Қарағанды облысында екі лауазымды тұлғаға айыппұл салынды

/
Қарағанды облысында екі лауазымды тұлғаға айыппұл салынды
gov.kz

Жыл басынан бері Қарағанды облысының прокуратурасы «прокурорлық сүзгі» тетігі арқылы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 906 шешімін қарады. Оның нәтижесінде бизнеске қатысты бірқатар негізсіз шектеуге жол берілмей, инвесторлардың құқығы қорғалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атап айтқанда, 19 негізсіз тексеру тағайындау әрекетінің жолы кесілді, «Сарыарқа» АЭА қатысушысымен жасалған шартты бұзуға жол берілмеді, 7 рұқсат құжатын беруден бас тарту және 5 инвесторға қатысты шектеу шараларын қолдану тоқтатылды. Сонымен қатар жалпы сомасы 40 млн теңгеден асатын 31 әкімшілік айыппұл салуға жол берілмеді.

Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудың жекелеген фактілері бойынша құқықтық баға берілді.

Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының прокуратурасы мемлекеттік кірістер органдарының «FLSmidth» ЖШС-ға қатысты тексеруді прокуратура органдарымен келіспей тағайындағанын анықтады.

Прокурордың наразылығы бойынша тексеру жүргізу туралы нұсқама және оған байланысты шешімдердің күші жойылды. Салық органының лауазымды тұлғасына қатысты ӘҚБтК-нің 175-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалды.

Заңды күшіне енген сот актілерін талдау барысында заңсыз араласудың тағы екі фактісі анықталды. Қарағанды қаласы әкімдігінің жер учаскелерін беруден бас тарту туралы шешімдері заңсыз деп танылды.

Осы факті бойынша екі әкімшілік іс қозғалды. ӘҚБтК-нің 173-бабының 1-бөлігі бойынша екі лауазымды тұлға жалпы сомасы 865 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.

Облыс прокуратурасы әкімшілік кедергілерді жою және инвесторлардың заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысты жалғастырады.

Қарағанды облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге, заңсыз тексерулерге, кәсіпкерлік қызметке негізсіз араласуға немесе мемлекеттік органдар тарапынан өзге де заңбұзушылықтарға тап болған инвесторларды төмендегі байланыс нөмірлері арқылы хабарласуға шақырады: +7 (778) 444-66-94; +7 (701) 544-08-59; 115 Call-орталығы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар