Алматыда парсы ақыны Хафиз Ширазиге арналған әдеби-поэзиялық кеш өтті

/
Алматыда парсы ақыны Хафиз Ширазиге арналған әдеби-поэзиялық кеш өтті

Алматы қаласындағы Орталық кітапхананың Н. Даулетова залында әлем әдебиетінің жауһары, парсының ұлы шайыры Хафиз Ширазидің шығармашылығына арналған салтанатты әдеби-поэзия кеші өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

​Адамзаттың асыл қазынасына айналған шайырдың бай мұрасын насихаттауды, халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуды мақсат еткен шараға белгілі ғалымдар, дипломаттар мен студент жастар қатысты.

​Кештің құрметті қонақтары қатарында Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Сона Ахмади ханым, мәдени атташе Масуд Мұхаммед Садықи, ирантанушы ғалым Ислам Жеменей, ​сондай-ақ, еліміздің танымал аудармашылары, шығыстанушы ғалымдар, кітапхана қызметкерлері мен Алматыдағы жоғары оқу орындарының белсенді студенттері болды.

Жиын барысында Иран Ислам Республикасының Бас консулы Сона Ахмади ханым Хафиз Ширази поэзиясының әлемдік мәдениеттегі орнына тоқталды.

Мәдени атташе Масуд Мұхаммед Садықи мен профессор Ислам Жеменей ақын ғазалдарындағы терең философиялық мән, махаббат пен адалдық идеялары төңірегінде пайымды баяндамалар жасап, қатысушыларға мол мағлұмат сыйлады.

Әдеби кеште студенттер ақынның жырларын жатқа айтып, өнерлерін ортаға салды. Кеш қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлап, екі ел арасындағы достық пен мәдени сұхбатты одан әрі тереңдете түсті.

– Иран Ислам Республикасының мәдени күнтізбесінде 20 меһр – әлем тарихы, әдебиеті мен мәдениетінің аса көрнекті тұлғаларының бірі, парсының ұлы шайыры қожа Шамс әд-Дин Мұхаммед Хафиз Ширазиді ұлықтайтын күн.

Осы айтулы күн географиялық шекаралар мен тарихи кезеңдердің аясынан асып, ғасырлар бойы әлемнің түкпір-түкпіріндегі рухани ізденіске құштар жандарды өзара байланыстырып келе жатқан ұлы үн туралы ой толғауға мүмкіндік береді. Бұл – Хафиз Ширазидің үні. Оның поэзиясы арқылы ирандықтардың бейбітшілік, татулық, ұстамдылық пен адамсүйгіштік туралы жарқын жолдауы күллі әлемге тарайды.

Иран жерінің мәдениеті мен өркениеті әрдайым бейбіт қатар өмір сүру, адамның қадір-қасиетін қастерлеу және өзара сұхбат қағидаттарына негізделген. Ал ұлы ғазалшы Хафиз – осы бай мәдениеттің жарқын айнасы. Ол әлемді соғыс, зорлық-зомбылық пен әсірешілдіктің қараңғылығы торлаған заманда махаббатты, төзімділік пен кеңпейілдікті жырлады.

Хафиздің «Диуаны» – Иранның әлемге жолдаған мәңгілік мәдени елшісі іспеттес. Ол дүниежүзіне ирандық болмыстың бейбітшілік пен достыққа негізделгенін аңдатады. Ақын осы дүниетанымның мәнін бір ғана мәңгілік бәйітке сыйдырған:

«Екі дүниенің тыныштығы осы екі сөзбен түсіндіріледі: досқа ізет, дұшпанға кеңдік таныт».

Бұл бәйіт – Иранның мәдени дипломатиясының көрінісі әрі ұраны. Ол ирандықтардың дүниетанымымен біте қайнасқан төзімділік пен ізгілікті дәріптеп, бүкіл адамзатты өзара түсіністікке шақырады. Хафиз қазіргі заман адамына соғыстардың, соқыр фанатизм мен алауыздықтың ақиқатты жоғалтып, надандыққа бой алдырудан туындайтынын еске салады:

«Жетпіс екі қауымның тартысын да кешір,

Ақиқатты көрмеген соң, аңызға еріп кетті бәрі».

Хафиз ғазалдарының терең мағынасы бізге де, бүкіл әлем халықтарына да өшпенділікке, зорлық-зомбылық пен экстремизмге қарсы тұрудың шынайы жолы – махаббат пен адамсүйгіштіктің құдіретіне жүгіну екенін үйретеді. Ол Иранның ортасынан бүкіл әлемге достық қолын созып, былай деп жырлады:

«Кел, бейбітшілік, достық пен ынтымақтың кезегі келді,

Сенімен араздығым да, дауым да жоқ”.

Бүгінгі аласапыран әлемге Иранның осы бір ізгі де асыл жолдауы бұрынғыдан бетер қажет.

Хафиздің өлеңдері – Иран халқының әрдайым бүкіл адамзатқа достық, ізгілік пен бейбітшілік идеясын жеткізіп келгенінің айқын айғағы. Ортақ мәдени мұра мен гуманистік асқақ идеялар аймақ және әлем халықтары арасындағы байланысты нығайтуға, өзара жанашырлық пен түсіністікті арттыруға мықты негіз қалайды.

Сөз соңында осы айтулы күнді ұлықтай отырып, Хафиз бұдан жеті жүз жылдан астам уақыт бұрын жаққан махаббат, достық пен төзімділік шырағы әрдайым жүрегімізде жанып тұра берсін деп тілеймін», – деді Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Сона Ахмади.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар