Белгіленбеген жерде отшашу ұйымдастырған Қарағанды тұрғынына айыппұл салынды

/
Белгіленбеген жерде отшашу ұйымдастырған Қарағанды тұрғынына айыппұл салынды
istockphoto.com

Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында К-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

2026 жылғы 19 қыркүйекте К. Қарағанды қаласы, Методическая көшесі, 17А мекенжайында орналасқан «Greenwich» рестобардың ашылуына арналған іс-шара барысында белгіленбеген жерде пиротехникалық бұйымдарды (отшашу) қолданып, оларды пайдалану тәртібін бұзған, бұл ретте материалдық залал келтірмеген.

К. өз түсініктемесінде «Greenwich» рестобарының ашылған күні Интернет желісі арқылы мерекелік отшашулар ұйымдастыру қызметін көрсететін ұйымды тапқанын көрсетті. Аталған ұйым өкілдерімен қызмет көрсету талаптарын келісіп, тиісті шарт жасасқан. Алайда ұйымның пиротехникалық бұйымдарды қолдануға рұқсат беретін құжаттарының бар-жоғы туралы білмеген.

Әкімшілік жаза тағайындау кезінде сот құқық бұзушылықтың сипатын, оны жасау мән-жайларын, құқық бұзушының жеке басын, материалдық залал келтірілгені туралы мәліметтердің жоқтығын, сондай-ақ жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алу қажеттігін ескерді.

Сот қаулысымен К.-ға пиротехникалық бұйымдарды тәркілей отырып, 86 500 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары