Археологтар Шығыс Қазақстанда Түрік қағанатының қалашығын тапты

/
Археологтар Шығыс Қазақстанда Түрік қағанатының қалашығын тапты
Ғылым және жоғары білім министрлігі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қазаншұңқырында ауқымды далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғылыми экспедиция Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясындағы «Зайсан қазаншұңқырының археологиялық ландшафттары: хронологиясы, кеңістіктік талдау және шаруашылық жүйелері» жобасын жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Далалық жұмыстар барысында ғалымдар Қалжыр мен Боран ауылдарының арасында орналасқан Қалжыр қалашығын жан-жақты зерделеді. Ескерткіштің аумағы 25 гектардан асады. Археологтар қамалдың оңтүстік бөлігіндегі негізгі бекініс құрылыстарының қалдықтарын аршып, олардың едәуір бөлігі өрт салдарынан қирағанын анықтады. Зерттеу кезінде ғимараттардың ішкі құрылым элементтері, саз едендер, өрнек іздері сақталған сылақтар, сондай-ақ қамыс пен балшықтан жасалған құрылыс бөліктері табылды.

Археологиялық олжалар мен радиокөміртектік талдау нәтижелеріне сәйкес бұл нысан б.з. VI-VII ғасырларына жатады. Алдын ала болжам бойынша қалашықтың салынуы Бірінші Түрік қағанатының өмір сүрген кезеңімен байланысты. Табылған жәдігерлердің қатарында күйген бидай мен бұршақ дәндері, қыш ыдыстар, сондай-ақ ішінде сылдырмақ шаршығы бар құстың сирек кездесетін қыш мүсіншесі бар.

«Зерттеу барысында соңғы қола дәуіріне жататын керексұр жерлеу құрылысы анықталды. Бұл олжа негізгі таралу аймағы Шыңжаң мен Моңғолия болатын мұндай ескерткіштердің батыс шекарасы туралы ғылыми түсінікті кеңейте түсті. Жиналған деректер өңірдің цифрлық модельдері мен геоақпараттық жүйесін әзірлеуге пайдаланылады», – дейді экспедиция жетекшісі, ҚазҰУ-дың Археология, этнология және музеология кафедрасының доцент-зерттеушісі Никита Константинов.

Жобаға ҚазҰУ тарих факультетінің ғалымдары және студенттерімен қатар Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Археологиялық технологиялар және ғылым орталығының, сондай-ақ Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары қатысты. Жас зерттеушілер далалық жұмыстар барысында аэро- және жылу түсірілімін жасау сияқты заманауи археологиялық геодезия әдістерін іс жүзінде меңгерді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары