Әлеуметтік желіде бір ешкіні iPhone телефонына айырбастағысы келген Хамза есімді баланың видеосы көпшілікті сүйсінтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жезқазғанда телефон сататын дүкен иесі Амандық баланың тілегін орындау үшін өзі ауылына барып, оған ұялы телефон мен қосымша сыйлықтар табыстады. Уәде берілгендей бала Хамза дүкен иесіне қорада тұрған ешкісін сыйлады.
Оның айтуынша, бала Кеңгір ауылында тұрады. Осылайша, Хамза көптен күткен iPhone 11 телефонына қол жеткізді. Баланың анасы да бұл жағдайға қуанып, ризашылығын білдірді.
«Неше ай бойы бәріне хабарласып, сұрап көріп еді. Міне, енді iPhone 11 телефонын бір ешкіге айырбастап алды», – деді Хамзаның анасы.
Хамзаның скутер мінгісі келетін тағы бір арманы бар екен. Амандық баламен бірге түсірілген видеосы әлеуметтік желіде 1 миллион қаралым жинаса, оның осы арманын да орындауға уәде берді.