Қазақстанда 39 млрд теңгеге жаңа фармацевтикалық зауыт салынады

/
Қазақстанда 39 млрд теңгеге жаңа фармацевтикалық зауыт салынады
Үкімет

Алматыда дәрі-дәрмек өндірісін кеңейтуге, халықаралық әзірлемелерді локализациялауды тереңдетуге және ел ішінде фармацевтикалық субстанцияларды шығару үшін алғышарттар жасауға мүмкіндік беретін жаңа фармацевтикалық зауыт салу жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында «Нобель Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ Басқарма төрағасы Светлана Киль мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жобаға салынатын инвестиция көлемі 39 млрд теңгеден асады. Дамудың негізгі бағыттарының бірі – халықаралық дәрі-дәрмектерді локализациялауды кеңейту. Бүгінгі таңда Қазақстанда төрт онкологиялық препараттың өндірісі локализацияланған, олар – Roche компаниясының кадсил, герцептин және перьета, сондай-ақ AstraZeneca компаниясының форсиг препараттары. Сонымен қатар, Sanofi-мен вакцина өндірісін локализациялау туралы келісімшартқа қол қойылды.

Жаңа зауыт өндірістік процестерді одан әрі тереңдетуді көздейді. Бірінші кезеңде – 2030-2033 жылдары дайын дәрілік нысандарды игеру, технологиялар трансфері және толық циклді өндірісті дамыту жоспарлануда. 2034-2036 жылдарға арналған келесі кезең – импорттық шикізатқа тәуелділікті біртіндеп төмендетуге мүмкіндік беретін белсенді фармацевтикалық ингредиенттер өндірісін ұйымдастыруды көздейді.

Инвестициялық келісім шеңберінде дәрі-дәрмектердің 40 халықаралық патенттелмеген атауын локализациялау көзделген, олар 12 терапевтік бағыт бойынша 68 өндірістік позицияны құрайды. Басты назар онкология мен гематологияға аударылады, олар сәйкесінше 17 және 7 халықаралық патенттелмеген жалпы атауларды құрайды.

Алғашқы іске қосу 2029 жылға жоспарланған. 2029-2032 жылдар аралығында 40 атаудың 23-ін өндірісті игеру көзделіп отыр. 2030 жылы жаңа өндірістік бағыттарды ашу жоспарлануда, олар: ревматология, иммунология және өкпе артериялық гипертензиясын емдеу. 2032 жылы алты биологиялық позиция іске қосылады деп күтілуде: бесеуі онкология үшін және біреуі гематология үшін.

«Халықаралық құзыреттер трансфері және білікті мамандарды даярлау фармацевтика саласында кәсіби кадрларды дамытуды қолдайтын болады. Өндірістік мүмкіндіктерді кеңейту және сапа талаптарын сақтау қазақстандық фармацевтикалық өнімді шетелдік нарықтарға жылжыту үшін жағдай жасайды»,— деп атап өтті Светлана Киль.

Жобаны жүзеге асыру локализацияны дәйекті түрде тереңдетуге, заманауи биотехнологияларды игеруге және Қазақстанды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тұрақтылығын арттыруға негізделген отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту бағыттарының біріне айналады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары