Бішкектің Бірінші май аудандық соты билікті күшпен басып алу туралы қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Іс бойынша «Социал-демократтар» партиясының өкілдері, оның ішінде Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы Қадыр Атамбаев та айыпталушы ретінде танылған. Сот процесі жабық режимде өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, Қадыр Атамбаев мүлкін тәркілеу арқылы 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болады.
Іс бойынша айыпталушылардың қатарында «Социал-демократтар» партиясының жетекшісі Темірлан Сұлтанбеков те бар. Оның мүлкі тәркіленіп, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді.
Еске салайық, қылмыстық іс 2025 жылдың қараша айының соңында қозғалған. Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің нұсқасы бойынша, айыпталушылар Жогорку Кеңешке мерзімінен бұрын өткен сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейін жаппай тәртіпсіздіктер мен наразылық акцияларын ұйымдастыруды жоспарлаған.
2025 жылдың маусымында Бішкектің Бірінші май аудандық соты Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты 2019 жылдың тамызында Қой-Ташта болған оқиғаларға байланысты сырттай 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарғаны хабарланған еді. Сонымен қатар оның мүлкін тәркілеу және мемлекеттік наградаларынан айыру туралы шешім қабылданған.
2025 жылдың желтоқсанында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Алмазбек Атамбаевты барлық мемлекеттік наградаларынан айыру туралы Жарлыққа қол қойды.