Қарағандыда жоғалып кеткен қыз 12 жылдан бері іздестіріліп жатыр

/
Қарағандыда жоғалып кеткен қыз 12 жылдан бері іздестіріліп жатыр

Қарағандыда 2014 жылы із-түзсіз жоғалған Сұлушаш Рақымжанованы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жоғалған кезде 19 жаста болған қыздың туыстары арада 12 жыл өтсе де, оны табудан үміт үзбеген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сұлушаш Рақымжанованың жоғалуына қатысты ақпарат әлеуметтік желілерде қайта тарады. Туыстары оның 19 жасында түсірілген фотосуретін және қазір 31 жасында шамамен қандай болуы мүмкін екенін бейнелейтін суретті жариялады.

«Біз оны күтуден де, іздеуден де шаршаған жоқпыз. Сіңліміз Сұлушаш 2014 жылы жоғалып кетті. Ол кезде небәрі 19 жаста еді. Содан бері оны іздеп, оралуын күтіп, үмітімізді үзбей келеміз», – деп жазды туыстарының бірі Threads әлеуметтік желісінде.

Еріктілер таратқан мәліметке сәйкес, Сұлушаш Рақымжанқызы Рақымжанова 1995 жылғы 13 қыркүйекте дүниеге келген. Ол 2014 жылғы 22 қарашада Қарағанды қаласында үйінен шығып, белгісіз бағытқа кеткен.

Содан бері оның қайда екені белгісіз. Туыстары мен еріктілер Сұлушаштың тағдырына қатысты қандай да бір ақпарат табудан үміт үзбей отыр.

Жоғалып кеткен қыздың белгілері:

Бойы: 165–170 сантиметр;

Дене бітімі: орташа;

Маңдайында кішкентай тыртық бар;

Төменгі ернінің астында кішкентай тыртық бар.

Туыстары Сұлушаштың қайда екенін анықтауға көмектесетін кез келген ақпаратқа үміт артып отыр. Олар бейжай қарамайтын азаматтардан іздеу жұмыстарына қолдау көрсетуді сұрайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары