BI Group компаниясы Орал қаласындағы Зачаганск ауданында жаңа Даму және шығармашылық орталығын салмақ. Онда балалар робототехника, 3D-басып шығару, авиация және кеме модельдеу, музыка, хореография сияқты бағыттар бойынша білім алып, қабілеттерін шыңдай алады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жаңа орталық күніне 600 балаға дейін қабылдауға есептелген. Мұнда техникалық, ғылыми және шығармашылық бағыттар бойынша қосымша білім беру бағдарламалары ұсынылады. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 3 100 шаршы метр, ал жер учаскесінің аумағы – 2,18 гектар. Құрылыс жұмысын 2027 жылдың екінші жартысында аяқтау жоспарланып отыр.

Орталықтың басты ерекшеліктерінің бірі – дәстүрлі шығармашылық сабақтарын заманауи технологиялармен ұштастыру. Аталған ғимаратта робототехника және STEM зертханалары, техникалық шығармашылық шеберханалары, 3D-басып шығару кабинеті, авиация және кеме модельдеу кабинеті, виртуалды шынайылық және веб-дизайн студиясы болады. Балалар теориялық білім алып қана қоймай, өз жобаларын әзірлеу арқылы оны тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік алады.
Шығармашылық қабілеттерді дамыту үшін көркемөнер және музыка студиялары, теле және фотостудия, дыбыс жазу студиясы, медиаорталық пен хореография залы қарастырылған. Сонымен қатар ғимаратта экологиялық орталық, акт залы, ерте дамыту орталығы, сенсорлық бөлме және IT-кітапханасы бар коворкинг кеңістігі болмақ.

BI Group компаниясының «Батыс» дивизионының басшысы Руслан Мергалимовтің айтуынша, әлеуметтік нысандар салу компаниядан ерекше жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді.
«Біздің жұмысымыздың нәтижесі қала тұрғындарына бүгін ғана емес, көп жыл бойы пайда әкелгені маңызды. Жаңа орталық оралдық балаларға өз қабілеттерін дамытуға, заманауи технологияларды меңгеруге және болашақ мамандығының бағытын таңдауға мүмкіндік береді. Мұндай нысандардың сапасына жауапты екенімізді түсінеміз. Сондықтан қаланың бірнеше буын тұрғынына қажет болатын қолайлы орта қалыптастыруға ұмтыламыз», – деді Руслан Мергалимов.
Ғимараттың сәулеттік жобасында кең әрі жарық бөлмелер, әйнектелген үлкен терезелер, заманауи оқу кабинеттері мен арнайы жабдықталған шеберханалар қарастырылған. Сабақ өткізуге арналған кабинеттерден бөлек, орталықта балалардың қарым-қатынас жасауына, бірлесіп жұмыс істеуіне және демалуына арналған кеңістіктер де болады.
Жаңа Даму және шығармашылық орталығы Зачаганск ауданы тұрғындарының қосымша білім алу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Балалар үйіне жақын жерде заманауи технологияларды меңгеріп, шығармашылық қабілеттерін дамытып, түрлі кәсіптік бағыттармен таныса алады.