208
Қазақстан БАӘ басқаруына индустриалық аймақтарды беруге әзір
Қазақстан БАӘ басқаруына индустриалық аймақтарды беруге әзір
Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктері компанияларының басқаруына индустриялық аймақтарды беруге дайын. Бұл туралы бүгін Қазақстан-БАӘ бизнес-форумында ҚР Инвестициялар және даму министрi Жеңiс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз Әмірліктер бизнесінің еліміздегі бағдарламаларға белсенді қатысуын қарастырып отырмыз. Осы орайда Қазақстанның Индустриялық-инновациялық дамуы секілді бағдарламасының орны ерекше. Сонымен қатар «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бар. Бұл тұрғыда бізде нақты ұсыныстар бар, сондықтан бизнес-форумның аясында жобаларды тыңғылықты талқылауға әзірміз», - деді министр.
Министр Қазақстанда бизнес үшін мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары қамтылғанын, сондай-ақ инвестициялық және салықтық жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті.
«Бізде 10 арнайы экономикалық аймақ, 20 индустриялық аймақ қызмет етуде. Индустриялық аймақтарды дамыту саласында БАӘ-нің үлкен тәжірибесі қызықтырып отыр. Біз аймақтарды бірлесіп дамытуға және олардың кейбірін Әмірліктер компанияларының басқаруына беруге дайынбыз», - деді Қасымбек.