Түркістан облысында әлеуметтік жобалардың тиімділігі мен өзекті мәселелері талқыланды

/
Түркістан облысында әлеуметтік жобалардың тиімділігі мен өзекті мәселелері талқыланды
Қазақстан Халық Кеңесі

Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева мен Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов Түркістан облысына барды. Онда білім беру мен мәдениет нысандарын аралап, өңірде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалардың нәтижесімен танысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясының ашылуында Халық Кеңесінің маңызды міндеттерінің бірі – аймақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың мүддесін қорғау екенін атап өткен болатын.

Осыған орай сапардың негізгі мақсаты – өңірлердегі нақты тәжірибені зерделеу, тұрғындарға жасалып жатқан мүмкіндіктердің тиімділігін бағалау және әлеуметтік жобаларды іске асыру барысында туындайтын өзекті мәселелерді анықтау.

Кеңес мүшелері алдымен С.Әшіров атындағы жалпы білім беретін мектепке барды. Мұнда «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу» жобасы аясында химия, биология және физика кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Жаңа зертханалық кабинеттер оқушылардың жаратылыстану ғылымдарына қызығушылығын арттырып, теориялық білімді тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік береді. Алайда мұндай жобалардың тиімділігі тек кабинеттерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етумен шектелмеуі тиіс.

Басты мәселенің бірі – жаңа мүмкіндіктерді тұрақты әрі тиімді пайдалану. Заманауи жабдықтың толыққанды жұмыс істеуі үшін мұғалімдердің біліктілігін арттыру, әдістемелік қолдау көрсету және тәжірибелік сабақтардың санын көбейту қажет. Әсіресе ауылдық жерлерде осы бағыттағы кадрлық әлеует пен тұрақты қолдау мәселесі өзекті.

Сапар барысында Кеңес мүшелері Шәуілдір ауылындағы мәдениет үйінің жұмысымен де танысты. Нысан «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Мәдениет үйінің жаңа форматы ауыл тұрғындары үшін маңызды қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған. Мұнда мәдени іс-шаралармен қатар, шығармашылықпен айналысуға, жаңа дағдыларды меңгеруге, білім алуға және тұрғындардың өзара байланысын күшейтуге жағдай жасалған.

Дегенмен, мұндай нысандардың болашағы олардың қаншалықты белсенді пайдаланылатынына байланысты. Жабдықталған мәдениет үйінің тұрақты жұмыс істеуі үшін сапалы контент, үйірмелер, оқыту бағдарламалары және жергілікті тұрғындарды тартатын жаңа форматтар қажет. Бұл ретте жастардың, шығармашылық ұжымдардың және қоғамдық ұйымдардың бастамаларын қолдау маңызды.

Қазақстан Халық Кеңесінің өңірлерге сапарлары осы тұрғыдан нақты тәжірибе мен қоғамдық диалогты байланыстыратын маңызды алаңға айналуда. Кеңес мүшелері жергілікті тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстарын жинақтап, тиімді бастамаларды зерделейді.

Түркістан облысындағы сапар барысында да инфрақұрылымды жаңартумен қатар, оның ұзақмерзімді тиімділігі, кадрлық қамтамасыз ету және тұрғындардың белсенді қатысуы сияқты мәселелерге назар аударылды.

Бұл тәсіл «практика → диалог → жүйелі шешім» қағидатына негізделеді. Өңірлердегі нақты тәжірибе мен тұрғындардың пікірін біріктіру арқылы әлеуметтік жобалардың тиімділігін арттырып, оларды басқа елді мекендерде қолдануға мүмкіндік туады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар