Қазақстанда балалар арасындағы артық салмақ пен зат алмасу бұзылыстарының алдын алу жұмыстары күшейтіліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
2024 жылғы көп индикаторлы кластерлік зерттеудің дерегінше, 5-9 жастағы балалардың 23,2%-ында артық салмақ анықталғанБұл осы жас тобындағы шамамен әр төртінші баланың артық салмағы бар екенін білдіреді. Мәселеге баланың мектепке барған алғашқы жылдарынан бастап назар аудару маңызды. Балалық шақтағы артық салмақ есейген кезде 2-типті қант диабеті мен жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін арттырады.
2025 жылы 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында 2-типті қант диабетінің 1 104 жағдайы тіркелді. Оның 237-сі алғаш рет анықталды.
Алдын алу жұмыстары қолжетімді әрі теңгерімді тамақтануды, тұрақты дене белсенділігін және қауіп факторларын дер кезінде медициналық бағалауды қамтуы қажет. Мамандар баламен бұл тақырыпта әдеппен сөйлесудің маңызын да атап өтеді: оны мазақ етуге, айыптауға немесе салмағын көпшілік алдында талқылауға болмайды.
Салауатты әдеттер мектептегі күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып, отбасында да қолдау табуы керек.