501
Ел тарихындағы ең ірі парадқа 5 мың әскери қызметші қатысты
Ел тарихындағы ең ірі парадқа 5 мың әскери қызметші қатысты
Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың Ұлы Жеңісіне 72 жыл және тәуелсіз Қазақстанның төл армиясына 25 жыл толуына орай 2017 жылдың 7 мамырында Астанадағы «Қазақ Елі» алаңында ел тарихындағы ең ірі әскери парад өтті. Онда 5 мыңнан астам әскери қызметші, 300 әскери техника мен 70 әскери авиация ұшағы Қазақстан Қарулы Күштері қол жеткізген ерен жетістіктерді көрсетті.
Салтанатты шеруді Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің тікұшақтар тобы ашты. Олар белгіленген тәртіпте жылжи отырып, әуеде 25 мерекелік датасының бейнесін жасады. Жаяу әскер легін «Жас ұлан» әскери мектептерінің тәрбиеленушілері - барабаншылар ротасы бастады.
Барабаншылар сапында Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы Республикалық «Жас ұлан» мектептерінің үздік оқушылары бар.
Барабаншылардан кейін шеруді ҚР Қорғаныс министрлігінің офицерлер тобы жалғастырды. Әрі қарай Құрлық әскері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштері, «Оңтүстік», «Шығыс», «Астана, «Батыс» өңірлік қолбасшылықтары, Десанттық-шабуылдаушы әскерлер, барлаушылар ротасы, Арнайы операциялар күштері, Әскери полиция, «Қазбат» бітімгершілік ротасы және ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Боран» арнайы ротасының парадтық есептоптары жүріп өтті.
Сонымен бірге, парадқа Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтының, Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтының, Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясының курсанттары, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің офицерлері, ҚР Ұлттық ұлан Әскери институтының түлектері, Ұлттық гвардия әскерилері қатысты. Жаяу әскер легін Қазақстан Республикасы мемлекеттік күзет қызметінің ротасы түйіндеді.
Механикаландырылған лек басында қазақстандықтар 2016-2017 жылдары сатып алынған заманауи әскери техника мен жаңа қару-жарақ түрлерін тамашалады. Әуе қорғанысы күштерінің ең үздік ұшу аппараттары Астана аспанында өз шеберліктерін көрсетті. «Ромб» жауынгерлік тәртібінде сап түзеген «Жетісу» пилоттық тобы СУ-27 ауыр жойғыш ұшақтарымен Астана аспанында «Бәйтерек» атты жоғары пилотаж фигурасын жасады.