"Болашақ" бағдарламасының талаптары күшейтілді

"Болашақ" бағдарламасының талаптары күшейтілді

"Болашақ" бағдарламасының талаптары күшейтілді
ашық дереккөзі
227
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ 2017 жылғы 13 наурызда ҚР Мемлекеттік хатшысы төрағалығымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша «Болашақ» бағдарламасының сапасын жетілдіру бағытында бірқатар өзгерістер көзделіп отырғанын хабарлайды. Бұл өзгерістер ең алдымен стипендия тағайындау үшін үміткерлерді конкурстық іріктеу рәсіміне, сондай-ақ конкурсқа қатысу үшін кіріс өлшемшарттарына қатысты болмақ. Атап айтқанда, стипендиаттарды іріктеу сапасын жақсарту мақсатында академиялық бағдарламалар үшін (магистратура, докторантура, резидентура) үміткерлердің барлық санаттарына бакалавр немесе маман дипломы бойынша орташа балды 3.3 деңгейінде белгілеу жоспарлануда. Осы мақсатта, «магистратура» бағдарламасы бойынша үміткерлердің квоталық санаттары үшін ағылшын тілін меңгеру деңгейінің өлшемшарттарын IELTS жүйесі бойынша 5.0 балдан 5.5 балға дейін жоғарылату жоспарлануда. Бұл ретте, «инженерлік-техникалық мамандық» санаты бойынша үміткерлерге қойылатын талаптар бұрынғы деңгейде – IELTS 5.0 қалады, бұл осы саладағы кадрларды «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Президенттің Қазақстан халқына жолдауы аясында ел экономикасын үдемелі технологиялық жаңғырту үшін даярлау міндеттеріне байланысты туындап отыр. Сонымен бірге, ағылшын тілін жеткілікті деңгейде (IELTS 6.5 және одан жоғары) меңгерген, сондай-ақ GPA 3.3 және одан жоғары дипломы бар тұлғаларға конкурсқа қатысу мүмкіндігін беру көзделуде. Осы шара конкурсқа қатысушылар құрамын көбейту және экономиканың басқа салаларында кадрларды даярлауды қамтамасыз ету мақсаттарында қабылданады. Сонымен бірге, осы санатта жұмыс өтілі мен жұмыс беруші өтінімінің болуына талап қойылмайды. Бұл санат магистр дәрежесін алу үшін стипендиаттардың басқа санаттарымен қатар, оқу елінің білім беру және әлеуметтік-мәдени ортасына бейімделу мақсатында 2 айға дейінгі мерзімде оқу алдындағы даярлықтан (Pre-Master's Program) өту мүмкіндігін береді. Бұған қоса, стипендия тағайындау үшін үміткерлерді конкурстық іріктеу рәсіміне де елеулі өзгерістерді енгізу күтілуде. Осы жылдың маңызды жаңалығы – конкурстың бірінші кезеңінде үміткерлерді уәждемелік және ұсыным хаттар бойынша іріктеудің енгізілуі. Іріктеуді әр кәсіби бағыт бойынша бөлек салалық сарапшылар топтары өткізеді. Осында үміткерлер мамандықты, оқу бағдарламасын, жоғары оқу орнын және оқу елін таңдау себебі бойынша нақты дәлелдемелер беруі тиіс. Сонымен қатар, олардың болашақ зерттеу тақырыбы бойынша белгілі жұмыстары болуы, сондай-ақ алынған білімінің ел экономикасы дамуы үшін тигізетін ықпалын анық саралап беруі тиіс. Уәждемелік эссенің форматы бойынша ұсыныстар конкурстың ашылуына дейін алдын ала Орталықтың ресми сайтында жарияланады. Жалпы, уәждемелік және ұсыным хаттар бойынша алдын ала іріктеу әлемдегі көптеген стипендиалдық бағдарламаларда айтарлықтай таралған тәжірибе екенін атап өту керек. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен тарихын білуді тексеру және үміткерлерді психологиялық диагностикалау тәсілдерін өзгерту де жоспарлануда. Қолданыстағы жүйе үміткердің бейінді даярлығы деңгейін, қажетті біліктіліктер, білімдер мен дағдылардың болуын, сонымен қатар олардың психологиялық қасиеттерін анықтайтын кешенді тестімен ауыстырылады. Тәуелсіз сарапатамалық комиссия жұмысы оның құрамына қойылатын талаптардың қайта қаралуымен жаңғыртылады. Яғни, ТСК міндеті – үміткерлердің кәсіби дайындығын бағалау ғана, оның ішінде маманданудың таңдалған саласында теориялық және тәжірибелік білімдерін анықтау. Осында мамандану бойынша Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын білу деңгейі де анықталады. Сондықтан, ТСК құрамы да үміткерлердің оқу бейімдеріне сәйкес салалық сарапшылар өкілдерінен құрылады.

Серіктес жаңалықтары