Қазақстанда тең құқықты қамтамасыз етуге арналған және азаматтарды кемсітушіліктің кез келген түрінен қорғауды көздейтін бірыңғай заң жобасы әзірленді. Заңнамалық бастама Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ұсынысымен, БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен дайындалған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Құжаттың мазмұны мен оның адам құқықтарын қорғау тетіктерін дамытудағы маңызы туралы Варшавада өтіп жатқан ЕҚЫҰ Адами өлшем жөніндегі конференциясының тоғызыншы сессиясында Maqsut Narikbayev University Жеке құқық департаментінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Мүслім Хасенов айтып берді.
Сарапшының сөзінше, көпэтносты әрі көпконфессиялы Қазақстан үшін қоғамдық келісім мен өзара құрметтің маңызы ерекше. Алайда бұл қағидаттардың беріктігі әртүрлі қауымдастықтардың бейбіт қатар өмір сүруімен ғана емес, әр адамның құқығын қорғайтын тиімді тетіктердің болуымен де өлшенеді.
«Тек толеранттылықтың өзі теңдікті қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Инклюзивті қоғамның шынайы көрсеткіші – әр адамның тең құқықтар мен тең мүмкіндіктерге ие болуы және кемсітушіліктен тиімді қорғалуы», – деп атап өтті Мүслім Хасенов.
Сарапшының айтуынша, заң жобасын әзірлеу жұмыстары 2024 жылдың соңында аяқталған. Құжат кемсітушілікке қарсы іс-қимылдың бірыңғай құқықтық негізін қалыптастыруды, негізгі ұғымдарды жүйелеуді, сондай-ақ тең құқықтылықты қамтамасыз ететін процестік және институционалдық тетіктерді енгізуді көздейді.
2025 жылы жоба уәкілетті мемлекеттік орган жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында таныстырылған. Қазір құжат Қазақстан Үкіметінің қарауында.
«Бұл заңнамалық бастама Үкімет пен Парламент депутаттарының қолдауына ие болып, Қазақстанда кемсітушілікке қарсы кешенді заң қабылдауға жол ашады деп үміттенеміз», – деді Хасенов.
Қазақстанның құқықтық даму перспективалары туралы сөз қозғаған сарапшы елдің этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтауда жинақтаған тәжірибесі тең құқықтылық саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге негіз болатынын айтты. Келесі қадам – әр адамның шыққан тегіне және жеке ерекшеліктеріне қарамастан өз құқықтарын пайдалануына мүмкіндік беретін нақты кепілдіктерді бекіту.
«Біздің келесі қадамымыз – осы құндылықтарды адамның шыққан тегіне немесе жеке ерекшеліктеріне қарамастан, әркімнің құқығын қорғайтын тиімді құқықтық кепілдіктерге айналдыру», – деп атап өтті Хасенов.
Сөз соңында сарапшы қоғамдық келісім мен құқықтық теңдіктің өзара байланысына назар аударды. Оның айтуынша, бұл екі қағидат бірін-бірі алмастырмайды, керісінше, өзара толықтырып, әр адамның қоғамдық өмірге толыққанды қатысуына жағдай жасайды.
«Толеранттылық бейбіт қатар өмір сүруге жағдай жасайды. Ал теңдік пен кемсітпеу қағидаттары әр адамның өз қадір-қасиетін сақтап, тең құқықтарды пайдалана отырып, қоғам өміріне толыққанды қатысуына мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Мүслім Хасенов.