлері аттанға қиқу қосқандардың есебінде секілді. Осы күндері Тереза Мэй ұйқы-күлкіні жинап қойып, ел аралап жүр. Ол үгітшілер автобусына мініп алып, аймақтарға аттанды. Күніне бес-алты кездесу, сайлаушылармен көзбе-көз әңгімелесу, әрқайсысының көңілін табу үшін жылы сөз айтып, күлімсіреп, жалаулатып, ұрандатып, ұдайы сергек жүруге тырысқанымен, көзінің астындағы көк теңбілдер Мэйдің тәні темір еместігін аңғартады. Иә, оны тарихтағы «Темір ханым» – Тэтчермен салыстыратындар бар, бірақ Тереза Мэйдің кім екенін Брекситтің тағдыры шешеді. Оның басты «көзірі» – «Премьер-министр қызметінде, мен Брекситті Британ мүддесіне сай жүзеге асырамын» деген уәдеге саяды. Осы сөзінде тұрса ғана ол тарих алдында абыройлы болады. Оның айтуынша, 2019 жылдың мамыр айына дейін Ұлыбританияның Еуропа одағының шығуы толық жүзеге асады. Оның басты қарсыласы Джереми Корбин сайлауалды насихатын Брексит тақырыбынан бұрып, өткір әлеуметтік мәселелерге аударуға тырысады. Мысалы, оның сайлауалды уәделерінің бірі – Ұлттық денсаулық сақтау саласын дамытуға алдағы бес жылда мемлекеттік бюджеттен 37 миллиард фунт стерлинг бөлу. Бұдан басқа, жылына 100 мың қолжетімді тұрғын үй салуға, университеттердегі оқу ақысын азайтуға, полиция қызметін жақсартуға және ағылшын су компанияларын мемлекет меншігіне қайтаруға уәде беріп отыр. Бұл шығындарға қаржы табу үшін ол салық түсімін 48,6 миллиардқа жеткізбекші. Шамасы, Лейбористер бұрынғы дәстүрге сай, салық көлемін арттыруға күш салады, мысалы, жылдық табысы 80 000 фунт стерлингтен асатындарға әр фунт үшін 45 пенс, ал 123 000 фунт стерлингтен асса, әр фунт үшін 50 пенс төлетуді жоспарлап отыр. Бұл дегеніңіз, жұмысы тұрақты әрі табысы жоғары британдықтар басқаларға қарағанда көбірек салық төлеуге мәжбүр болады деген сөз. Лейбористердің соңғы сайлауларда жеңіліске ұшырауының бір себебі ауқаттылар мен бақуаттыларға жақпайтын экономикалық саясаты еді. Конверваторлар болса, салық көлемін арттырудан бөлек, жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканы күшейту арқылы табыс түрін көбейтуге болады деп санайды. Саяси додада әдетте итжығысқа түсетін Консерваторлар мен Лейбористер арасында өзара «идея алмасу», яғни бір-бірінің басты ұрандарын «ұрлау» әрекеттері бар сияқты. Бұл жолы Лейбористер  Консерваторлардың «мықты экономиканы дамыту» деген ұранына үн қосса, Консерваторлар көшбасшысы Тереза Мэй жақында ғана «жұмысшыларға көбірек құқық береміз, олардың табысын арттырамыз» деп уәде етіп, әлеуметтік мәселелерге маңыз бере бастады. Мэй ханым өзінің басты ұраны ретінде «Алға, бірге! Қуатты Британияға, жарқын болашаққа қарай» деген тіркесті таңдаған. Кезектен тыс сайлау өткізуінің өзі шетін жағдай екенін былай қойғанда, Мэйдің жалынды ұрандары кейбір авторитарлы елдердегі насихат желісін еске түсіреді. Бір ғана үлкен айырма – мұнда әр сайлаушы даусының батпандай салмағы бар. «Дауыс ұрлау» немесе «қолдан жасау» ойларына кіріп-шықпайды. Сондықтан аз-маз пафосқа ұрынса да, Мэй ханымның жеңісі таза саяси тартыстың нәтижесі болады. Ал бұл жолы Консерваторлар кем дауыс алып қалса, яғни 45,7 миллион сайлаушының басым бөлігінің сеніміне ие болмаса... онда британдықтардың басы бірігуден кетті деген сөз де. Олай болуы әсте мүмкін емес, сірә. Не де болса, 8 маусымдағы сайлаудан соң көреміз.