418
Мәжіліс көшпелі отырыста терроризммен күрес мәселесін талқылады
Мәжіліс көшпелі отырыста терроризммен күрес мәселесін талқылады
Ақтөбеге Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс жəне қауіпсіздік комитеті келді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин бастаған топ терроризм мен діни экстремизмнің алдын алуды күшейту, заңнамаларды жетілдіру шараларын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еліміз бойынша алғашқы террорлық акт 2011 жылдың шілде айында Ақтөбе облысының Темір ауданы, Шұбарши ауылында тіркелді. Ал өткен жылы 5 маусымда халықты үрейде ұстаған тағы бір қайғылы оқиға болды. Қазіргі уақытта Мәжіліс қолданыстағы заңнамаларды жетілдіру бағытындағы жұмыстармен шұғылданып отыр. Бұл жұмыста әр адамның ойы мен пікірі, ұсынысы маңызды. Сондықтан Мәжілістің көшпелі отырысы Ақтөбеде өтіп жатыр. Отырысқа ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев пен Бас Прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері қатысты.
«Экстремизм, терроризммен күрес бағытында қабылданған заңнамалардың орындалуын талқылап, алдын-алу жұмыстарын пысықтау мақсатымен келдік. Ақтөбе облысына кездейсоқ келген жоқпыз. Бір жыл бұрын бұл жерде террорлық акті болды. Сол кезде қабырғасы қайыспаған қазақ қалмады. Содан кейін бірнеше заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Мәселен, қару айналымына бақылауды күшейтіп, қауіпсіздік нығайды. Алдын-алу бағыты да маңызды. Әлі де мемлекеттік, азаматтық қоғамның ұсыныстары қабылданып жатыр», - Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс жəне қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев.