Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков Павлодар облысына қызметтік іссапармен барып, Полиция департаментінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесу барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық қорғау қызметіне цифрлық технологияларды енгізу мәселелері қаралды.
Полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің іс-қимыл үйлесімділігі, ақпарат алмасу жеделдігі, сондай-ақ өңірде құқық бұзушылықтар мен оқиғаларға уақтылы ден қою және қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде күштерді үйлестіру мәселелеріне назар аударылды.
Сапар бағдарламасы аясында генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Ол «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде құқық қорғау қызметін цифрландырудың маңызын атап өтті.
Заманауи бейнебақылау жүйелері мен жедел мониторинг құралдары құқық бұзушылықтардың алдын алуға және ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Оларды тиімді пайдалану оқиғаларға шұғыл шаралар қабылдап, бөлімшелердің жұмысын үйлестіруге және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Сапар соңында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Полиция департаментінің музейін аралады. Экспозицияда Павлодар облысындағы ішкі істер органдарының қалыптасуы мен дамуын бейнелейтін мұрағат құжаттары мен тарихи материалдар қойылған.

Полиция мен Ұлттық ұланның бірлескен қызметі өңірдегі құқықтық тәртіпті сақтауға және тұрғындардың тыныштығын қорғауға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелі болуы Павлодар облысында тұрақты әрі қауіпсіз қоғамдық ахуалды қалыптастыруға ықпал етеді.
