241
Қазақстан 71,6 млрд инвестиция салған Әзірбайжан банкі банкрот болды
Қазақстан 71,6 млрд инвестиция салған Әзірбайжан банкі банкрот болды
Зейнетақы қоры төңірегіндегі дау бір толастамай-ақ қойды. Бұл жөнінде газетіміздің бұрынғы санында (№18, 04.05.2017) «Бір кеңестің үстінен қарайтын бір кеңес» мақаласында айтылған еді. Зейнетақы қорының басшылары құрықталып, бұдан кейін қаражат қолды болды деген күдікпен тағы бір тұлға қамауға алынды. Әйтеуір, қазанның түбіне жеткен жоқ деп тәубе айтумен отырғанда, Халықаралық Әзірбайжан банкінің банкротқа ұшырауы отқа май құйғандай болды.
Жақында Нью-Йорк сотында бұл банк өзін банкрот жеп жариялап, кредиторларынан көмек сұрады. Кредиторлар қатарында біздің зейнеткерлер де бар. БЖЗҚ 200 миллион доллар көлеміндегі соманы Әзірбайжан банкінің құнды қағаздарына инвестиция ретінде салған. Дәл қазіргі уақытта Әзірбайжан экономикасына инвестиция салудың еш пайдасы болмайтынын түсіну үшін экономист болудың қажеті жоқ. Қарапайым бір ғана мысал, Әзірбайжан экономикасы да мұнай экспортынан күн көріп отыр. Олай болса, мұнай бағасы құлдырап жатқан кезеңде Қазақстанның күнін кешіп отырған Әзірбайжан экономикасына инвестиция салудың қажеті бар ма? Сонымен қатар, зейнетақы қорларын біріктірген кезде инвестиция дамыған елдердің экономикасына, аяғынан тік тұрған компаниялардың акциясына, пайдасы жүз пайыздық құнды қағаздарға салынады деп сендірген болатын. Сөйте тұра қордағы қаражат дамушы мемлекеттің экономикасына бағытталады. Бұл білместік пе? Осы орайда қаржыгер Айдан Кәрібжанов пікірімен бөлісті. «Инвестиция салу үшін мониторинг жасалмаушы ма еді? Арнайы жұмыс тобы құрылып, талдау, сараптама жасаумен айналысуы тиіс. Сол елдің саясатының, экономикасының даму деңгейін барлауы қажет. Бүгін осы банктің былтырғы көрсеткіштеріне көз салдым. Бұл банк құрдымның сәл-ақ алдында тұрғанын байқау қиын емес. Шығыны ұлғайып, қолма қол қаражаты азайып барады. Осыны былтыр-ақ байқауға болар еді. Жарайды, істің насырға шапқанын білді, алдын ала шара қолданып, азғантай шығынмен салынған инвестицияны алып кетуге де уақыт жеткілікті еді», – деп жазады. Жалпы, жыл сайын қомақты бір қаржыны қордан шығарып отырған директорлар кеңесіне не айтуға болады?
Нью-Йорк сотына жүгінген Халықаралық Әзірбайжан банкінің сыртқы қарызы – 3,34 миллиард доллар. Банктің сыртқы қарызын қайта құрылымдау үшін осыншама сома қажет. Әсілі, қарызды қайтарудан ешкім бас тартқан жоқ. Олар тіпті міндеттерін өз еркімен орындауға бел буған. Айдаладағы әзірбайжан банкінің банкрот болғанын ешкім білмес те еді. Бірақ БЖЗҚ осы банктің кредиторы болған, 125 құнды қағаздың қожайыны, оның нарықтағы бағасы – 71,6 миллиард теңге немесе 253 миллион доллар. 2015 жылғы жағдай бойынша банктің 1438 қызметкері бар. Сондай-ақ, банктің 35 филиалы, 43 бөлімшесі, 752 банкоматы мен 11007 POS-терминалы бар.
Sputnik Әзірбайжан агенттігінің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, Әзірбайжан қорғаушылары коллегиясының мүшесі Акрам Гасанов барлық қарыз қайтарылады деп мәлімдеді. Көп ұзамай Әзірбайжан үкіметі барлық қарызды өз мойындарына алатынын жеткізді. Қазақстанның зейнетақы қоры үшін қуанышты жаңалық, әрине. Бірақ мұнай бағасының құнсызданған тұсында, бұл қаражатты бірден алу оңайға соқпас. Оның үстіне бұл миллиардтаған сома инвестиция ретінде салынып, табыс көруге негізделген еді. Әйтеуір, ақшаның қайтатыны да көңілге медеу. Бұл жөнінде Акрам Гасанов басу айтты: «Міндеттемелерді қайта құрылымдағаннан кейін Халықаралық Әзірбайжан банкі таза табыс көретін банкке айналады. Сондықтан уайымдаудың қажеті жоқ. Қазақстандағы дүрлігу қисынсыз».
Қазақстанның қарызын қайтару үшін Баку екі қаржы көзін қарастырып отыр. Бірі – мемлекеттік бюджет, екіншісі – Мемлекеттік мұнай қоры. Заңгердің айтуынша, мемлекеттік бюджет есебінен өтеу мүмкін емес. Өйткені биылғы бюджетке Халықаралық банктің қарызын өтеу кірістірілген жоқ. Олай болса бір ғана жолы бар, яғни ХӘБ қарызы Мұнай қорының есебінен қайтарылады. Сонымен қатар сома толық өтелмейді, бірнеше жылға созылуы да мүмкін. Сарапшылардың байламынша, Бакудің қарызды мойнына алып отырған бір себебі бар. Халықаралық Әзірбайжан банкі елдегі ең ірі екі банктің бірі. Оның құлауы – барлық банк жүйесіне үлкен соққы болмақ.
Әзірбайжан банкінің былтырдың өзінде дефолтқа ұшырағаны белгілі еді. Құрдымның аз-ақ алдында тұрған банкке неліктен қыруар қаражат салынды? Айтқандай, кейбір әзірбайжан банктерінің активтері қазақстандық тұлғалардың қолында. Мысалы, кейбір дереккөздер 2016 жылы Григорий Марченконың Әзірбайжанға жиі қатынап, соңында әзірбайжандық бір банктің еншілес қожайыны болғанын жазады. Қазіргі таңда Әзірбайжан үкіметі бар ақшасын ұлттық валютаны ұстап тұруға жұмсап отыр. Қазынадан қайтарып берер қаржысы жоқ. Сондықтан Ұлттық банк кеш те болса, тексеріс жүргізіп, күмәнді активтерден құтылуы тиіс.
Таяуда зейнетақы қорынан қаржы жымқырды деген күдікпен тағы бір азамат ұсталды. Ол – «Мега-Транс-Азия» ЖШС басшысының орынбасары – Талғас Тұртаев. Әзірге күдікті үш айға бас бостандығынан айырылды. Естеріңізде болса, бұған дейін бес азамат құрықталған. Олар: «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының бұрынғы басқарма басшылары, қаржы саласына жауапты лауазым иелері мен бірқатар серіктестіктің директоры болатын. Қомақты қаражатты мақсатсыз жұмсағаны үшін қамалған. Осы тұрғыда Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінің жетекшісі Диас Махамбетовтің мәлімдеуінше, сотқа дейінгі тергеу бойынша барлық күдіктілерге ҚР Қылмыстық Кодексінің 189 бабының 4 бөлімі бойынша мемлекет қаржысын жымқырды деген айып тағылды. Хош, бұл азаматтардың тағдыры әзірге соттың шешімін күтуде. Қайткен күнде де қолды болған қаражат қайтарылады, ол ешқайда кеткен жоқ деп сендірген дәйектер көп-ақ.