Әлемді алаңдатқан Баб әл-Мандеб бұғазы
Әлемді алаңдатқан Баб әл-Мандеб бұғазы
Йемендегі жағдай одан әрі ушығуда. Хуситтер тобы ел билігіне қарсы шабуылдарын әлі де жалғастырып отыр. Йемен Республикасындағы дүрбелеңге біраздан бері Сауд Арабиясы араласуда. Наурыз айының соңына қарай Сауд Арабиясы және оның Парсы шығанағындағы одақтастары Йемендегі көтерілісшілерге қарсы әскери операциясын бастап кеткен болатын. Йемен президенті Абд Раббу Мансур Хадидің «Йемен мен оның халқын хуситтік бүлікшілердің озбырлығынан құтқару керек» деген үндеуіне жауап беру қажет деп шешкен араб елдері бірден іске кірісті.
Кедейліктен көз ашпаған...
Йемен – 25 миллионнан астам халқы бар араб елдері арасындағы ең кедей мемлекет болып саналады. Йеменнің қазір біртұтас мемлекет ретінде өмір сүре бастағанына 24 жылдан асты. Осы уақыт аралығында республикадағы билік үнемі өзгеріп отырды. Ұзақ уақыт бойы Йемен Республикасын Әли Абдолла Салех басқарған болатын. Кейін Салехті биліктен аластатуға хуситтер белсенді түрде атсалысты. Сарапшылар толқудың басты себебі деп елдегі кедейшілік пен жаппай жұмыссыздықты атаған еді. Шиіттер тобына жататын хуситтер қазір елдің көп бөлігін бақылауында ұстап отыр. Олар Йемен астанасы Сананы да басып алған. Көтерілісші хуситтер өздерін «Аңсар Алла» атты топтың өкілдері ретінде таныстырады. Өздерін «Құдайдың көмекшілері» деп санайтын «Аңсар Алла» ұйымына 40 жастан асқан ер азаматтар мүше болуға қақылы. Олар қазір Йеменде үлкен дүрбелең туғызып отырған әскери топ. Қарулы қақтығысты «Аңсар Алла» 2004 жылы бастаған. Осы қақтығыстың барысында олар Салехті биліктен құлатып тынды. Бірақ одан кейін билікке Хади келетінінен хабардар болмады. Өйткені президент тағына жайғасқан Абд Раббу Мансур Хади Салехтің қарамағында қызметте болған еді. Хади билікке келген соң хуситтер ел ішіндегі күресті одан әрі жалғастырды. Ал қазір хуситтер биліктен кетірген Әли Абдолла Салехтың өзі хуситтерді қолдап отыр. 2012 жылы билікке келген президент Абд Раббу Мансур Хади ел ішіндегі қарулы қақтығысқа байланысты осы жылдың қаңтарында отставкаға кететінін мәлімдеп, кейін өз шешімін өзгерткен болатын.
Жалпы, 2011 жылы билік ауысқаннан бері Йемендегі тұрақсыздық сақталуда. Биліктегілер қажетті шараларды қабылдағанымен, елдің оңтүстігіндегі «Әл-Каида» содырларының лаңкестік әрекеттері тыйыла қоймады. Сонымен қатар, жоғарыда аты аталған «Аңсар Алла» қозғалысының мүшелері де әуелде отын бағасының күрт қымбаттауына орай елдің бірнеше аймағында жаппай наразылық шараларын ұйымдастырып, жағдайды одан әрі ушықтырған еді. 2014 жылдың жазынан бері Йемен билігіне қатысты дүрбелең қайта басталып, хуситтер тобы бірнеше қаланы басып алып, тіпті, үкіметті отставкаға кетуге мәжбүр еткен. Хуситтердің көтерілісі ел президенті Абд Раббу Мансур Хадидің Сауд Арабиясына қашып кетуіне ықпал етті. Мансур Хадидің елден шығып кеткенін заңсыз дейтіндер көп. Алайда Абд Раббу Мансур Хади қантөгіске бармас үшін хуситтерді келіссөзге шақырып, келісім де жасаған еді. Олардың талаптарын ескеріп, конституцияға өзгерістер енгізуге де келіскен. Осыдан кейін Мансур Хади БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне, Араб мемлекеттері лигасына көтерілісшілердің заңсыз әрекеттерін ауыздықтау туралы өтініш білдірді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бірнеше рет шиіттік көтерілісшілерді бітімгершілікке, заңды үкіметті мойындауға шақырған. Бұған құлақ аспаған хуситтер өздерінің әрекеттерін үдете түсті.
Соғыс алаңына айналған ел
Күні кеше ғана Йеменде орын алған жағдайдың соңы азаматтық соғысқа ұласып кетпесін деп қауіптенгендер енді бұл жағдайдың соңын күтуде. Йеменнің сыртқы істер министрі Рияд Ясин: «Біз сыртқы әскери күштердің шұғыл араласуын сұраймыз. Себебі конституциялық заңға ие үкіметтің басына күн туып тұр. Йемен халқы қан төгілгенін қаламайды», – деген. Йемен Республикасындағы халықтық күштердің жеңістері жалғасқаннан кейін Абд Раббу Мансур Хади БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мен Сауд Арабиясы басқаратын Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің әскери тармағына қарасты күштерден Йеменге кіруді сұрады. Осыдан кейін елдегі қарулы қақтығыстарға Сауд Арабиясы араласып, Йеменде «Шешімділік дауылы» атты әскери операцияны бастап, Йемендегі «Аңсар Алла» халықтық қозғалысының позицияларын нысанаға алған. Сауд Арабиясының ақпарат құралдары Эр-Риядтің аталмыш операцияға 100-ге жуық әскери жойғыш ұшақ, 150 мыңдық әскери теңіз бөлімдерін жұмылдырғанын мәлімдеуде. Сауд Арабиясының шабуылына Йеменнің астанасы Сана қаласындағы әуежай, әскери нысан және Саада мен Лахдждағы лагерьлер мен басқару пункттері ұшырады. Йеменнің денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендердің арасында бейбіт тұрғындардың да бар екенін мәлімдеуде. Аталмыш әскери операцияның алғашқы күнінің өзінде алпыстан астам адам құрбандыққа ұшырағаны белгілі.
Сауд Арабиясы бастаған операцияға Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Катар, Бахрейн мемлекеттері де қосылған. Сондай-ақ, Иордания мен Египет те Сауд Арабиясы бастаған коалицияны қолдайтындығын білдірді. Сауд Арабиясының АҚШ-тағы елшісі Адель әл-Джубейр: «Біз Йеменнің заңды билігін көтерілісшілер тарапынан болатын кез келген қауіптен қорғау үшін қажет нәрсенің бәрін жасаймыз. Себебі, бүлікшілердің баллистикалық ракеталарға, әскери ұшақтарға және басқа да аса қауіпті қаруларға қол жеткізу мүмкіндігі жоғары», – деді. Сауд Арабиясы әскери соққы жасау үшін ресми Вашингтонның келісімін алғанын айтады. Батыс елдері мен Сауд Арабиясының Йеменнің ішкі жағдайына араласуы ел жағдайының одан әрі күрделенуіне әсер етуі мүмкін.
Сондай-ақ, Йеменді басып алу немесе осы мемлекеттің біраз бөлігін Сауд Арабиясына қосып алу – Эр-Риядтың күн тәртібіне қойылған басты мәселелердің бірі сияқты. Тіпті, Сауд Арабиясының телеарналары Йеменнің басып алынған аймақтарын Сауд Арабиясы территориясының бір бөлігі ретінде белгіленген карта жариялаған болатын. Бұрынырақ Асир, Наджран, Джизан сынды Йеменнің үш бірдей облысын басып алған Сауд Арабиясы соңғы жылдары аталған үш аймақты өзінің аумағына қосып алды.
Йемендегі «Аңсар Алла» қозғалысының ақпараттық хатшысы Мұхаммад Абдоссалам Йеменнің «әл-Масире» телеарнасына берген саұхбатында: «Йемен төңкерісшілері Сауд Арабиясына қарсы ұзақ мерзімді соғысқа дайын. Осы соғыста Йемен халқы жеңіске жетеді. Өткен жылдары Сауд Арабиясы Йемен халқымен соғысып көрді, бірақ бүгінде соғыс ерекшеліктері жер көлемі, география және талап-жігер тұрғысынан бұрынғыдан өзгеше. Сауд Арабиясына қашып кеткендер жеңіліске ұшыраған. Йемен халқы бүгінде анағұрлым батылырақ. Йемен төңкерісшілері осы елдің оңтүстігіндегі халықтың көмегімен лаңкестерді басып-жаншыды», – деді. Йемендегі қарулы қақтығыс күшейгеннен бері ел аумағында 643 адам құрбан болған. Жарақаттанғандар саны – 2226 адам. 334 мың адам өз үйлерін тастап кетті және 254,4 мыңы шетел асып, пана іздеп кеткен.
Йемен Сауд Арабиясы үшін неге сонша маңызды деген сауалға жауап іздеп көрелікші. Біріншіден, Сана мен Эр-Риядтың шекара және мұнай мәселелеріне қатысты қайшылықтары, екіншіден, мұнай транзитінің жолы саналатын Баб әл-Мандеб бұғазы, яғни, Йеменнің географиялық орналасуы. Аталмыш мәселелерге байланысты Йемендегі өзгерістер Сауд Арабиясы үшін ерекше маңызға ие. Кезінде Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі құрылғанда Йемен Сауд Арабиясына қосылмаған Арабия түбегінің жалғыз мемлекеті болған. Сондай-ақ, Иран мен Ирактың арасында соғыс өрті тұтанғанда, оңтүстік Йемен Ирактың Иранға шабуыл жасағанын айыптаса, ал солтүстік Йемен осы кезде Сауд Арабиясымен тығыз байланыста болып, Иракқа қолдау білдірді. Енді хуситтер мен олардың шекаралары, саяси және транзиттік мәселелері Сауд Арабиясы мен Йемен арасында орын алған қайшылықтардың факторына айналды.
Кейбір сарапшылар шиіттерге қарсы жасалған бұл әрекет Сауд Арабиясының аймақтағы басты қарсыласы Иранның ашуын тудыруы мүмкін екенін айтуда. Ал Иран Сауд Арабиясының бұл әрекетін «Йемендегі жағдайды одан әрі күрделендіре түседі және ондағы қақтығысты бейбіт реттеу мүмкіндіктерінен айырады» деп айыптады. Осыдан кейін сарапшылардың кейбірі Тегеранның хуситтерді қолдап отырғандығына сенімді болды. Хуситтер Иранның қолдауынсыз бұлайша екпіндемес еді дейді кейбір мамандар. Ал Иран әзірге Йемендегі бүлікшілерді қолдап отырғанын мойындай қойған жоқ. Йемендік саясаттанушы Валида әл-Сакаф Иранның Йемендегі көтерілісші хуситтерге теңіз және әуе арқылы қару-жарақ жеткізіп жатқандығын мәлімдеген. Оның айтуынша, Иран үкіметі қазір Йемендегі бүлікшілерге қолдау көрсету арқылы ливандық сценарийдің қайта орнағанын көздейді. Ал Сауд Арабиясын қолдаушы топтар мұнай әмірліктерімен және Египетпен бірлесе коалиция құрып, хуситтерге қарсы шабуылды бастады. Бұл Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы аймақтағы үстемдік үшін бұрыннан келе жатқан қарсылықты қайта жалғастыруы әбден мүмкін. Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы шиеленіс көптен бері келе жатқан үрдіске айналғандай. Енді ислам дінінің екі түрлі бағытын ұстанатын Иран мен Сауд Арабиясы үшін Йемен соғыс алаңына айналғалы тұрған сияқты.
Мұнай бағасы күрт көтерілді
Қазір мұнай бағасының күрт төмендеуі әлемдік саясатта біраз талқылауға тұздық болғаны мәлім. «Йемендегі жағдайдың нашарлауы Парсы шығанағы өңіріне мұнайды жеткізудің бұзылуына әкелуі мүмкін. Қазіргі кезде мұнай бағасы құлдырауда, бірақ жағдай өзгерсе, динамика бағытты өзгертуі мүмкін», – деп хабарлаған болатын CMC Markets-тің нарық сарапшысы Николас Тео.
Ал Сауд Арабиясы Йеменді көктен тоқпақтай бастағаннан кейін мұнай бағасы керісінше күрт көтеріліп кетті. Йеменде орын алған астаң-кестеңнен әлемдік мұнай бағасы да 3 пайызға көтеріліп шыға келді. Brent маркалы мұнайдың 1 баррелі 58,49 долларға қымбаттады. WTI маркалы жеңіл мұнайының құны бір барреліне 50,95 долларға дейін жетіп, 3,41 пайызға артты.
Йемендегі соғысқа байланысты мұнай бағасының дереу көтерілуі турасында халықаралық сарапшы Рик Спунер: «Йемен ірі мұнай өндіруші ел емес, бірақ география және саясат жағынан алғанда, Таяу Шығыс үшін өте маңызды мемлекет», – деп мәлімдеді. Енді Сауд Арабиясына қарсы соғысқа Иран араласатын болса, мұнай бағасы мүлдем шарықтап кететіні анық. Аталмыш екі мемлекет мұнай экспорттаушы елдер ұйымының екі белді мүшесі ретінде тұрақтылықты сақтап, қуат көзімен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратыны белгілі. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Иран мен Сауд Арабиясы арасында қайшылықтың туындауы исламдық және аймақтық интеграцияға айтарлықтай кесірін тигізеді.
Әуелде Йемен Республикасындағы қақтығыстың бір жағын – Иран, екіншісін – Сауд Арабиясы қолдады дегенімізбен, қазір бұл соғыстың ауқымы ұлғая түсті. Әзірге әскери күш қоспағанмен, алпауыт мемлекеттер ақпараттық тұғыдан іске араласа бастады. Соңғы бір үміт БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде болған. Алайда бұл жағдайда Қауіпсіздік кеңесінің де мүмкіндігі аз болып тұр.