Биржадан байлық күтіп жүргендер көп, бірақ...

Биржадан байлық күтіп жүргендер көп, бірақ...

Биржадан байлық күтіп жүргендер көп, бірақ...
ашық дереккөзі
Осыдан бірнеше жыл бұрын көптен бері хабарласпаған сыныптасым қоңырау шалды. «Халықаралық компанияда жұмыс істегің келе ме?». «Әрине» деймін мен. «Онда мына мекенжайға келе қал». Барған соң білгенім, халықаралық дәрежеде дамыған қаржы пирамидасы секілді екен. Тыңдап болған соң, үндемей кетіп қалдым. Жақында біздің қабатта тұратын бір кісі: «Біздің компанияға кір, биржадан ақша табасың. Кеше ғана 20 жасар қыз 20 мың долларлық көлік алды» – деді. «Аға, бізге оңай келген ақша жақпайды» дедім. Әлгі кісі: «Бұл сөзді әке-шешеңнен үйреніп алғансың ба, «советский понятие» ғой», – деді. Сөйтіп ол компанияға қалай да кел деп шақырып кетті. Компанияның аты – «Questra World».

«Сен инвесторсың!»

Бұрынырақ қаржы пирамидасының көпшілігі саудамен жүзеге асатын. Белгілі бір тауар осы әдіспен сатылатын. Бұл маркетологтардың жиі қолданатын, өз нәтижесін беретін тәсіл екені мойындалған. Сөйтіп, косметика, тұрмыстық химия, дәрі-дәрмек, алтын әшекейлер, сағат, туристік жолдама, емдік техника, киім-кешекке дейін пирамида арқылы сатылып, қаншама адам қаржысын құйып, тауар алып, қарызға белшеден батты. Көпшілігі қаржы пирамидасы белгілеген алтын жұлдыз, гауһар жұлдызға жете алмай, жарты жолдан кері қайтты. Ал салынған ақша мен уақыт, күш-жігер мен бала-шағаның аузынан жырған қаржысы кері қайтарылмады. Біртіндеп көпшіліктің көңілі суып, қаржы пирамидасын ажырата бастаған еді. Бірақ қалың нөпірді пайдаланып үйренген жүліктер жаңа тәсіл ойлап тауыпты. Ол – биржа. Мұнда тауар жоқ, адам ілестіріп, команда құрудың да қажеті жоқ. Өзің тіркелесің, ақшаңды биржаға саласың, бітті. «Жатып, жемісін жей бер» дейді. Осыған сенетін бейбақтар бар ақшасын биржаға салып қойып, аяқты айқастырып қойып күтеді. Сөйткенде жаңағы компания жабылады, не болмаса салған қаражат пайда түсіруге әлі де жеткіліксіз, тағысын тағы сылтаулар айтылады, әйтеуір тағы жоқ. Тағы да бала-шағаның аузынан жырып алған көк тиын осыны ойлап тапқан айдаладағы біреулерге пұл боп кете барды. Бұл да сабақ болған жоқ. Жұрт әлі жеңіл ақша табудың жолын іздейді. Қазақстан сауаттылық рейтингісі бойынша әлем елдерінің ішінде 11-орында. Халық тегіс сауатты, әріп таниды. Бірақ білімді ме? Осы сауалды Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханов депутаттар отырысында ортаға салды. «Шүкір, біздің 99,6 пайыз xалқымыз әріп таниды. Бірақ қаржылық білім тұрғысынан білімді деп айта аламыз ба? Жоқ, айта алмаймыз. Себебі жыл сайын шығатын қаржылық пирамидаларға бар тапқанын салып, одан опық жеп, ақшасы күйіп, инсульт алып, несиесін жаба алмай, ағайынмен кейісіп жатқандар өте көп-ақ. Мына сайлаушыларымыздың тарапынан қойылып жатқан талап осыны жеткізуді аманаттап, тапсырды, бұны айтпасымызға болмады. Биыл «Questra World» дейтін қаржылық компанияның дақпырты жүріп тұр. Аңқау қоғам олардың «сен инвесторсың» дегеніне сеніп, жиған-тергенін соған салып жатыр. Көлік алуға, үй алуға, бизнес ашуға деп жинаған қордағы барлық ақшасын осы компанияның шотына салады да, одан аз уақытқа пайда көрем деп алданып отыр және алданғалы жатыр», – деді ол. Бірнеше мысал келтірген депутат Бас прокурор Жақып Асановқа депутаттық сауал жолдап, халықты сүлікше сорып жатқан халықаралық компанияларды бақылауға алуды сұрады. «Questra» тақылеттес Қазақстандағы компанияның орта деңгейлі менеджерінің соңынан қосылғандардың өзі 12 миллион доллар жинап беріпті.Толық ақшаның көлемін біле алмаймыз, қисабы жоқ. Енді осы «Questra» сияқты компаниялар өздерін Испанияда орналасқанын айтқанмен, негізгі мекен-жайы Виргин аралдары секілді оффшорларда орналасқан. Халықтың ақшасы шетел асып, ізім-ғайым жоғалып жатыр. Оған кім жауап береді? Онсыз да дағдарыс болып жатқанда азаматтар өз қолымен ақшасын беруде. Бұл компаниялардың бәрі заңсыз. Қазақстанда бір тиын салық төлемейді. Шетелдіктер бізге ақшаны бермейді, тек ақшаны бізден алып кетіп жатыр», – деп қынжылды халық қалаулысы. Осы компаниялар Қазақстанға салық төлей ме? Жалпы, табысын ашып көрсете ме? Бұл жөнінде депутат былай дейді. «Осыған дейін болған компаниялар миллиардтаған теңгені халықтан жинап алып, жабылып қалды. Солардың соңынан тергеу жүргізген біреу бар ма? Бар болса, неге әшкерелемейміз? Дәл осы сәтте «Questra» компаниясына ақша салу үшін, кредит алып, ломбардқа алтынын өткізіп, көлік, үйлерін сатып жатқан адамдар көп. Әне-міне дегенше бұл компания да жабылып қалады. Үрленген шар секілді жарылады. Ақырында инсульт, инфаркт алған ағайын қалады. Үкімет мұндай қаржылық компанияларды тексеріп, тоқтату керек. Халықты қаржылық сауаттандыру қажет. Халық онсыз да несие алып, қарыздың қамытын киіп, қиналып жатқанда, қаптың түбін тескен шетелдік алаяқ компаниялардың ісін тезірек бақылауға алу керек. Олардың жұмысын тоқтату жағы қарастырылуы тиіс», – деді Б.Тілеухан. Дәл осы тақырыпты депутат Жамбыл Ахметбеков те көтерген. Оның айтуынша, кез келген желілік схема адам жинауға ғана көзделген. Нәтижесінде қарапайым адамдар қаржы пирамидасының құрбаны болады. «Шындығында, қаржы пирамидасы – отбасылардың қаржысын талайды. Бұл әлеуметтік дағдарысқа әкеледі. Сарапшылардың пайымдауынша, мұндай компаниялардың тауарының 90 пайызы контрабандалық жолмен келеді. Сәйкесінше қазынаға да салық толық түспейді. Бұл көлеңкелі экономиканың дамуына септігін тигізеді. MLM компаниялардың ішінде бірде бірі Қазақстандікі емес, демек еліміздегі барлық әлеуметтік агенттер шетелдіктерге жұмыс істейді», – деді ол. Мәселен, Оңтүстік Корея, КХР, АҚШ-та мұндай істерге тыйым салынған. Өзбекстанда да мұндай компаниялардың қызметі заңға қайшы. Қазақстан да құшақ жая қарсы алып отырған жоқ, шектеулер қойылған, бірақ қаржы пирамидаларының қызметі заңмен бақыланбайды.

«Мен инвестормын!»

Сөзіміз дәйекті болу үшін «инвестор» болған салымшыдан сұрап көрдік. «Инвестор» Николаймен ғаламтор арқылы таныстым. Айтуынша, екі айдай ақша салып көрген. Бірақ басқа өңірлерде компанияға қатысты тергеу басталған соң, ақшасын шығарып алуға асыққан. Өкінішке қарай, халықаралық компаниялардың құнды қағаздарына салынған инвестиция кері қайтарылмапты. Инвестор ретінде апта сайын 10 еуро салып тұру қажет. Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп пайыз түседі. Ақша апта сайын салынуы тиіс. Енді шоттағы ақша көбейе беру үшін, апта сайын үзбей салып отыру керек. Мен аптасына 11 мың теңгеден салып тұрдым, әрбір жұмада 4-5 пайыздық үстеме түсті. Бірақ оны белгілі бір уақыт өткенше шығарып алуға болмайды. Сайтқа төлқұжаттың көшірмесін немесе суретті жіберіп, тіркелген соң банкте ақша аудару арқылы немесе Perfect Money ақша аударатын бағдарлама арқылы салып отырдым. Негізі, мұнда сататын тауар, біреуді үгіттеу, біреуді алдау жоқ болған соң, биржа сияқты ақша табуға болады деп ойладым. Былтыр достарым осыған кіріп, пәленше ақша таптық деп масаттанып жүрді. Сондықтан қаржы пирамидасы деп ойлаған жоқпын. Букмекерлік кеңселер сияқты жұмыс істейді деп ойлағанмын, – деді ол. Тауар сату – ескі әдіс. Ал жалған биржа ашу, инвестиция салғызу – жаңа тәсіл. Оның үстіне бұлар зәулім ғимараттардан кеңсе алып, кеңестерін қымбат залдарда өткізеді. Сондықтан қалың жұрт бұларға сеніп, биржадан ақша таба қалам деп алданады. Бұл пирамида кезінде Ресейде халықты тентіреткен МММ-нің дәл өзі. Инвестор болып, азғантай ақша салудан бастайсың, саған қажет болғанда басқалары береді. Осылайша салынған ақша есебінен ғана жұмыс істеп тұрған пирамида көпке ұзамай құлайды. Зерттеушілердің пайымдауынша, кез келген қаржы пирамидасы жабылудың алдында ең зор табысқа қол жеткізеді екен. Сөйтіп жұрттан жиналған тиын-тебен миллиондарға ұласып, офшорларға құйылып кете береді.

Сең қозғалды

 Бұған дейін жыл басында алданған үш мың адамның шағымы бойынша іс көтерілген болатын. Әсіресе, Қызылорда облысында кәсібін кеңінен таратып, жергілікті тұрғындарды сендірген осы компанияға тергеу жұмыстары жүргізіле бастаған. Депутат сауалынан кейін Бас прокуратура «Questra Holdings Inc.» компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғады. Бас прокуратура өкілдері осыған дейін БАҚ-тарда және ҚР Парламентінің депутаттарының «Questra Holdings Inc.» компаниясы жайлы сөз еткенін айтып өтті. «Қызылорда облыстық прокуратурасының бастамасымен ішкі істер органдарының қызметкерлері биыл 15 наурызда «Questra Holdings Inc.» компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғады. ІІМ-не бүкіл ел бойынша тергеу ұйымдастыру үшін тергеу тобын құруға нұсқау берілді», – делінген Бас прокуратураның сайтында. Прокуратура өкілдері қаржы пирамидаларының адал ұйымдардан айырмашылығы неде екенін түсіндіріп берді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 150-бабы және ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабында былай делінген. «Біріншіден, олар орасан зор пайдаға кенелтемін деген уәдемен адамдарды жаппай өздеріне тартады. Ал ондай пайданы ешбір банк те, ешбір басқа ұйым да қамтамасыз ете алмайды. Бұл күмән туғызуы керек. Екіншіден, олар шет елде тіркелген, құрылтайшылары белгісіз, ақша шет елге шығарылады. Олардың өкілдері ақшаны қалай табатындарын және алынған қаражатты қайда салатындарын нақты, анық түсіндіріп бере алмайды. Оның орнына сіз маңызды серіктес пен жобалар туралы алдын ала дайындалған әңгімелерді естисіз, әдемі буклеттерді көресіз. Үшіншіден, олар жаңа клиент әкелсеңіз, қосымша табыс төлейтіндерін уәде етіп, үнемі ынталандырып отырады. Осы белгілердің барлығы Қазақстанда жарнамасы мен қызметіне тыйым салынған қаржы пирамидасына кез болғаныңызды көрсетеді», – деп түсіндірді прокуратура. «Осыған байланысты Ұлттық банк, ІІМ және Мемлекеттік кірістер комитетімен бірігіп жағдайды бақылауға алып, қаржы пирамидаларының қызметтерін бұлтартпау үшін шаралар қабылдаймыз. Азаматтарды сақ болуға және өз қаражаттарын алаяқтарға сеніп тапсырмауға шақырамыз», – деді прокуратура өкілдері. P.S. Біздің қоғамда ащы бір шындық бар. Посткеңестік мемлекеттердің халқы шетелдік компанияларға сенгіш келеді. SimilarWeb.com сайтының мәліметінше, «Qwestra» сайтына кіргендердің 85 пайызы ТМД елдерінің тұрғындары. «Ауылдағының аузы сасық» дей ме, әйтеуір халықаралық, шетелдік, еуропалық, тіпті өзі білмейтін бір мемлекетте тіркелген компанияларға құдайындай сенеді. Сондықтан болар, Қазақстанда халық саны аз болса да қаржы пирамидалары елімізге келуге құштар.