"Дарабоз" және "Алтын қалам" байқауы үздік балалар жазушысын анықтайды

"Дарабоз" және "Алтын қалам" байқауы үздік балалар жазушысын анықтайды

"Дарабоз" және "Алтын қалам" байқауы үздік балалар жазушысын анықтайды
ашық дереккөзі
288
«Дарабоз» балалар шығармашылығы әдеби байқауы мен «Алтын қалам» әдеби байқауы балалар тақырыбында жазатын үздік жазушыны бірігіп анықтайтын болды. Бұл туралы бүгін Қазақстан баспасөз клубында болған мәслихатта белгілі болды. Биылғы байқау «Алтын қалам» байқауының шарттары бойынша өтеді. «Мен өзім Президент мақаласы шыққанда қатты қуандым. Рухани жаңғыру үшін әлбетте ұлттық әдебиетімізді, мәдениетімізді қолдау, жаңаша тыныс беру маңызды. Өзім 10 жыл «Дарабоз» байқауының ұйымдастырушы болдым. Аталған байқаудың арқасында әдебиетке 11 жаңа жазушының есімін алып келдік. Алдыңғыларының еңбектері кітап болып шығып жатыр. Дарабоз қайда кетті деп сұрап жатқан адам көп. Біз ешқайда кетпедік. Дарабоз үйірін тапты», - деді жазушы Шәкен Күмісбаев. Оның айтуынша, балалар тақырыбында жазатын жазушылар Қазақстанда саусақпен санарлық. «Ең қиыны үлкен жазушылар балалар тақырыбына жоламайды. Балаларға түсінікті етіп жазу үшін баланың табиғатын түсіну керек. Ол үшін баспа директоры да, редакторы да, корректоры да балалар жазушысы болу керек. Ал, қазір баспалардың көбі кім ақша берсе, соны жазады. Қарап отырып жаның ашиды», - деді Ш.Күмісбаев. Айта кету керек, «Алтын қалам» байқауы бойынша шығармалар биыл 8 аталым бойынша сынға түседі. Жеңімпаз «Жерсу» инвестициялық-өндірістік корпорациясы атынан 1 млн теңге көлемінде сыйлық алады. Сондай-ақ, биыл Алаш қозғалысына 100 жыл толуына байланысты Алашорда тақырыбында жазылған үздік шығарма Есенқұл Маманұлы атындағы арнайы сыйлыққа ие болады. Байқауға қазақ және орыс тілінде жазылған шығармалар ақпаннан бастап қыркүйектің 15-іне дейін қабылданады.  

Серіктес жаңалықтары