574
Астана әкімдігі 423 автобус сатып алды
Астана әкімдігі 423 автобус сатып алды
Мамыр айының соңына дейін елордаға жаңа 423 автобус жеткізіледі. Бұл туралы бүгін Астана қалалық жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Бекмырза Игенбердинов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта қалада күн сайын қоғамдық көлікпен 800 мыңнан астам сапар жасалады. Ал автобустардың жалпы саны - 1025 бірлік. Шамамен 250 автобус техникалық талаптарға, соған сәйкес жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарына сай келмейді. Бұған қоса, ЭКСПО қарсаңында және көрме өтетін кезеңде күн сайынғы жолаушылар ағынының көлемі 200 мыңнан астам сапарға көбейеді деп күтілуде. Қалалық қажеттік аясында және ЭКСПО кезінде қоғамдық көліктерге қолжетімділікті қамтамасыз ету, халықаралық және өңірлік делегацияларға тапсырыс берілетін автобустарды ұйымдастыру үшін әкімдік қосымша 423 автобус сатып алады. Барлық автобустар мамыр айының соңына дейін жеткізіледі деп күтілуде», - деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, бүгінде қалада 81 қоғамдық көлік бағдары бар. Оның 11-і ЭКСПО аумағы арқылы өтеді. Көрме өткізілетін кезеңде аталған 11 бағдарға қызмет көрсету үшін қосымша 103 автобус беріледі.
«Бұл шара қоғамдық көліктердің қозғалыс уақыты аралығын 5-7 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік беріп, көрме бағытындағы сапарлар санын 260 мыңға дейін арттыруға септігін тигізеді. Жолақысы қазіргі деңгейде, яғни 90 теңге болып қала беретін болады»,- деді Игенбердинов.