Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамытуға және заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған жобаларды қаржыландыруды жалғастырып жатыр. Ақтөбеде қағаз және картон өндіретін жаңа зауыттың құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жобаны «CAPITAL PLAST KZ» ЖШС жүзеге асыруда. Кәсіпорын жобалық қуатына шыққаннан кейін гофрлауға арналған қағаз өндірісі жылына 18 мың тоннаға дейін, ал тегіс қабаттарға арналған картон өндірісі 24 мың тоннаға дейін жетеді.
Жобаның жалпы құны шамамен 10,3 млрд теңгені құрайды. Жобаны қаржыландыруға «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері қаражатын бағыттады.
Қазір құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Алаңда іргетас құю, қойма салу және қадаларды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Қазандық салынып бітті. Кәсіпорынды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Зауыт толық өндірістік қуатына шыққаннан кейін 300-ден астам жұмыс орнын ашу көзделген.
Жобаны іске асыру Ақтөбеде қайталама шикізатты пайдалану арқылы қағаз және картон өндіретін жаңа қуаттарды қалыптастыруға, сондай-ақ макулатураны қайта өңдеуге тарту көлемін арттыруға мүмкіндік береді.