Таразда оқушыны бір көзінен айырған жасөспірім 7 жылға сотталды

/
Таразда оқушыны бір көзінен айырған жасөспірім 7 жылға сотталды
КТК арнасы

Таразда мектептегі жанжал кезінде қатарласын бір көзінен айырған жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

КТК арнасының мәліметінше, оқиға биыл сәуір айында мектеп дәретханасында болған. Жанжал кезінде Дамир Сұраншиев көзінен қатты соққы алып, салдарынан бір жанарынан айырылған. Тергеу барысында соққы жасаған оқушы анықталып, бұл сараптама қорытындысымен расталған.

Жамбыл облысының Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотталушының кәмелетке толмағанын және кінәсін ішінара мойындағанын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныған. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

«Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деп хабарлады сот.

Жәбірленушінің анасы Зухра Кәрімова сотталушыға тағайындалған жазаны әділ деп санайтынын, алайда оқиғаға басқа да жасөспірімдер қатысқанын айтып, олардың да жауапқа тартылуын талап ететінін жеткізді.

«Топ болып жасалған шабуыл екенін біз әу бастан айтып келе жатырмыз. Ол бәріне белгілі. Топпен жасалған шабуылдан тек бір балаға 7 жыл берді. Мен келісемін, мен ойлаймын, бұл әділдік болды деп. Бірақ қалған қатысушыларды қудалауды тоқтатпаймын», – деді ол.

Қазір Дамир алдағы күрделі отаға дайындалып жатыр. Анасының айтуынша, баланың көзін қалпына келтіру үшін бұған дейін алты рет операция жасалған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары