Жетісуда медициналық куәландырудан бас тартқан мас жүргізуші 25 тәулікке қамалды

/
Жетісуда медициналық куәландырудан бас тартқан мас жүргізуші 25 тәулікке қамалды
polisia.kz

Демалыс күндерінің бірінде таңға жуық Талдықорған қаласының орталығында патрульдік полиция қызметкерлері Toyota Camry автокөлік  тоқтатты. Көлік тізгінінде 21 жастағы жергілікті тұрғын болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тексеру барысында жас жігіттің көлік басқару құқығы жоқ екені анықталды. Сонымен қатар одан алкогольдің өткір иісі шығып, сөзі түсініксіз болған және агрессивті мінез-құлық танытқан. Полиция қызметкерлері медициналық куәландырудан өтуді ұсынғанымен, жүргізуші одан бас тартты.

Мұндай әрекет тек жүргізушінің өзіне ғана емес, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Әсіресе, көлік басқару құқығының болмауы мен ықтимал масаң күйдегі жағдай сапарды одан әрі қауіпті етеді.

Іс материалдары сотқа жолданды. Сот шешімімен жас жігіт әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 25 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.

Жетісу облысының полициясы көлік басқару құқығынсыз рөлге отыру және медициналық куәландырудан өтуден бас тарту заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

Бір сәттік жауапсыздықтың салдары ауыр болуы мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары