"Абайдың балалық шағы" ЭКСПО-да көрсетіледі

"Абайдың балалық шағы" ЭКСПО-да көрсетіледі

"Абайдың балалық шағы" ЭКСПО-да көрсетіледі
ашық дереккөзі
881
ЭКСПО қонақтары «Абайдың балалық шағымен» дидарласады. Әне-міне дегенше халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің салтанатты ашылуына да санаулы күндер қалды. Ресми дерек бойынша, көрме аясында әртүрлі форматта 7 мыңнан астам мәдени шара өтпек. Қытайда түсіріліп жатқан «Абайдың балалық шағы» атты көпсериялы анимациялық фильмі де халықаралық көрме кезінде көпшілікке ұсынылмақшы деп жазады Егемен Қазақстан. Қытайдың Үрімжі қаласындағы «Абай жолы» компаниясы түсіріп жатқан «Абайдың балалық шағы» атты 3D көпсериялы анимациялық фильмі Абай әлемі аясындағы ізденістердің кеңге қанат жайып келе жатқандығын аңғартады. – Қазір төрт серияның түсірілім жұмыстары сәтті аяқталды. Үгіт-насихат есебіндегі алғашқы сериясының ұзақтығы 15 минут, кейінгі сериялары 13 минуттан тұрады. Фильмнің 26 сериясын бір жыл көлемінде түсіріп бітіруге тиіспіз. Жұмыс сәтті болып, телеаналардан көрсете алсақ, толықметражды мультфильм ету ойымызда бар, – дейді компания директоры, әрі мультфильм режиссері Ғұсман Қажытай. Мультфильм сюжетінде Абай образы халық ұғымына ортақ ақылды, зерек, қазақтың қара домалақ баласы ретінде бейнеленген. Бірақ фильм режиссері «бұл Абай бейнесінің түбегейлі образдық шешімі емес» деп отыр. – Бала Абайдың бітім-болмысын, бейнесін суреттеуде ұзақ ойландық. Біз жалпы қазақ көңілінен, әлем көңілінен шығатын образдық нұсқаны жасағымыз келеді. Сондықтан бала Абайдың бейнесін толықтыру мақсатында болашақта өзгерістер енгізуіміз мүмкін, – деген ол бас персонаж бейнесіне қатысты ел арасынан ұсыныс, сын-пікірлер болса ғанибет дейді. – Сценарийді жазуда Қазақстанның, Қытайдың тәжірибелі мамандарымен бірлесіп жұмыс істедік. Абай образын бейнелеуде дүниеге келген кезі, апыл-тапыл қаз басқан шағы, 7-8 жасар бала Абайдың әжесі мен анасының ақылы арқылы қиыншылықты еңсеруі сияқты көріністерді қамтыдық. Одан бөлек Абай туған ауылды суреттеумен ғана шектелмей, қазақ атырабының көз тартар көркем жерлерін бейнелеуді мақсат еттік. Фильмде қазақ даласының әр алуан табиғаты көрінеді, – деген Ғұсман Қажытай осы арқылы Қазақстанға туристерді тартуға болатынын да айтады. Ұлы Абайдың балалық шағы халық фольклоры негізінде суреттелуі шығарманың ішкі өрнегін байыта түспек. Осылайша, Қытайдағы қандастарымыз бала Абайдың өскен ортасын бүгінгі жас ұрпаққа мультипликациялық фильм арқылы көркем түрде жеткізіп, балдырғандарды Абай тәліміне баулымақшы.  

Серіктес жаңалықтары