Әлеуметтік нысандардың дербес деректерді жинау заңдылығын тексеру қажет – Ләззат Жылқыбаева

/
Әлеуметтік нысандардың дербес деректерді жинау заңдылығын тексеру қажет – Ләззат Жылқыбаева
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ләззат Жылқыбаева Бас прокурор Берік Асыловқа, Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке азаматтардың дербес деректерін қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы депутаттық сауал жолдағды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Еліміздің жаңа Конституциясында алғаш рет әр адамның жеке және отбасы құпиясының қорғалуына, сондай-ақ дербес дерегінің заңсыз жиналуы мен пайдаланылуынан қорғау құқығына заңмен кепілдік берілген.

Бұл – адамның құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған маңызды конституциялық норма. Цифрлық дәуірде бұл кепілдіктің маңызы бұрынғыдан да арта түсті.

Мемлекет басшысы бастаған өзгерістердің түпкі мақсаты – азаматтың құқығын күнделікті өмірде нақты қорғау. Сондықтан конституциялық кепілдіктер әрбір ұйымның жұмысында орындалуға тиіс», – деді Л. Жылқыбаева.

Депутаттың сөзінше,қазақстандықтар 11 қазанда «Яндекс» компаниясының кейбір қызметтеріне қол жеткізе алмады. Компания мұны шетелдегі инфрақұрылымдағы ақаумен түсіндірді. Министрлік қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері сақталатын серверлер ел аумағында орналасқанын мәлімдегенімен, кейбір компоненттердің Қазақстаннан тыс жерде екенін растады. Күн сайын азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем деректерін өңдейтін сервистің шетелдегі бір ақаудан тоқтап қалуы бұл деректердің нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтауды талап етеді.

«Келесі мәселе – азаматтардың жеке деректерінің ашық жариялануы.

Жақында Қызылорда облысының Шиелі ауданында жеті білім беру ұйымы 529 қызметкердің дербес деректерін мемлекеттік сатып алу порталында ашық жариялаған. Ал, Семей қаласында қызметкерлермен қатар 344 кәмелетке толмаған баланың деректері ашық қолжетімді болған.

Бұл деректерді алу үшін ақпараттық жүйені бұзудың да қажеті болмаған. Оларды қорғауға тиіс ұйымдардың өздері ашық жариялаған.

Сонымен қатар, әрқайсымыз мемлекеттік қызмет алғанда, банкке жүгінгенде, емханаға тіркелгенде, баламызды мектепке орналастырғанда өзіміз туралы мәліметтерді тапсырамыз. Бірақ одан кейін не болады? Деректерімізді кім қарайды? Қандай мақсатта пайдаланады? Біз мұны қалай бақылай аламыз?», – деді ол. 

Депутат Ләззат Жылқыбаева әсіресе балалардың дербес деректерінің таралуы олардың жеке өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып, осы саладағы заң талаптарының сақталуын тексеру және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.

Біріншіден, 11 қазандағы жағдайға байланысты дербес деректердің трансшекаралық берілу-берілмеу заңдылығын тексеру қажет.

Екіншіден, әлеуметтік нысандар мен оларға қызмет көрсететін компаниялардың дербес деректерді жинау заңдылығын тексеру қажет.

Үшіншіден, осы жылы маусымда заңнамаға жалпыға қолжетімді көздерде жариялауға жатпайтын дербес деректерді бүркемелеу әдістерін қолдану талаптары енгізілді. Алайда жоғарыда айтылған фактілер осы талаптардың сақталуын тексеру қажеттігін көрсетті.

Төртіншіден, осы саладағы мамандардың біліктілігін арттырып, жергілікті атқарушы органдардың тексеру жүргізуіне арналған бірыңғай әдістеме әзірлеу қажет.

Бесіншіден, дербес деректері заңсыз жарияланған азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру тетіктерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет.

Цифрлық мемлекетке деген сенім азаматтың өз деректерінің қорғалатынына деген сенімінен басталады», – деді депутат. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары